Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Ертіс өңіріндегі жалғыз кадет мектебі жабылмайды.

09.06.2018 | 14:44
Ертіс өңіріндегі жалғыз кадет мектебі жабылмайды.

Айта кетейік, жүргізілген аудит нәтижесінде мектептің білім беру деңгейі мамандандырылған бағытқа қарамастан, орташа көрсеткішке ие екені белгілі болды. Әскери білім беру ошағын жабу мәселесі осыдан туындаса керек. Оған қоса, шенеуніктер бірегей оқу орнын сақтап қалу бюджетке көп шығын келтіретінін алға тартты.

«Білім беру деңгейі облыстық мамандандырылған мектептің стандарттарына сай емес. Біз ата-аналар және ұстаздармен кездесіп, мәселені жан-жақты талқыладық. Олардың сөзіне құлақ түрдік. Алдағы жаңа оқу жылында талапкерлерді қабылдау шарасы жүргізіліп, кадет корпусы білім беру қызметін бұрынғыдай атқаратын болады. Мұғалімдермен білім беру деңгейін көтеру бойынша бір байламға келдік. Жауапкершілік баршамыздың мойнымызға артылады», - дейді облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.

Еске сала кетсек, биылғы көктемде бума-бума құжат жинап, медициналық тексеруден өткен талапкерлердің кадет мектебіне түсі өтініштері қабылданған жоқ. Себебі, мектеп жабылуы туралы мәселе туындады.

«Ревизиялық комиссия мектепті жапқан дұрыс деп есептейді. Себебі, экономикалық жағынан тиімділігі аз. Мен бұл пікірмен келісемін. Мәселен, балалар 2-3 жыл оқиды. Оларды қамтамасыз етуге қаржы жұмсалады», - дейді мектеп директоры Асан Ахметуллин.

Бүгінгі таңда білім беру ошағында 87 бала оқиды. Олардың тең жартысы 11-сыныпты тәмамдап, түлеп ұшқан.

 

 

 
Көрілді: 353
Жаңартылған: 11.06.2018 | 14:47
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір