Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Алқалы жиында әліпби мәселесі талқыланды

13.09.2017 | 17:10

d912d7c1-1405-4067-b880-875f578d5576

Оңтүстік Қазақстан облысында «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері» жөнінде алқалы жиын өтті. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға облыс әкімі, облыстық басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, түрколог-ғалымдар, жоғары оқу орындарының ғалымдары, тіл мамандары, магистрлер мен  студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосуда сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев  латын әліпбиінің маңыздылығына ерекше тоқталып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынғанын атап өтті.

Отырысқа қатысушылар жаңа әліпбидің жобасын талқылап, түрколог ғалымдар латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Латын әліпбиіне көшу – сананы отарсыздандыру жолындағы маңызды қадам» тақырыбына кеңінен тоқталса, профессор, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы Болатбек Тілеубердиев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен облыстағы ономастикалық атаулардың сабақтастығы» жөнінде баяндама жасады.  

Сонымен қоса, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты филология және тарих факультетінің деканы Нариман Нұрпейісов «Рухани жаңғыру жолындағы тарих тағылымы» жөнінде тереңнен  ой қозғаса, «Латын әліпбиіне көшу қажеттілігі» тақырыбында  тарих ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, доцент Сәрсебай Кәрібаев баяндама жасады.  

Маңызды мәселелер талқыланып, жақсы пікірлер айтылған басқосуды   қортындылаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев латын әліпбиіне көшу кезінде қазақ тілінің үндестік заңдылықтарын  сақтауға мән беруді ұсынды.

«Еліміздің ендігі болашағы – саяси-экономикалық фактормен қатар, оның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің тағдырына да тікелей байланысты. Сондықтан латын әліппесіне көшуде қазақ тілінің сингорманизм және ассимиляциялық  заңдылығын сақтауымыз керек. Егер олар сақталмаған жағдайда тіл бұзылады. Егер мұны сақтаған жағдайда,  тіліміздің үндестігі оның әдемілігі, дұрыс айтуы да бұзылмайтын болады», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өңірдің түрколог-ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында латын әліпбиіне көшу  мен жаңа әліпбиге бейімделу  мәселесіндегі ұсыныс-пікірлер жинақталып, сарапқа салынатындығы айтылды.

 
Көрілді: 158
Жаңартылған: 13.09.2017 | 17:15
Категориялар: Өңір