Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Жалпыұлттық телекөпірде ашылған нысанға әлі күнге инфрақұрылым толық тартылмаған

13.04.2018 | 11:09
Жалпыұлттық телекөпірде ашылған нысанға әлі күнге инфрақұрылым толық тартылмаған

«Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болдының» кері келіп тұр. Оңтүстікте Президенттің өзі лентасын қиған немесе телекөпір барысында ашылған кәсіпорындардың артынша тұралап, біресе анаусынан, біресе мынаусынан шиі шығып, елді шулатуы әдетке айнала бастағаны өкінішті-ақ. Ақпарат құралдары да айта-айта, жаза-жаза ұят болды. Бірақ одан сабақ алып, тиісті қорытынды шығарып жатқан атқамінерлер көрінбейді.  

Алысқа бармай-ақ қоялық,  республикалық ақпарат құралдарында Президенттің қатысуымен өткен тікелей телекөпір барысында ашылған Шымкент жақтағы   болат құю зауытының жұмыс істемей тұрғаны, себебі кәсіпорын осы уақытқа дейін инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілмегені жарияланып, бұл қоғам арасында әжептәуір шу  туғызғаны былтыр ғана. Осы тақырып облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың  Астанада өткізген баспасөз мәслихатында да алдынан шыққанын білеміз. Кейіннен кәсіпорынға инфрақұрылым тартуға жауапты облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайымның тәртіптік жазаға тартылғаны айтылды. Мұндай төтенше жағдайдан кейін Марайымның ұзамай қызметінен де босатылуы мүмкін еді. Алайда қызметтен кетеді деген Марайым әлі де орнында мығым отыр. Әлі де сол баяғы қателігін  қайталап жатқаны таңқалдырады. Тағы да облыс басшысын ұятқа қалдыруын жалғастырып жатқандай.  

  Жуырда облыс  әкімі Жансейіт Түймебаев  Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» көліктік - логистикалық орталығында болып, осында жаңадан салынған «Continental Logistics Shymkent» ЖШС-нің қоймалық кешенінің жұмысымен танысты. Заманауи құралдармен жабдықталған қойма әкімшілік ғимаратпен, контейнер терминалымен, кедендік бақылау аймағы және тиісті инфрақұрылыммен қамтылған. Жоба жылына 1 миллион тонна тауар сақтауға қауқарлы. Бүгінде «Оңтүстік» көліктік - логистикалық орталық аумағынан Кедендік рәсімдеу орталығын құру жоспарланған. Темір жол тартылып, жүк көліктерінің кіріп-шығуына барлық жағдай жасалған... Иә, барлық жағдай жасалған. Облыс әкімдігінің ресми ақпараты осылай дейді. Бір өкініштісі, осы  іс-сапарға ақпарат құралдарының өкілдері қатыстырылмады. Сондықтан облыс басшысы логистика орталығында нендей әңгіме жасағаны, қандай мәселелерді талқылағаны бізге белгісіздеу. Ал облыс әкімдігінің ресми сайты таратқан ақпарат жоғарыдағыдай. Барлық жағдай жасалған. Сырт көзге мемлекет логистика саласын өркендетеміз деген кәсіпкерлерге бар мәселесін шешіп, екі қолын жылы суға малып отырғандай көрінеді. Алайда біздің қолымыздағы құжаттар, біз сөйлескен азаматтардың әңгімесі басқа.

Алдымен еске түсіріп көрелік. 2017 жылдың 6 желтоқсаны. Президенттің қатысуымен, «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұранымен өткен жалпыұлттық телекөпір.  Тікелей эфирде Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» көліктік-логистикалық орталықтан «Continental Logistics Shymkent» компаниясының халықаралық санаттағы кешені. Мұнда құрғақ және климаттық қоймалардан бөлек контейнер терминалы, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдар орналасқан. Телекөпірге Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ вице-президенті Санжар Елубаев және орталық қызметкерлері қатысты.

- Біз Шымкент қаласында мультимодельді көлік-логистикалық орталықтың құрылысын аяқтадық. Мұнда жыл сайын шамамен 1 миллион тонна жүк өткізіледі. Біздің орталық — Шығыс-Батыс, Оңтүстік-Солтүстік ағынына қызмет ететін кеден аймағы мен толық сервистік желісі қамтылған заманауи кешен. Нұрсұлтан Әбішұлы, осы инфрақұрылымдық жобаны іске қосуға рұқсат етіңіз!, -деді Президенттің алдында есеп берген Санжар Елубаев. Президент рұқсат етті.

Осы күні ақпарат құралдарында Шымкентте ашылған «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығының аумағы 92 гектарды құрайтыны, мұнда құны 35,6 млрд теңге болатын 8 жобаның жүзеге асып жатқаны айтылды. Орталықта кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтері бір терезе қағидасымен жүргізіліп және жүктерді уақытша сақтау қызметі де қарастырылған.  Орталықтың өзі өте ыңғайлы жерде орналасқан. Қалаға тиіп тұр. Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолына да, темір жолға да жақын. Таяқ тастам жерде әуежай бар.  Біздің қолымыздағы бейресми мәліметтерге қарағанда,  «Continental Logistics» компаниясы бұған дейін Астана қаласынан алғашқы логистикалық орталығын салған. Шымкенттегі екінші ауқымды жоба. Жалпы компания республиканың әр қиырынан осындай сегіз логистикалық орталық салуды  жоспарлапты. Шымкенттегі орталықтың  облыста тағы екі бөлімшесін құру көзделген. Оның біреуі Сарыағаш ауданында екіншісі Түркістан немесе Түлкібас өңірінде орналасады. Қысқасы, елдің экономикасын дамытуға септігі тиетін, миллиардттаған қаржы құйылған өте ірі жобалар. Оның сәтті жүзеге асуына мемлекет те жәрдемдесуді міндетіне алған. Соның ең бастысы, орталыққа қажетті инфрақұрылымды тегін тартып беру. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін «Continental Logistics Shymkent» логистикалық кешеніне мемлекет тарапынан жол, темір жол салынған. Электр желісі тартылған. Бірақ былтыр тұсауы кесілген нысанда осы уақытқа дейін газ жоқ дейтін ақпаратқа сенер-сенбесімізді білмедік. Кәріз жүйесі де жоқ есебі. Жол мәселесі де толық шешімін таппаған. Бұл орталықтың жұмысын толық қуатында әрі кедергісіз жүзеге асыруына кері әсерін тигізіп отыр. Қоймалардағы температураны бірқалыпты сақтап тұратын  жылытқыш құралдарының барлығы газбен жұмыс істейді. Газ болмағандықтан компания қоймаларды қыс бойы жанармай жағып жылытқаны рас па?  Айналып келгенде мұның бәрі артық шығын емес пе?

Біз осы жөнінде жоғарыда аталған компанияның басшыларымен де хабарластық. Алайда олар бізге ешқандай ресми мәлімет бере алмайтындарын алға тартумен болды.

-Мемлекет түк істемеді деп айта алмаймыз. Бізге көп жәрдем берілді. Сондықтан бізге жәрдем берушілерге де, өзіміздің бизнесімізге де зиянымыз тиіп кетпесін дейміз,-деді басшылар.  Көгілдір отын мәселесінің биыл толық шешімін тауып кетуіне де ешкім кепілдік  бере алмайды-ау. Қолдағы құжаттар осындай ойға жетелейді.

«Оңтүстік» көліктік-логистикалық орталығына инфрақұрылымның толық тартылмағанын «Көліктің-логистикалық аймағы» ЖШС-інің бас директорының орынбасары Е.Бектаев  былтыр мамырда «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясының басшысы А.Алдажаровқа хат арқылы хабарлаған. Ал Алдажаров бұл мәліметті  маусым айында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайымға мәлім еткен. Арада он ай өтсе де газ мәселесі әлі күнге шешілмеген. Келер қысқа дейін шешіле ме?

Жоғарыда аттары аталған мекемелердің логистика орталығына не қатысы бар? Біздің түсінгеніміз олар көліктік-логистикалық орталықтардың жұмысын және осында жүзеге асып жатқан жобаларды үйлестірумен айналысады.  Біз «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен байланысқан болатынбыз. Ондағылар қажетті мәліметтерді  аталған кәсіпорынның еншілес құрылымы болып табылатын «Көліктік-логистикалық аймақ» ЖШС-інен алу қажеттігін түсіндірді. Серіктестік «Оңтүстік» көліктік-логистикалық орталығында орналасқан екен. Арнайы іздеп барғанымызбен басшылардың ешқайсысымен жолыға алмадық. Тіпті күзетшілер жоғарыда аталған серіктестік барын білмейтін де болып шықты. Бір байқағанымыз, орталықтың айналасы айра-жайра, ішкі жолдар әлі толық салынып бітпеген екен.

Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайыммен тілдесу мүмкін болмады. Ал оның орынбасары Әбілхан Әбдіқадыров ағынан жарылды. Дәлірегі орынбасардың қызметке келгеніне енді бес ай болыпты, сондықтан ол біз қозғаған мәселелерді  толық білмейтін болып шықты, ал өзі негізінен индустриялды аймақтардың мәселесімен шұғылданады екен. Басқармадағы екінші орынбасар денсаулығына байланысты жұмыста жоқ. Есесіне Ә.Әбдіқадыров бізге басқармада осы мәселелерге жауапты бөлім басшысының телефонын берді. Бірақ бөлім басшысы тұтқаны көтермеді. Егер басқарманың басшылары алдағы уақытта осы мәселеге қатысты жауап қатамыз десе, біз газет бетінен орын беруге әзір екендігімізді білдіреміз.

Айтпақшы, осы жерде тоқтала кетейік,  көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруды Елбасы биылғы Жолдауында да тапсырған. Мемлекет басшысытранзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды. Жолдауда осы салаға бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажеттігі тапсырылды. Президент «бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек» дегенді де айтқан. Алайда жергілікті әкімдіктегі жауапты сала басшыларының бұған бел шеше, білек сыбана кірісіп жатқаны байқалмайды.  Сол баяғы шенеуніктік созбалаң. Мемлекет ел экономикасын дамытатын жобалардан қаржыны аяп жатқан жоқ. Ал үлкен-үлкен жобаларды жүзеге асыруда шалағайлық танытқан шенеуніктерді  аяудың қажеті бар ма? Марғұлан Марайымның мәселесін май шаммен қарайтын, тіпті қызметте қалу, қалмау мәселесін қабырғасынан қоятын кез әлі келген жоқ па? Марайымның кезекті кемшілігі ертең Елбасының, елдің алдында ұятқа қалуға ұласса таяқтың бір ұшы қайтсек өңірді өркендете аламыз деп жанталасып  келе жатқан облыс әкімі Түймебаевқа да тиіп кетіп жүрмей ме?

 

«Рейтинг» газеті

 

IMG 1198

 

       

 

 
Көрілді: 1191
Жаңартылған: 13.04.2018 | 11:23
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір