Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Астанада жол ақысы қымбаттады

21.07.2018 | 11:18
Астанада жол ақысы қымбаттады

Ендігі ретте жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеу құны 90 теңге емес, 180 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, бүгіннен бастап жол ақысы елордалық жедел бағыттағы автобустарда да қымбаттады. Бұған дейін «экспресс» көлікте жүру билеті 150 теңге болса, қазір 250 теңгені құрайды. Ал жол ақысына арналған жеңілдіктері бар азаматтар үшін билет құны өзгеріссіз қалып отыр. Бірнеше күннен бері терминалдары бар аппаратта кезек көп.

Сонымен қатар, қала сыртындағы аудандарға қатынау бағасы да еселеп қымбаттай түсті. Мысалы, Қосшы, Қоянды, Қызылжар секілді ауылдарға жету үшін бұрынғыдай 90 теңге емес, 180 теңге, Ақмола мен Максимовкаға дейін 200 емес 400 теңге, Аршалыға дейін 800 теңге төлеу керек болады.

Сонымен қатар, Астана LRT мекемесінде хабарлағандай, алдағы уақытта қала тұрғындарының 70 проценті көлік карталарын сатып алғаннан кейін қоғамдық көліктерде кондукторлар болмайды. Олардың кейбірі көліктік бақылау департаментіне, кейбірі өз автопарктерінде жұмысқа орналастырылады. Ал бұған дейін үстерінен шағым түсіп, өз міндетін адал атқармаған кондукторлар жұмыстан босатылады.

Елордада қоғамдық көлікте жүруге арналған Astra Plat картасын алу және оны толтыруға арналған жеті арнайы касса және 30 терминал бар.

Сондай-ақ, бүгіннен бастап жол ақысы ғана емес, қоғамдық көлікке кіріп-шығу тәртібі де өзгеріп отыр. Ендігі ретте екі және одан да көп есігі бар автобустарға тек алдыңғы есіктен ғана кіруге болады. Ал шығу кезінде алдыңғы есіктен басқа есіктерді пайдалануға болады. Ортаңғы есік балаларға арналған арбасы бар ата-аналарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған.

 

 
Көрілді: 1858
Жаңартылған: 25.07.2018 | 11:20
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір