Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Түлкібастық өнер керуені Шымкентте

11.09.2017 | 16:39

21617780 347254959066521 8585414949379612538 n

Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру" мақаласындағы "Туған жер" бағдарламасын жүзеге асыру, Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған "Туған жер-алтын бесігім" облыстық фестивалі аясында Түлкібас ауданының Шымкент қаласындағы күндері өтті.
Шараның мақсаты – ауданның мәдени, рухани құндылықтарымен қатар кәсіпкерлік, ауылшаруашылық, спорт, туризм салаларының да өзіндік жетістіктерін көрсету болып табылады.
Осы орайда, Шымкент қаласындағы "Шəмші əлемі" гүлзарында ауылшаруашылық жәрмеңкесіне ауданда өндірілген өнімдер жеткізіліп, қала халқына арзан бағада сатылды.
Ақын-жазушыларға бай Түлкібас ауданы топырағында түлеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Алаш" сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Мархабат Байғұт, сатира сардары Алпысбай Боранбайұлы, Əбдібек Аралбайұлы, Шынарбек Үсіпбайұлы сынды бірқатар қаламгерлер "Отырар" облыстық ғылыми - əмбебап кітапханасында оқырман қауыммен кездесу жиынын өткізді. "Туған жерге туын тіккен қаламгер" тақырыбында ұйымдастырылған шарада өлеңдер оқылып, поэзия нәрімен сусындаған көрермен өзіндік сауалдарын да жолдап жатты.
Мәдени күндер аясында шымкенттік өнер сүйер жұртшылыққа Мұхамед Ахмад Қанғамның "Жұбайлар шаттығы" пъессалық спектаклі де жол тартты. Облыстық əзіл-сықақ жəне сатира театры сахнасында өткен қойылымда қос ғашықтың тағдыры мен ақ пен қара айқасқан өмір жайы қозғалды.
Елі ерін ардақтаған өңір Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі қоғам жəне мемлекет қайраткері Т.Рысқұлов туралы деректі фильм көрсетіп көпшілікке тарих пен ардақты азамат тарихынан сыр шертсе, ауданның ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері Алаштың арда ұлы Тұрарын ұлықтап ескерткішіне арнайы барып гүл шоғын қойып, рухына тағзым жасады.
Ауданның көңілді тапқырлар клубының «Туған жердің өркендері» тақырыбындағы қызықты əзілдері де айтулы күннен тыс қалмады. 
Фестиваль барысында «Шәмші әлемі» гүлзарында ауданның қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесі жасақталып, 500-ден аса жұмыстар орналастырылса, салт-дәстүр сабақтастығы да кеңінен насихатталып, ұлттық спорт өнері де бағдарламадан тыс қалмады.
Таңертеңнен басталған Түлкібас ауданының Шымкент қаласындағы күндері 200-ге жуық өнерпаз қатысқан гала-концертке ұласты. 
Концерттік бағдарлама өнер керуенін қарсы алудан бастау алды. Керуен басын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Алаш" сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Мархабат Байғұт бастаса, көш қатарында спорт, мәдениет, руханият саласының үздіктері мен түйе, жылқылар және ауылшаруашылық өнімдері тиелген арба да бар. 
Дәстүлі әндер шеруі мен күмбірлеген күй, мың бұралған би, әуелеген әнмен Шымқала кешіне көрік сыйлаған шараны облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шарафиева Ғалия Аликенқызы және Түлкібас ауданының әкімі Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы құттықтау сөзбен ашып берді.

Дереккөзі: ОҚО мәдениет басқармасының баспасөз қызметі.

 
Көрілді: 84
Жаңартылған: 11.09.2017 | 16:40
Категориялар: Өңір