Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Денис Теннің анасы Қазақстан халқына алғыс айтты

27.07.2018 | 10:41

Денис Теннің анасы Оксана Тен халыққа үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қайғымызды бөлісіп, осындай қысылтаяң шақта отбасымызға қолдау көрсеткені үшін бүкіл Қазақстан халқына және халықаралық қауымдастыққа Денис Теннің туыстарының атынан рахмет айтқым келеді. Әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз ерекше. Президент әрқашан Дениске қолдау көрсетіп, көмектесумен болды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен әкімдікке де көрсеткен қолдаулары үшін көп рахмет. Қара жамылған күннен бері қазақстандық және халықаралық БАҚ өкілдері бірнеше рет хабарласты. Денистен айрылып қалғанымызға әлі де сене алмай, қайғыдан ес жия алмай жүрміз, сондықтан дәл қазір журналистердің сұрақтарына жауап беруге әл-дәрменіміз жетер емес. Біздің ортақ қайғымызға, сондай-ақ сұхбат беруге дайын еместігімізге түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз. Ұлымыздың абыройлы есімін жадымыздан шығармай, тек қана жақсы сөзбен еске алайықшы», - деді Оксана Тен.  Еске салсақ, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.  2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.  Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Кейін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды. Сондай-ақ,  Денис Теннің өліміне күдікті Нұралы Қиясов күзетпен Алмалы аудандық сотына жеткізілген. Ал Денис Теннің өлімі бойынша күдікті екінші адам Арман Құдайбергенов ұсталды.  



 
Көрілді: 1955
Жаңартылған: 30.07.2018 | 10:45
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір