Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Шымкентке Оңтүстік Кореядан келген дәрігерлер науқастарды тегін қабылдады

16.04.2018 | 15:02
Шымкентке Оңтүстік Кореядан келген дәрігерлер науқастарды тегін қабылдады

      Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасына Оңтүстік Кореядан келген дәрігерлер жергілікті мамандарға шеберлік сыныбын өткізді.  Үшінші мегаполиске шетелден 3 маман ат басын бұрған. Олардың қатарында профессор, хирург Ким Ён Джин, уролог Ким Дже Хон, «Сунчонхян» клиникасының  халықаралық бөлімінің директоры Пак Мин Кук бар. Шетелдік мамандар бариатрия, асқазан рагі, жоғары ішек-қарын жолдарының аурулары, простатит, несеп-жыныстық ауруларының заманауи емдеу тәсілдерін айтты. Тәжірибелерімен бөліскен дәрігерлер сондай-ақ науқастарға тегін кеңес берді. Білікті мамандардың кеңесін алуға келген халықтың қарасы көп болды. Әр саланың жетекші маманына арнайы бөлме берілген.  Профессор Ким Ён Джиннің сөзінше Оңтүстік Кореяда көптеген мемлекеттердегідей онкологиялық аурулар бірінші орынға шыққан. Дегенмен ол жақта қатерлі ісікті емдеу ісі әлдеқайда жоғары дамыған. Онколог Шымқалаға өткен жылы да келіп ауыр науқастарға ота жасаған болатын.

    Шетелдік дәрігерлер шеберлік сыныбын ОҚО әкімі мен Кореядағы клиника басшыларымен өзара жасалған мемарандум аясында өткізуде. Облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Пашимовтың айтуынша алдағы уақытта мұндай шара жиі ұйымдастырылып тұрмақ. Ал жыл басынан бері облыстық клиникалық аурухананың 6 маманы Оңтүстік Кореяға барып, тәжірибеме алмасып қайтқан. Келесі жылдан бастап біліктілігін арттыруға тағы 8 маман жіберілетін болады.

 
Көрілді: 856
Жаңартылған: 04.05.2018 | 14:33
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір