Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

ЭКСПО көрмесінің арқасында Қазақстанды 2 млрд адам таныды

12.09.2018 | 10:32
ЭКСПО көрмесінің арқасында Қазақстанды 2 млрд адам таныды

- Көрмеге әлемнен 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Тіркеу досьесі бойынша біз шамамен 2,5 млн адам келеді деп күткен едік, ал көрмеге 4 млн адам келген. Олардың 15 пайызы – 187 елден келген туристер, - дейді Ербол Шорманов.

Жалпы, көрме өткен 93 күнде әртүрлі мемлекет басшыларының және үкімет басшыларының қатысумен 220 ресми шара ұйымдастырылса, Қазақстан тарапы көрмеге қатысқан елдермен арада 39 келісімге қол қойған. Көрме аясында 3500 мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырылған.

- Көрменің ел экономикасына тигізген пайдасы туралы айтар болсақ, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы облыс және Алматы, Астана қалаларының әкімдіктерімен көрме құрылысына отандық компанияларды тарту туралы біраз келісімге қол қойды. Соның арқасында 408 отандық кәсіпорын тапсырыс алып, 414 млрд теңгенің жұмысын атқарды. Аймақтарды қосқанда, 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, - дейді ол.

Көрме нысандарының қазіргі жұмысына тоқталған ол ЭКСПО-2017 алаңы Қазақстан халқының игілігі үшін жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы бекітіп берген тұжырымдамаға сәйкес, ЭКСПО-2017 көрмесінің базасында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық «жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар» орталығы, «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен IT-университет сияқты ірі жобалар іске асырылады деп жоспарлануда. Жуырда аумағы 21 мың шаршы метр халықаралық көрме кешені іске қосылмақ.

- Астананың 20 жылдығында біз көрме аумағында жазғы сахна орнаттық. Кейбір концерттерге тіпті 8 мың көрермен жиналған. Балаларға арнап, театрландырылған қойылым және цирк шоулары өтті. Осы шараларды дәстүрге айналдыру ойымызда бар, - дейді Ербол Шорманов.

 

 
Көрілді: 1821
Жаңартылған: 12.09.2018 | 10:40
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір