Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Кадр мәселесінде Оңтүстік тың жобаларды жүзеге асыруда

11.09.2017 | 16:25

 45217bbc-e800-4389-8e4d-1cc631f00ea0

Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовтың мәлімдеуінше,  өңірдегі 15 аудан, қала әкімдіктерінен және салалық басқармалардан 87 мамандық бойынша 14374 орынға сұраныс келіп түскен.

«Жас мамандардың көптеп ауылдарға оралуы, мемлекет тарапынан іске асырылып жатқан «Жастар практикасы» мен «Дипломмен ауылға» бағдарламаларының нәтижесінде ауылдық жерлерде кадр жетіспеушілігі  оң шешімін табуда десек те болады. Алайда шалғай жерлерде орналасқан мектептердегі маман тапшылығы әлі де өткір мәселелердің қатарында.  Мәселен, оқу жүктемесінің аз болуы, тұрғын үй мәселесінің шешілмеуіне байланысты педагогтар ауылдарға барғылары келмейді»,-деді басқарма басшысы бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев төрағалығымен өткен селекторлық жиында.

Ал денсаулық сақтау саласындағы маман тапшылығы мен тұрғын үймен қамту мәселесі айқын. Мәселен, басқарма басшысы Мұқан Егізбаевтың мәліметінше, 2007-2016 жылдар аралығында денсаулық сақтау басқармасы 1085 жас маманды ауылдық жерлерге жұмысқа орналастырса, ауыл әкімшілігі тарапынан 293 жас маман тұрғын үймен қамтылған. Ал дәл қазіргі таңда денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарда жалпы 265 маман, оның ішінде 157 маман ауылды жерге қажет. Сондай-ақ, облыстың бас дәрігері  ауылды жерлерде жұмыс атқарып отырған 180 маман тұрғын үйге мұқтаж екенін айтып, десе де мемлекеттен жас мамандарға біршама қолдау көмек беріліп жатқанын мәлімдеді.

«Жас мамандарға облыстық бюджеттен 100 мың теңге мөлшерінде ақшалай өтемақылар мен төлемдер төленіп келген. Енді, Сіздің  бастамаңызбен ауылдық жерге жолданатын әр маманға бір реттік 1 миллион  теңге төленеді және 5 жыл ішінде қайтып кеткен жағдайда жас маман бюджетке қайтару керек болады. Мұндай тың жоба еліміз бойынша Оңтүстік Қазақстанда алғаш болып жүзеге асырылып отыр»,-деді М.Егізбаев.

Осы ретте, облыс әкімінің елді мекендерде көп қабатты тұрғын үй салу идеясы жоғарыда айтылған мәселелердің рет-ретімен шешілуіне мұрындық болары сөзсіз.

Селекторлық жиынның күн тәртібінде қаралған кезекті тақырып - жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері болды. Онда әкім барша мемлекеттік қызметкерлер мен аудан,қала әкімдеріне және басқарма басшыларына әдеп нормаларын сақтауды басшылықтан бастауды тапсырды.

 Дереккөзі: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

 
Көрілді: 112
Жаңартылған: 11.09.2017 | 16:26
Категориялар: Өңір