Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Бурабайда жаңа мешіт пайдалануға берілді

21.09.2018 | 10:29
Бурабайда жаңа мешіт пайдалануға берілді

Ағаштан салынған мешіттің ескі ғимараты өрттен қирап қалғандықтан, Бурабай ауылының тұрғындары мен қонақтары шамамен бір жылдай мешітке бара алмады. Жаңа мешіттің ғимараты Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасының бастамасымен жылға жуық уақытта салынып бітті. Құрылысы 2018 жылғы қаңтарда басталған діни ғимарат бүгін пайдалануға берілді. Ол жаңартылған Бурабай ауылының сәулет ажарын кіргізіп тұр.

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстанның бас мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Ораз және Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының аппарат басшысы Азамат Әмірғалиев қатысты.

«Елдігіміздің, бірлігіміздің нақты айғағы ретінде біз мұсылман дінін ұстанған және сол бабалардың ізін жалғастырушы ретінде қандай әсем мешіттер салып жатырмыз. Бүгін Бурабайдың мерейтойымен бірге, еліміздегі көрікті жері архитектурасы мен ұрпақтан ұрпаққа тарихи мұра болып қалатын рухани ізгіліктің куәсі болып отырмыз. Жаңа есігін ашқан Алланың үйі біздің ұрпақтарымызға, елін, жерін, отанын сүюге және ұлы құндылықтарға тәрбиелеуге себепкер болсын», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, Серікбай қажы Ораз.

Жалпы алаңы 1659 м2, жер учаскесінің көлемі 7771 м2 құрайды. 150 орындық мешіт үш қабаттан тұрады, соның ішінде ерлер мен әйелдерге арналған екі ғибадат бөлмесі, кітапхана, имамның кабинеті, 140 орындық қатымхана (ас беретін зал) бар. Келушілерге қолайлы болу үшін ғимараттың айналасындағы аумақта автомобиль тұрағы, гүлзарлар және жаяу жүргінші жолдары жасалған. Объектінің ішінде Променад, Конгресс-холл бар болғандықтан, оны үлкен сәулет кешенінің бір бөлігі деуге болады.

«Биылғы жыл біздің облыс үшін, айтулы оқиғаларға толы болды. Астананың 20 жылдығымен қатар, Ерейментау, Сандықтау, Есіл аудандарының мерейтойлары аталып өтуде. Сонымен қатар өңірлерде әлеуметтік нысандар пайдалуға берілді атап айтсақ, Целиноград ауданы, Ақмол ауылында тұңғыш Президент саябағы мен мәдени сауықтыру орталығы ашылды. Одан бөлек, Сандықтау ауданы, Максимовка ауылында жаңа мұражай, Біржан сал ауданында жаңа мектеп ашылды. Осындай айтулы шаралардың қатарын Бурабай ауданының 90 жылдығы толықтырды. Бүгін міне ауданның мерейтойы қарсаңында жаңа мешіт пайдалануға беріліп отыр. Қазақстан көпконфессиялы мемлекет және дін мәселесіне көп көңіл бөледі. Біз үшін барлық ұлттар арасындағы түсіністік, бейбітшілік пен келісім мемлекет саясатының басты стратегиясы. Мешіттің әсем безендірілуі мен ерекше сәулеті көз қуантады. Бұл Бурабай кентінің халқына тамаша тарту. Жаңа мешіт ел игілігі үшін етіп, жас ұрпақты ізгі қасиеттерге тәрбиелейді деп сенемін», - деді Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин.

Мешіт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қадағалауымен салынды. Қаржыландыру міндетін ҚР Президенті Іс Басқармасының «Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту қоры» өзіне алды.

Құрылысы аяқталған соң мешіт ҚМДБ қарауына тапсырылды.

 

 
Көрілді: 948
Жаңартылған: 24.09.2018 | 10:31
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір