Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

ОҚО-да биыл 53,7 мың жаңа жұмыс орны ашылған

13.09.2017 | 17:37

zanyatost

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 53,7 мың жаңа жұмыс орыны ашылды. Оның 38413-і тұрақты жұмыс орыны болып табылады. Мұндай мәліметті жуырда Ж.Түймебаев төрағалық еткен селекторлық жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М.Отаршиев мәлім етті.   Басқарма басшысының айтуынша, мамандар тапшылығын реттеу мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде өңірде 4 584 адам техникалық және кәсіптік білім алып жатса, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 9682 адам 89 мамандық бойынша жолданды.

Баяндамашыны тыңдаған әкім басқарма басшысына 15 мамандық бойынша қажеттілігіне сай, ауыл тұрғындарын оқытып, кәсіпке бейімдеуді айтты. Алдымен, ауылдық округ деңгейінде атқарылатын жұмыстар, одан соң аудандық дәрежеде жүзеге асырылуы тиіс деді.

«Аталған 15 мамандық бойынша, яғни, токарь, темір ұстасы, ағаш ұстасы, электрші, сантехник, шаштараз сынды мамандықтарға бейім азаматтарды ауыл әкімдері тауып беруі керек. Бұл жоба нақты жүзеге асқанда азаматтар жұмыспен қамтылып, ауылдағы өмір сүру жағдайы қала өркениетіне бейімделер еді. Осылайша, ауылдағы тұрмыс-тіршілікті жақсарту арқылы облыстың деңгейін көтеретін боламыз»,-деді Ж.Түймебаев.

Ауыл тұрғындарының кәсіби мамандануынан бөлек, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру жайында назардан тыс қалдырмаған аймақ басшысы әрбір аудан орталығы мен ауылдық округтерде ангар типті спорт алаңшаларын салу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ол модульді спорт кешендерінің құрылыс жұмыстары Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған «Туған жерге тағзым» аясында ел азаматтарын шақыру арқылы жүргізу керектігін еске салды.

Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында бұқаралық спортты дамыту мақсатында аймақтағы елді мекендер мен көп қабатты үйлердің аулаларында жыл басынан бері 57 спорт алаңшалары  пайдалануға берілсе, оның 20-ы демеушілер есебінен салынған.

Дереккөзі: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

 
Көрілді: 278
Жаңартылған: 13.09.2017 | 17:40
Категориялар: Өңір