Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Мырзахметов Тараздың әкімін не үшін ауыстырды?

26.04.2018 | 12:44
Мырзахметов Тараздың әкімін не үшін ауыстырды?

Оңтүстік Қазақстан облысын аттай алты жыл басқарып, «жақсы жұмыс істегені үшін вице-премьерлікке өсіп кеткен» (Президенттің былтыр Шымкентте өткізген жиында айтқан сөзі) Асқар Мырзахметов Жамбылда  жұрт күткендегідей жұмыс істеп жатыр. Иә, бәрі әзірге болжамдағыдай. Жаңа бастығы келгеннен бері ащы сыннан көз ашпаған Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет ақыры қызметінен кетті. «Коммуналдық саласы сын көтермейтін», «қоғамдық көліктері бетімен кеткен» Әулиеатаға Ғалымжан Әбдірайымов әкім болды. Ол бұған дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Ғалымжан Әбдірайымов Жамбыл облысы әкімінің орынбасарлығына былтыр Кәрім Көкірекбаевтың тұсында келген болатын. Еңбек жолында Алматы, Астанада лауазымды қызметтерді атқарған. Соңғы жылдары Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы, одан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен Ғ.Әбдірайымов өзі туып-өскен өңірге ауысқан кезде көпшілік  оның енді көп ұзамай Көкірекбаевтың орнын басатынына сенімді еді. Алайда Әбдірайымовқа әзірге бұйырғаны осы болып тұр. Ендігі мәселе, босап қалған оның бұрынғы орнына кім барады? Бұл креслоға Асқар Мырзахметовпен Оңтүстік Қазақстан облысында бірге қызмет еткен, одан кейін «Нұр Отанға», Ауыл шаруашылығы министрлігіне еріп барып, қазіргі уақытта кеңесшісі қызметін атқарып жүрген азамат отырады деген әңгіменің қаншалықты растығы алдағы күндері белгілі болмақ.

    Айтпақшы, облыс орталығындағы ауыс-түйісті Асқар Мырзахметов өзінің әкімдік қызметке келгеніне жүз күн толған кезде жүргізді. Осы жүз күнде А.Мырзахметов жамбылдық атқамінерлері арасында  анау айтқандай кадрлық тағайындаулар жасай қоймапты. Бұл жағына келгенде жұрттың жорамалы теріске шықты. Соңғы 10-15 жылдың көлемінде Мырзахметовтың соңынан еріп, оның ең сенімді кадрі атанған Ләззат Смағұлова өзінің үйреншікті қызметі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалғанын біз өткен нөмірлеріміздің бірінде жазған едік. Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы қызметіне Ауыл шаруашылығы министрлігінен ауысып келген кадр Берік Нығмашов тағайындалды. Аталған басқарманың оған дейінгі басшысы  Нұржан Нұржігітов табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып ауысты. Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылығына Мырзахметовпен Шымкентте  жолы түйіскен сенімді кадрі  Нұрлан Алдамжаров тағайындалды. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасын басқарған Қарлығаш Аралбекова жаңадан отау тіккен туризм басқармасының басшысы болды.  Оның орнына Елордадан Арнұр Мұхамеджанов келді. Таңқаларлығы,  Мырзахметов 100 күнде бірде-бір аудан әкімін орнынан қозғамапты.

Есесіне, «Мырзахметов келген соң Тараз тотыдай түрленеді» деген  болжам орындала бастаған сыңайлы. Қазақ хандығының 550 жылдығында бүкіл республикадағы облыстардың атсалысуымен Таразда көзге көрінерлік көп тірліктердің атқарылғаны белгілі. Қаланың жолдары кеңейіп,  саябақтар салынды, мөлтекаудандар абаттандырылды.  Осы игі істі Мырзахметовтың жаңа қарқынмен жалғап кеткені қуантады. Қазіргі уақытта Таразда «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыруда. Саябақтың кіре берісіне ені 13, биіктігі 8 метрді құрайтын екі қақпа тұрғызылуда. Саябақтың аумағында «Мәңгілік алау» мен «Б.Момышұлы» ескерткіштері орналастырылады.

     Ескерткіштің жанынан «Батырлар және Даңқ» аллеясы бой көтереді. Осы жерге Әулиеата өңірінен шыққан 100-ге жуық еңбек ерлері мен 95000 Ұлы Отан соғысы ардагерінің есімі қашалмақ. Майдангерлердің мұражайы да осы саябақтың аумағынан орын алады. Бір кездері Елбасының өзі жоғары баға берген Шымкенттегі «Даңқ» мемориалы кешенін Мырзахметов Таразда да жүзеге асыруда. Шымкент демекші, Тараздың келбетін жоспарлауға Алматы, Астана, Шымкенттен сәулетшілер шақырылған. Әулиеатада алдағы уақытта "Салтанат" сарайы, "Неке сарайы", "Өлке тану" мұражайы, көркем сурет галереясы, қолөнер шеберханасы, "Шахристан" этно-тарихи кешенінің құрылысы бой көтереді.

 Мырзахметовтың өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуына да тың серпін беріп жатқаны байқалады. Өндірісте жаңа жобалар жасалуда.   Облыс әкімі ауыл шаруашылығында қант қызылшасын өсіруге ерекше екпін беруде. Асқар Мырзахметовтың ұсынысымен Орта Азиялық Қант Корпорациясы шалғайда орналасқан аудандардан алатын қызылша үшін төленетін бағаны өсірген.

Оңтүстікте «Ырыс алды ынтымақ» сияқты елді бірлікке шақыратын шаралардың негізін қалап кеткен Мырзахметов Жамбылда да  зиялы қауым өкілдерімен, журналистермен еркін форматта кездесулер өткізген. Жүз күнде алдағы атқарылатын шаруалардың бағыт-бағдарын айқындап алған Мырзахметовтың жұмысына әзірге жамбылдықтар жақсы баға беріп жатыр. Енді сол жобалар қағаз жүзінде қалмай нақты іске ассын деңіз.

"Рейтинг" газеті

043

 
Көрілді: 1198
Жаңартылған: 26.04.2018 | 12:55
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір