Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Шегірткелер шабуылды күшейтті

Шенеуніктер шаруалардың шырылына неге құлақ аспайды?

03.05.2018 | 13:46
Шегірткелер шабуылды күшейтті

    Шырылдауық шегірткелер Оңтүстіктің кейбір аудандарын шабуылдай бастады. Иә, кәдімгі шегіртке. Заты өзіміздікі болғанымен, аты шетелше, топтанатын болса, жолына біткеннің бәрін жайпай беретін шегірткелер. Ауыл шаруашылығы министрлігі күресуді қыс ортасында-ақ  қолға алған, Шөкеевті, оның орынбасарларын біраздан бері шырылдатып жүрген сол баяғы шегірткелер.

Жалпы Оңтүстікте шегірткелердің шеру жасайтын аумағы белгілі. Зиянкестер Шардара, Сарыағаш аудандары мен  Арыс қаласының аумағына қауіп төндіреді. Алайда шаруалардың айтуынша, биыл шегірткелердің шабуылы қатты.   Биыл олар ерте оянды және тез көбейіп жатыр. Егер дәрілеу шаралары бір-екі аптаның ішінде аяқталмаса, онда шегіртке бой бермей кетуі мүмкін. Зиянкестердің биыл көп таралу себебі қыстың жылы болуымен, қардың жұқа түсуімен байланыстырылып жатыр. Жылы қыс топыраққа тасталған жұмыртқалардың тез дамуына ықпал еткен тәрізді. Ал шаруалар дәрілеу шараларының кешеуілдегенін неге жорырын білмей дал.

Оңтүстікте шегіртке қаупі алғаш рет әлеуметтік желі арқылы таратылды.  «Ютуб» желісіне Арыс қаласынан бір қолданушы жер дүниеден қаптаған майда шегірткелердің бейнетүсірілімін жүктеп, тиісті мекемелерден әзірге ешқандай көмектің болмай жатқанын айтып, дабыл қақты. Желідегі видеоның авторы Әуелхан Шонжанды тауып, онымен сөйлесу бізге оншалықты қиындық тудырған жоқ.

-Бұл видео Арыс қаласына 8 шақырым қашықтықта жатқан Қасқа мен Сейіт деген ауылдардың арасында түсірілген. Келіп түсіруімді осында мал шаруашылығымен айналысатын досым өтініш етті. Ауылда тұрғандықтан кішігірім мал шаруашылығымен айналысамын. Біздің жақта биыл шөп нашар. Оның себебін көктемде жаңбырдың аз болуымен, қыста қардың жұқа түсуімен байланыстырып жатырмыз. Енді сол аз шөптің өзін шегірткелер отап бара жатыр. Мына түрімен бірер күнде олар Арыс қаласына дейін баруы мүмкін. Егін егу науқаны енді басталды. Егер алдын алмаса, ертең шегіртке бәрін түк қоймай жалаңаштап тастайды.  Осыдан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековпен хабарласып, жағдайды түсіндірдім, көмек сұрадым. Тұрбековтың қимылдайтын түрі жоқ, «Шегіртке қазір ұшпайды, ұшатын болса бізде бәрі дайын» дейді. Облыста отырғандар қағазда жазылған мәліметке сенеді. Ал біз сияқты қарапайым шаруалар көзімізбен көргенімізге сенеміз. Шегірткеге қарсы дәрілеу шараларын жүргізіп жүргендерді биылдыққа көргеніміз жоқ.  Шаруалар өкіметтен қайран болмаған соң дәріні өздері сатып алып, сеуіп жатыр. Сонда қазынаның дәрілеуге бөлінген миллиардттаған қаржысы қайда кетіп жатыр?-деді Әуелхан Шонжан.

Сейіт ауылының тұрғыны, мал шаруашылығымен айналысатын Аман Құлжабаевпен де сөйлескенбіз.

-Шегірткенің биылғы түрі жаман. Кәдімгі майда қара шегіртке, күйе сияқты. Жолындағының бәрін жайпап барады. Биыл онсыз да шөптің шығымы нашар болып тұрғанда шегіртке дегеніңіз нағыз тажалға айналып тұр. Ертең бәрін отап, жолындағының бәрін түк қоймай жеп қойса, малды қайда жаямыз.  Ауылдағы халықтың негізгі күнкөрісі осы мал емес пе?-деді Аман Құлжабаев.

Арыс қаласында шегірткелердің пайда болғанын Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сапар Дәрібай жоққа шығарған жоқ. 

-Шегірткенің шығып жатқаны рас. Бірақ дәрілеу шаралары жүріп жатыр. Биыл 73 мың гектар жерді дәрілеу жоспарланып отыр. Екі ұшақ, 18 техника жұмыс істеуде,-деген әкім орынбасары дәрілеу шараларының 3 күнде бітетінін мәлім етті. Дәрілеуге қажетті техника бар.  Ақша бөлінген. Дәрі де, бәрі де жеткілікті.

Облыста шегірткеге қарсы дәрілеу шараларымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне тікелей қарайтын Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы айналысады. Аталған мекеменің басшысы Нұржан Кашкеновпен сөйлесу мүмкін болмады. Хатшысының айтуынша, бастық та, орынбасарлары да іссапарда жүр. Шегірткеге қарсы күресетін бөлімнің басшысы Темірхан Елғонов біз әңгіме етіп отырған Арыс қаласы жақта дәрілеу шараларының басы-қасында жүрген болып шықты. Онымен телефон арқылы байланысқанымызда Т.Елғонов ә дегеннен шағым айтып жатқан шаруалардың аты-жөндерін сұрап, жазып алды. Дәл сол жақта  екі техниканың дәрілеп жүргенін айтты.

-Облысымызда шегірткеге қарсы дәрілеу шаралары 11 ауданда жүріп жатыр. Сарыағаш пен Арысқа көбірек көңіл бөлініп жатыр. Арыста 19 техника, 2 ұшақ жұмыс істеуде. Мен қазір ол шаруаларды таптырып, дәрілеу шараларын жүргіздіремін,-деді Т.Елғонов. Тіпті тұтқаның арғы жағында біреулермен сөйлесіп, тапсырма беріп жатты. Әжептәуір қуанып қалдық.

Бұл сенбі күні болған жағдай. Дүйсенбіде Сейіт елдімекенінің тұрғыны Аман Құлжабаевпен хабарласқанымызда бұл қуанышымыз су сепкендей басылды.

- Дәрілеп жатқан ешкім жоқ. Ешкім келмеді. Ал шегіртке бара-бара бой бермеуге айналуда. 1 литр дәріні 10 мың теңгеге сатып алып, оны 800 литр суға араластырамыз. Бәрібір тез таусылып қалады екен. Кешке дейін шегірткені бетін дәрімен қайтарамыз, таңертең бәрібір қайтып келіп қалады, -деді шаруа.

      Кімге сенерімізді білмей дал болдық. Әрине, шенеуніктің сөзімен салыстырғанда шаруаның жанайқайына көбірек көңіл аудардық.

 Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл шегірткелердің шабуылын ерте бастан ескертіп, ақпан айынан бастап қамданғаны белгілі. Сол кездері министр Өмірзақ Шөкеевтің жылда шегірткеге қарсы жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілмейтінін сынға алғаны да ұмытыла қойған жоқ. Сәуірдің басында шегірткеге қарсы күрес шаралары үкімет отырысында арнайы қаралған. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евнеев:

- Пестицидтерді сатып алу конкурстары аяқталды. Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы 540 дана бүріккіш техника жұмылдырылады. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу бойынша жеткізушілер айқындалды»,-деген еді. Әлде бергі жақтағы мердігерлер мойындарына алған міндеттерін дұрыс атқара алмай жатыр ма?  

Жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданына жасаған сапары барысында шегірткеге қарсы күрес жұмыстарымен арнайы танысқан болатын. Осы жерде арнайы семинар да ұйымдастырылған. Семинарда облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұржан Кашкенов химиялық күрес шаралары былтырғыдан 1,3 есеге азайғанын, оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары 341 мың гектарда, азиялық шегірткеге қарсы 4,3 мың гектарда, итальяндық прус шегірткесіне қарсы 4,7 мың гектарда жүргізілетінін мәлім еткен еді. Химиялық өңдеудің 40 пайызының авиация арқылы жүргізілетіні де осы жерде белгілі болған.

-Биыл шегірткеге қарсы күрес жұмыстары барынша тыңғылықты атқарылуы  керек. Ол үшін зиянкестердің қанаты қатпай жатып, көзін жоймаса, бой бермей кетуі әбден мүмкін. Сондықтан арнайы құрылған штаб жұмысын жандандырып, аудан, қала әкімдері тиісті мамандарды бөліп, аумақтық инспекциямен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана егістік алқаптарымызды зиянкестерден сақтап қала алатын боламыз, - деген болатын Жансейіт Қансейітұлы сол жиында. Түймебаевтың осы тапсырмасын орындау үшін аумақтық басқармамен тығыз байланыста жұмыс істеп, шегірткеге қарсы күрес шараларын бақылауына ала алмаған  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековті де сүттен ақ, судан таза деуге болмайтын сияқты.  

Шаруалар бұл мәселені облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың өзі бақылауына алып, тиісті шара қолдануды сұранып отыр. Айналып келгенде түбінде зиян шегетін шаруа. Бүгін шырылдаған шегіртке ертең шаруаны да шырылдатпаса екен деп тілейміз. 

 

"Рейтинг" газеті 

10

 
Көрілді: 867
Жаңартылған: 03.05.2018 | 13:54
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір