Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Қазақ-қырғыз арасындағы жылы лебізді Оңтүстік жұртшылығы зор ықыласпен қабылдады

20.10.2017 | 11:14

cd27a85d-9271-4048-8249-589a506ea2d7

Күні кеше көршілес, бауырлас Қызғызстан халқы өздерінің жаңа басшыларын сайлап алды. Сооронбай Жээнбеков сайлаушылардың 52,55% дауысын жинап, жеңіске жетті. Көрші мемлекеттегі саяси оқиға біздің елге тікелей байланысты. Әрі түбі бір түркі тілдес халықтар қатарындағы туыстас екі мемлекеттің әрі қарайғы дамуына Қырғызстандағы өткен сайлаудың да әсері зор. Осы мақсатта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековке Қырғыз Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. «Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынас елдеріміздің игілігі үшін одан әрі дами түседі деп сенемін. Сізге зор денсаулық, жауапты мемлекеттік қызметіңізде табыс, ал бауырлас қырғыз халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тілеймін», – делінген жеделхатта. Бұл екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсетініне сенемін. Екі ел арасындағы ыстық ықыласты Оңтүстік жұртшылығы да зор ықыласпен қабылдады. Президент Сооронбай Жээнбековтің басшылығымен Қырғызстан өзінің қарқынды даму жолында жаңа табыстарға жететініне сенеміз.

Хамитбек Нәлібекұлы,Шымкент қаласы №120 мектептің ұстазы:

-Саясатқа 30 жасында келген Сооронбай Жээнбеков өз мемлекетінде жоғарғы беделге ие. Үш рет Жоғарғы Кеңестің депутаты болған. 2016 жылғы 13 сәуірінен Қырғыз Республикасының премьер-министрі қызметін абыроймен атқарған саясаткер. Ендігі 6 жылдық тағдыр Сооронбай Жээнбековке тікелей байланысты. «Қазақ-қырғыз бір туған»,- деген аталы сөздің астары қалың. Демек, көршіңнің аты озса қуанатын қазақ халқы да бұл өзгерісті де жақсылыққа балайды. Тамыры терең, бауырлық қарым-қатынас дамудың жаңа баспалдағына көтерілетініне кәміл сенеміз. Оған дәлел, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің Қырғызстан мемлекетінің президенті Сооронбай Жээнбековке жолдаған жедел хаты. Біз қырғыз халқының ұлттың тағдырына бей-жай қарамайтын қасиетін өз басым жоғары бағалаймын.

Қайрат Қыпшақов, Төлеби аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:

-Мен ОҚО, Төлеби ауданының тұрғынымын. Көршілес мемлекеттегі саяси ахуалды интернет сайттардан оқып, теледидардағы жаңалықтардан бақылап отырамын. Әрине, көрші мемлекеттегі жағдай тұрақты болғаны қажет. Ол мемлекеттің алға қарай жылжуына дұрыс. Қызғызстан Республикасы халқының басым дауысына, сенгіміне ие болған Сооронбай Жээнбеков ішкі тұрақтылықты дамытуда, баяғы қазақ-қырғыз қатынасын тағы бір белеске көтеретіне сенемін.

 
Көрілді: 273
Жаңартылған: 20.10.2017 | 12:00
Категориялар: Өңір