Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Шымкент зообағына кіру ақысы күрт қымбаттады

23 емес енді 500 теңге төлейсіз

16.04.2018 | 18:57
Шымкент зообағына кіру ақысы күрт қымбаттады

Еліміздегі кіру ақысы ең арзан Шымкент зообағы билет құнын күрт көтеріп жіберді. Зообақтың Фейсбук парақшасында мәлім етілгендей, 19 сәуірден бастап баққа кіру құны 23 теңге 69 тиыннан 500 теңгеге бір-ақ көтерілген,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті қала тұрғындары, 19 сәуірден бастап (2018 жыл) Шымкент зообағына кіру құны 500 жүз теңгеге өзгеретінін хабарлаймыз! Мектеп жасына дейінгі балаларға (6 жасқа дейін), ардагерлерге және I, II топтағы мүгедектерге - тегін. Мектеп жасындағы балаларға (6 жастан 17 жасқа дейін) - 50%», -  делінген хабарламада. Зообақтың әкімшілігі, сондай-ақ бұл бағаның еліміз бойынша ең арзан екенін де ескертуді ұмытпапты. Ал, бұл бағаны қымбат дегендерге жан-жануарларды Youtube-тан көруге кеңес берілген.

«Мысалы, сіз бір сағаттық кино тамашалау үшін мың теңгеден көп ақша төлейсіз. Ал, зообақта жануарлар жайлы біліп, тірідей көресіз. Одан бөлек, күйбең тіршіліктен бір сәт саябақта демаласыз. Мәселен, қаламыздағы саябақтарда кішкентай балалар ойнау үшін ойыншық автокөліктер жүреді. Оның құны аз ғана уақытқа 500 жүз теңге. Одан бөлек шаһарымызда маусымдық динозаврлар әлемі қойылады, оның кіру ақысы - 1 мың теңге. Оның өзі ойыншық динозаврлар. Ендеше зообақтағы жануарлардың азығы, олардың дәрі-дәрмегі, мұның бәрі көп қаржыны және күшті қажет етеді. Зообақты күтіп ұстау, өзін-өзі ақтауы тиіс. Егер қымбат деп ойласаңыз, интернет дамыған заманда «youtube» секілді желілерден де барлық жануарды қарауға болады», - делінген парақшада. 

50533



 
Көрілді: 873
Жаңартылған: 16.04.2018 | 19:13
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір