Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Түркістан облысында бір мезетте 3000 домбырашы күй орындады

01.07.2018 | 18:23
Түркістан облысында бір мезетте 3000 домбырашы күй орындады

Биылғы жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған «Ұлттық домбыра» күнін түркістандықтар кең көлемде атап өтті. Ұлттық дәстүр мен өнерді жаңғыртып, дәріптеуге жол салатын бұл мерекеқолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесімен бастау алды. Сонымен қатар, Қ.А.Ясауи кесенесі алдында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестірінің концертімен жалғасса, мерекелік күн «Күй құдіреті» күйшілердің облыстық байқауымен қорытындыланды.

Ұлттық домбыра күні мерекесінің ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков барша тұрғындарды осынау мерекемен құттықтады.

«Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған Музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Әр түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды, осындай аспап аттарының ұқсастығы да олардың түпкі шығу тегі бір екекін көрсетсе керек» - деді Ұласбек Сәдібекұлы.

«Ұлттық домбыра күні» мерекесі Түркістан облысының барлық аудан, қалалардың мәдениет және өнер мекемелерінде, орталық саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, ашық алаңдарда түрлі мәдени іс-шаралар өткізілуде.

 

 
Көрілді: 1621
Жаңартылған: 02.07.2018 | 18:26
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір