Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Түркістан облыс орталығы болады» Елдің аузында жүрген әңгіменің рас-өтірігі қайсы?

04.04.2018 | 13:15
«Түркістан облыс орталығы болады» Елдің аузында жүрген әңгіменің рас-өтірігі қайсы?

Жақын арада Түркістан қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болады. Тұрғындарының саны миллионға жеткен Шымкент республикалық маңызы бар қалалардың тізіміне еніп, өз алдына енші алып кетеді. Наурыздың соңында Оңтүстікке ресми іс-сапармен келген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жергілікті атқарушы билікпен дәл осы тақырыпты «жабық есік» жағдайында талқылаған. Қазірдің өзінде облыстағы кейбір мекемеме қызметкерлеріне «жақын арада Түркістан қаласына көшетіндігі» жөнінде ескерту беріліп жатқанға ұқсайды. Үкіметтен келген арнайы комиссия Түркістан мен Шымкенттің арасында шапқылап, осы мәселені пісіріп жүргенге ұқсайды-МЫС...Жоқ, бұл 1 сәуір-Күлкі күніне арналған әңгіме емес. Оңтүстікте «Түркістан облыс орталығы болады» деген күбір-сыбыр былтырдан бері айтылып келеді. Жұрт тіпті әлеуметтік желіде бір-бірінен сүйінші сұрап, «құтты болсын» айтуға көшіп жатыр. Осындай ақпаратты таратушылардың келтірген айғақтары да осал емес. Жуырда ғана «Whatsapp» желісінде Бас прокуратурадан өткен жиналыс хаттамасының көшірмесі таратылды. Егер осы құжаттың түбірі рас болса, Бас прокурордың орынбасары Лукиннің төрағалығымен өткен жиында облыс орталығын Түркістанға көшіру кезіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі талқыланған көрінеді...Жалпы осындай қисынды-қисынсыз әңгіменің рас-өтірігі қайсы? Мұның қисынсыз болатын тұсы көптеу сияқты. Түркістан Оңтүстік Қазақстан облысының шекаралас аймағында жатқан қала. Қызылорда облысымен шектеседі. Ал енді облыстың екінші қиырындағы Мақтарал, Шардара, Сарыағаш қалаларымен арадағы қашықтық 300-400 шақырымға жетеді екен. Қызметтік көлігімен жүйткіп жүретін шенеуніктерді қоя беріңізші, 400 шақырым дегеніңіз облыс орталығында шаруасы бар қарапайым тұрғынға оңай емес, әрине. Облыс орталығы болуға Түркістан қаласы қаншалықты дайын? Рас Астана да бір күнде астана болған жоқ. Бірақ бәрібір бұған алдын ала дайындық қажет емес пе? Біз осы сауалды Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани Рысбековке қойған болатынбыз. -Былтырдан бері Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы әңгіме айтылып жатыр. Шымкент өз алдына енші алса, онда облыс орталығын басқа қалаға ауыстыру қажет. Ал облыс орталығы болуға Түркістаннан лайықты қала жоқ. Менің ойымша, бәрі жұрттың осындай өз ішінен кесіп-пішіп жүрген болжамы сияқты. Ал бізге Түркістанды облыс орталығы етеміз деген не Үкіметтің, не облыстан ешқандай хат келген емес. Құрылған ешқандай комиссия да жоқ,-деді әкім орынбасары. Ғ.Рысбековтың айтуынша, былтыр Түркістанда өткен бір жиында осы сауалды ақсақалдар жағы облыс басшысы Жансейіт Түймебаевқа қойған екен. Әкім «бұл уақыттың еншісіндегі мәселе» деп жауап беріпті. -Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілсе, онда облыс орталығы басқа жаққа көшіріле ме, жоқ па, көшірілсе, таңдау қай қалаға түседі, мұның бәрі жоғарыдан шешілетін шығар,-деді Ғ.Рысбеков. Енді осы мәселенің заңдық жағына үңіліп көрсек. «Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң бойынша облыс орталығын ауыстыру туралы мәселе алдымен жергілікті билік пен мәслихатта талқыланып, ортақ шешім ұсыныс ретінде Үкіметке жолдануы тиіс. Ал әзірге облыстық мәслихат мұндай мәселені қарап жатқан жоқ. Бірақ асығыс байлам жасауға тағы болмайды. 1993 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы» туралы заңының 3-бабына сәйкес халқының саны 1 миллионнан асқан елдімекен республикалық маңызы бар қала санатына кіреді. Былтыр облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жыл соңына дейін (2017 жылдың) Шымкент қаласы тұрғындарының саны 1 миллионға жететін мәлімдеген болатын. Арада бір жарым жыл өтті. Шымкенттің халқы 1 миллионнан әлдеқашан асып кетсе де тым-тырыс. Билік Шымкенттің миллионер қала деген мәртебені әдейі бермей, тізгінді тартып отырған сияқты көрінеді. Шымкент миллионер ала атанғаннан кейін де облыс орталығы болып қала берсе, несі кетеді? 2001 жылға дейін Алматы облысының орталығы, республикалық маңызы бар Алматы қаласы болып келді емес пе? Қалай десек те, билік бір жаңалыққа дайындалып жатқан сияқты. Жұрттың ындынын құртпай құпиясын қара халықпен бөліссе қайтеді?

 

"Жас Алаш" газеті №25, 3 сәуір

9685

 
Көрілді: 1596
Жаңартылған: 05.04.2018 | 10:23
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өңір