Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Алматы облысында мал көмілген жерге мектеп салынады

25.09.2018 | 21:15
Алматы облысында мал көмілген жерге мектеп салынады

Қоқыс полигонын қоршап, атқамінерлер әлдеқашан су құбырын да өткізіп үлгеріпті. Алайда қазған сайын өлексенің иісі мен жер астынан сүйектер шығып жатады дейді тұрғындар. Ал, шенеуніктер ауыл шетін күл-қоқысқа толтырған жұрттың өзін кінәлап бағуда.

Қоқыс полигоны ауылдан екі жүз метр ғана алыста. Естеріңізде болса Казатком 2010 жылы сібір жарасын жұқтырып бір айға карантин жарияланған еді. Сонда ауылдағы иті бар, құсы бар, барлық қырылған малдарды да осында өртеп көміпті. Енді он жылдан соң шенділер Ақбұлақ бағдарласымен су тартып, дәл осы жерден құбыр өткізуде. Тіпті мектеп тұрғызбақ. Ал халық өлекселерді қазып құрылыс жүрсе сібір жарасын қайта жұқтырамыз деп қорқады.

Тегін судан қағылып тентіреген жұрт шенділер ақыры өз дегендерін жасады, дейді. Жарты ғасыр тұтынған суларын ішуге жарамсыз деп сол суды сатуға кірісіп кетіпті. Оған да көніп едік, енді басқа жер құрып қалғандай, мектепті сібір жарасынан қырылған өлекселердің орнына салуда деп шырылдауда. Тағы алпыс жылдан бері аурудың алпыс түрінен өлген төрт түліктің бәрін осында өртеп келгендерін айтады.

«Өлген малдың барлығын әкеп осы жерге көмдік. Әкімнің өзі көрді. Ауылдың әкімі шұңқыр қаздырып, сол жерге әкеп тастадық. 15 тен астам сиыр өлді. Өлген малдың бәрін осы жерде өртедік», - дейді Казатком ауылының тұрғыны Байбек Нұрғожаев.

Сегіз жыл бұрын бір айға карантинге жабылған ауылға кіріп шыға алмай, әбден үрейленген жұрт енді сол қорқынышты тағы басымыздан өткіземіз бе деп алаңдайды. Өйткені, кеселді тек мал емес, адамдар да жұқтырып, айлап ауруханада жатыпты. Оның үстіне, су құбырын тарту кезінде жұмысшылар жер қазған сайын өлексенің иісі мен сүйектері шығып шошытады, дейді.

«Ауыл тұрғыны Ларисаның баласы ауырды. Ауылдың карантинге жабылғаны да рас. Біз құбырдың қоқыс орынан жүргізіп жатқанына риза емеспіз», - дейді Казатком ауылының тұрғыны Гүлнәр Күлшашарова.

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Казатком ауылында жүз бес үйге су тарту жұмысы үш ай бұрын басталған. Ол кезде де "Ақбұлақ" бағдарламасына наразы жұрт суы бар ауылға су тартқан шенділер үкіметтің қаржысын сумен ағызуда деген болатын. 345 млн теңгені құбырға жұмсағанша, құлаудың алдында тұрған мектепті жөндеп, медициналық пунк салып берсін деп тіледі. Сол ниеттері әлі сол қалпы.

«Мемлеттің қаржысын мұқтаж жандарға берсін. Бізге су керек емес. Алпыс жыл уланбай келген суды жарамсыз депті. Мына өлекселерден бәріміз қырыламыз енді. Бізді де қорқытып, ұстаздарды қолдау сөз сөйлеуге дайындаудың керегі жоқ», - дейді Казатком ауылының тұрғыны Рахмат Баташева.

Ал, атқамінерлер тұрғындардың дүрбелеңі негізсіз, дейді. Сегіз жыл бұрын карантинге жабылған ауылдан сібір жарасы емес өзге ауру шыққанын айтады. Оның өзінде, өлген малдардың көмілген орны басқа жерде екен. Ал, ауыл шетіндегі полигонды халықтың өзі қоқысқа толтырды деп ашулы. Тіпті, малдарды өртегенін де, көмгенін де жұртқа ысырды.

«Халықтың өздері апарып тастаған қоқыстары. Ол халық билікке жала жаба бермесін. Ол жерге ештеңе көмілген жоқ. Беті ғана. Бетін тазалау жұмыстары жүреді. Ол проблема емес. Біздің бақылауды», - дейді Ақши ауылдық округінің әкімі Сабыржан Айтбаев.

Яғни тазалау жұмыстары біткен соң, мектеп емес, онда жер үйлердің құрылысы басталмақ. Кезекте тұрған 400 отбасын сонда орналастырамыз деп ауыз толтырды әкім. Білім ордасы үш жыл ішінде Казаткомның қақ ортасына салынбақ. Осылайша бес жылдан бері округті басқарып отырған шенді халық көмген өлекселер орны санитарлық нормаға сай деп ақталды.

 

 
Көрілді: 821
Жаңартылған: 26.09.2018 | 21:16
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір