Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Рудныйдың оқу орны Оңтүстіктің жастарына "сырға салды"

13.08.2017 | 21:39
Рудныйдың оқу орны Оңтүстіктің жастарына

        Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қостанай облысындағы Рудный индустриялық институтының ректоры, профессор Әбдірахман Найзабековты қабылдады деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі. Кездесуде тараптар еліміздегі білім беру жүйесі мен оған мемлекеттен жасалып жатқан қамқорлық жайын сөз етіп, осы мәселер аясында жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалар туралы әңгімелесті.         Әсіресе, облыс басшысы өңіріміздегі жастарды «Серпін-2050» бағдарламасы аясында Солтүстіктегі өзі басқаратын оқу орнына шақыра келген қонақтың ұсынысын құп көріп, оны жүзеге асырудың жай-жапсарын талқылады. Тарихы ХХ ғасырдың 50 жылдарынан бастау алатын Рудный Индустриалдық институты бүгінде техникалық ғылым саласында инфрақұрылымы дамыған заманауи ғылыми-білім кешені болып табылады. Институт құрамында – 3 факультет (тау-металлургиялық факультет, энергетика және ақпараттық жүйелер факультеті, экономика және құрылыс факультеті) пен 7 кафедра бар. Студенттерді оқыту жалпы орта, техникалық және кәсіби, жоғары білім базасында күндізгі, кешкі және сырттай оқу нысаны бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде 18 бакалавр мамандықтары бойынша жүргізіледі. Жоғары оқу орны ректорының айтуынша, институт оқытушылары «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша соңғы 2 жылдан бері шалғай ауылдардан талапкерлерді қабылдап, бүгінге дейін 250 студентті (оның 200-ге жуығы ОҚО-дан) маман атандырып отыр. Биыл тағы 130 студент біздің өңірден Рудныйға аттанып, білімін жалғастырады деп күтілуде. Оқу орнын бітірген түлектердің 95-98 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа орналасатынын жеткізген профессор онда жастар үшін барлық жағдайдың жасалғанын мәлімдеді.

       Айта кетейік, «Қазақстан-2050» Стратегиялық жоспарында Елбасының мынадай тапсырмасы бар: «Үкіметке халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын.  Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді». Міне, мемлекет басшысының саясатын жүзеге асырып отырған аталмыш оқу орны енді Оңтүстіктің жастарын да техникалық білім нәрімен сусындатпақ.  

 
Көрілді: 210
Жаңартылған: 13.08.2017 | 21:40
Категориялар: Өңірдегі басты жаңалықтар, Өңір