Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Түйе сұраған Түймебаевқа Үкімет бие беріп құтылмақ па?

06.04.2018 | 10:58
Түйе сұраған Түймебаевқа Үкімет бие беріп құтылмақ па?

Осы аптада президенттің Жарлығымен Алматы облысындағы Райымбек ауданы екіге бөлінді. 1997 жылы қосылып кеткен Райымбек пен Кеген аудандары қайта құрылды. Ел аузында біраздан бері айтылып жүрген болжам расқа айналды. Өкінішке қарай, Сарыағашты екіге, Мақтааралды үшке бөлу жөнінде көптен бері айтылып жүрген талап-тілек іске аспай, елдің тағатын тауысып бітті. Жұрт Ақордаға қарап, екі көз төрт болып жаутаңдап жүргенде ешкімнің ойына келмеген жәйт болды. Осы аптада «Жас алаштың» облыстағы қосынына елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін Елемес Сабыров ақсақал келді. Оның сөзіне сенсек, Мақтаарал ауданын үшке бөлу күрт басқа арнаға бұрылған. Астанаға барлық құжатты жолдап жылы жаңалық күтіп жүрген елдің көңілі күпті болуға айналған. -Дүйсенбі күні ауданға облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев бастаған облыстық мәслихаттың бір топ депутаты келіп, жиын өткізді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратына негізінен ауыл ақсақалдарын жинады. Мәсхатшы Қайрат Балабиевтің айтқанынан түсінгеніміз, аудан үшке емес, екіге бөлу қарастырылып отыр. Халық қалаулылары осы мәселеге орай жергілікті тұрғындардың пікірін білуге келген екен. Алайда сөзге шыққан ақсақалдардың барлығы мұны қолдаған жоқ. «Аудан үшке бөлінсін, болмаса мүлдем бөлудің қажет жоқ» дегенді мен де айттым жиында,-деді Елемес ақсақал. -Ауданды үшке емес, екіге бөлуден кім ұтылады, кім ұтады?- деген сауалға ақсақал: -Әкімшілік штат санынан үнемдейтін Үкімет ұтатын шығар. Ал қара халық керісінше ұтылады. Неге десеңіз, бар мәселені тек халықтың санымен өлшеуге болмайды. Мақтааралды екіге бөлінгелі жатқан Сарыағашпен салыстыруға болмайды. Мұнда суармалы жер көп. Мақта шаруашылығы дамыған. Халық өте тығыз қоныстанған. Ауданды үшке бөлу бірінші кезкте шаруашылықты тиімді басқару үшін қажет. Ауданды 1997 жылға дейінгі тарихи шекарасымен үшке бөлу қажет. Осы уақытқа дейін ауданды бөлу үшін қаншама жұмыстар жүргізілді. Бәрі бітті дегенде жоғарыдағылардың жалт бұрылғаны мақтаралдықтардың көңіліне кірбің түсірді. Онсыз да Мақтаарал өңірінен Астанаға кетіп жатқан арыз аз емес еді. Арыз жазудың көкесі енді болады,-деді Елемес ақсақал.

Рас, қос ауданды бөлу үшін бұған дейін талай жұмыстар жүргізілді. Барлық ауылдық округтерде жиналыстар өтіп, хаттамалар түзілді. Аудандық әкімдік пен мәслихат шешім қабылдап, облысқа ұсыныс берген. Ақпан айында облыстық мәслихаттың сессиясында халық қалаулылары 304 мыңнан астам халқы бар Мақтаарал ауданын: Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарына, 326 мыңнан астам халқы бар Сарыағаш ауданын: Сарыағаш және Келес аудандарына бөлу жөнінде шешім қабылдап, Үкіметке жолдаған. Сессияда халық қалаулылары осындай тарихи шешімнің қабылдануына көп еңбек сіңірген Жансейіт Түймебаевқа «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы бастама көтергені де есте. Облыс басшысы енді тек құжат рәсімдеудің қалғанын, бұдан кейін қос аудан президенттің жарлығымен бөлінетінін айтқан еді. Алайда түйе сұраған Түймебаевқа Үкімет бие беріп құтылғысы келген сияқты. Біз осы жөнінде Мақтаарал ауданы мен облыстағы біраз шенеуніктермен хабарласқан едік. Алайда біз тілдескен азаматтардың бәрі ресми мәлімет беруден бастарын алып қашты. Шамасы бұл ақпаратты сыртқа шығармау жөнінде тапсырма болған көрінеді.

Жетісайдағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратындағы жиын да жабық есік жағдайында өткен. Ақпарат құралдарының өкілдері қатыстырылмаған. Ресми емес мәліметтерге қарағанда Ақордағылар «330 мың халқы бар Сарыағашты екі бөліп, 306 мың халқы бар Мақтаралды неге үшке бөлмекшісіңдер?» дегенге ұқсайды. Егер Мақтааралды үшке бөлу жоспары іске аспай, екіге бөлу қарастырылса, онда құжаттарды рәсімдеу шарасы қайтадан басынан басталатын көрінеді.

 

"Жас Алаш" газеті

02-1200x630

 
Көрілді: 872
Жаңартылған: 06.04.2018 | 11:06
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір