Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Сабырды серік етіп, ақылға бағынған азамат

05.04.2018 | 10:48
Сабырды серік етіп, ақылға бағынған азамат

1990 жылға дейін өндіріс орындарында өнімді еңбек еткен Амалбек аға осы жылы ХІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ел егемендігін жариялаған тарихи тұста халық қалаулылары қатарында алғашқы заңдарды қабылдау жауапкершілігін иеленді. Жаңа өмірге қадам басқан жас мемлекеттің ол кездегі жағдайын көзіқарақты оқырмандар өте жақсы біледі. ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының соңында елдегі өзгерістер экономикалық ахуалды әлсіретіп, халықтың әлеуметтік жағдайын күрт төмендетіп жіберген еді. Елдегі басқару жүйесі түбегейлі өзгеріп, әкімшілік басқару жүйесіне көшкен алғашқы кез–тыңнан соқпақ салғанмен бірдей болды. Президенттік билікті іске асырып, Мемлекет басшысы саясатын ұстанатын әкімшілік жүйенің алғашқы қарлығаштары – облыс пен қала әкімдері еді. Билік пен елді жақындастырар алтын көпір бола білген іскер әкімдердің  жасаған еңбектері ел есінде сақтаулы, әркез айтып жүреді. 1992 жылы зауытты басқарып тұрған жерінен Шымкент қаласының әкімі болып келген Амалбек Қозыбақұлы да сондай іскер әкімдердің санатынан саналды.

Бүгінгі таңда Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші қалаға айналып отырған Шымкент шаһарына тазалық орнатып, мәдениетті қалаға айналдыруды басты мақсат еткен Амалбек Қозыбақұлы қасына жұмыс істейді деген іскер жігіттерді жинап, жан аямай іске кірісті. Қандай жағдайда да адамдықты сақтап, «тәртіпке бас иген құл болмайды» дегенді өзіне өмірлік қағида еткен оның болмысы еңбек үшін жаратылғандай. Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істеп, еңбекпен дамуды мақсат еткен Ол өте талапшыл басшы болды.  Жұмысты мүмкіндікті жүзеге асырушы күш ғана емес,  өзіңнің кім екеніңді дәлелдейтін фактор деп білетін Амалбек Қозыбақұлы іскерліктің көркем үлгісін көрсетті. Шымкенттіктердің әлі күнге дейін есінде, қала әкімі таңғы 6-да жұмысқа келіп, бүкіл қаланы айналып, таңғы 7-де жоспарлы кездесулерін өткізетін. Жұмысқа кешігу мен келмей қалу дегенді кешірмейтін. Бірлік пен талап бар жерде еңбек те өнетінін ескерген әкім керек жерінде қатал да бола білді. Ол өзгелерден шешім қабылдаудан ешқашан қорықпайтынымен, тәуекелшілдігімен ерекшеленді. Және сол шешім үшін жауапкершілікті де өз мойнына алды. Қала әкімі болып тұрғанда қаншама бастама көтеріп, аяғына дейін жеткізуді  тікелей өзі қадағалап отырды.

Қолқаны кептірер ыстықта деміңді басар елуге жуық шағын субұрқақтар орнатып, халықтың ықыласына бөленді, алғысын алды. Бірі қалжыңдап, келесісі қитұрқы тілмен қағыта айтып жүрген қара тал мәселесі тұрғындардың әлі күнге дейін есінде. Қазіргі Республика, бұрынғы Ленин даңғылын қайта жасау кезінде шыққан шудың басты себебі де сол – жол ортасындағы ағаштарды кестіруі еді. Әкімді бұзақы атандырып, «Дровосек» деген лақап ат тақты. Кейін жолды кеңейтіп, жаңадан көшет егіп, жөндеу жұмыстары аяқталғанда тұрғындар риза болғандары соншалық оны Тшанов даңғылы атай бастады.

Қала әкімі қазақ тілінің шын жанашыры бола білді. Құжаттардың қазақша толтырылып, қазақ мектептеріндегілердің қазақша сөйлесуін талап еткен басшының бұл іс-әрекетін кезінде теріс түсініп, тайдай тулағандар да болды. Көшедегі жарнамалар мен үгіт- насихаттар да қазақшалана бастады. Туған қаласына ұлттық сипат ендіруді мақсат еткен Тшанов Куйбышев алаңын Ордабасы, алаңда түйісер үш көшені қазақтың үш биімен – Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерімен атауға шешім шығарды. Қаладағы ірілі-ұсақты көптеген көшелер мен кинотеатрлар Тшановтың тұсында қазақша атауға ие болды. Қазақ мектептерінің саны көбейіп, ұлттық болмысты қалыптастыруға қызмет етті. Тұрмысы төмен, әлеуметтік жағдайы нашар отбасынан шыққан балаларға тегін тамақ үлестіру идеясының авторы да осы Амалбек аға болатын. Мектеп оқушыларының бірі аштықтан басы айналып, тақта алдында құлап қалғанынан хабардар болған қала әкімі бюджет қаражатының жетіспеушілігіне қарамастан 1-4 сынып оқушыларына бір реттік тегін тамақтануға ақша бөлдірді. Қала халқы 1999 жылы болған Парламент сайлауы науқаны кезінде Амалбек ағаға сол кездегі осы шешімі үшін алғыстарын айтты.

Жастайынан спортты серік еткен, бокстан спорт шебері қала әкімі жанындағылар мен халыққа саламатты өмір салтын ұстануды ұсынды және талап етті. Бәріміздің жадымызда: орталық скверде жалпыхалықтық жаттығулар жасау дағдылы әдетке айналдырған.

Бойына біткен өнерге деген ыстық ықылас оны осы саладағы жақсы істерге бастамашы болуға ықпал етті. Мұның айғағы ретінде қазақ өнерінің жарық жұлдызы Шәмші Қалдаяқов есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында атқарған шараларды атасақ болады. Ән фестивалін ұйымдастырып, Шәмші есімін асқақтатқан Амалбектей алғашқы әкімге деген халық құрметі ерекше еді. Жүсіп Баласағұн «жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» дегенді осындай жандарға қатысты айтса керек.

Ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің ескерткішін орнатып, қала көркін ажарландырды. Амалбек Қозыбақұлы өзін көрсетуді емес, қаланы көркейтуді көздеді. Дендробақ пен ипподромды, Қошқарата өзенін көріктендіруді көкседі. Қаланың көшелерін кеңейтіп, жаңаша сипат, әсем реңк сала білді. Шымкентті құлпыртып, ТМД елдеріндегі ең  ғажап, ұлттық нақыштағы қазақы әрі заманауи қала етуді көздеп жасалған алдағы 5 жылға арналған жоспардың аяқсыз қалғаны аянышты, әрине..

Аз ғана уақыттың ішінде (1 жыл 8 ай) ел елең етердей еңбек еткен ердің жолына кесе-көлдеңен тұрғандар да болды. Алып-қашпа әңгімелерге желіккендер де, жел сөзге мән бергендер де кездесті. Десе де, барлығына тарих – таразы, уақыт – төреші, халық – сарапшы. Бүгінгінің биігінен қарағанда Тшановтың тұлғасы таудай асқақ. Оны бұл биікке көтерген еселі еңбегі, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі, адами қадір-қасиеті. Мұны ол халық қалаулысы бола жүріп те, министрдің орынтағында отырғанда да есінен шығарған жоқ. 1994 жылы С.Терещенко бастаған Үкімет отставкаға кетіп, елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдай сын көтермей тұрған алмағайып сәтте Президенттің тағайындауымен құрылыс министрі болып бекітілуі – елін сүйген ердің еңбегінің бағаланып, бағының жануы, Ортай анасының дуалы аузынан шыққан сөзді Алла қабыл еткені болар.  

Амалбек ағаның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін көре білген Мемлекет басшысы 1995 жылы Жамбыл облысына әкім етіп тағайындады. «Өз бағаңды білгің келсе, өзіңді білмейтін елге бар» деген емес пе?! Мұндағы атқарған жұмыстары халықтың көз алдында өткендіктен жұртшылық жақсы біледі. Алғашқы бір ай бойы орынбасарлары мен жетекші бөлімдердің басшыларымен бірге таңғы 6-да жолға шығып, аудандарды аралап, кеш бата оралып, майшамның жарығымен түнгі 2-ге дейін отырып жұмыс істегенінің нәтижесінде Өзбекстан мен Жамбылдағы механикалық зауыттың арасындағы үзіліп қалған әріптестік байланысты қайта орнатты. Өз ағаларымызға керекті түрлі механикалық құ­рал-жабдықтарды өз қадағалауымен уақ­ытында жіберткізіп, есесіне келісімшартты қайтадан бекітіп, бір айдың ішінде Жамбылға «көгілдір отынды», артынша электр жарығын жеткізді.  Сөйтіп жүріп заман талабына сай ағылшын тілінен дәріс алуды да ұмытпады.

Сонымен бірге, облыс орталығына Тараз атын қайтарып, Ташкент бағытындағы жолдың кіреберісіне зәулім көк мұнаралы, шығыстық стильде үлкен қақпа қойдыруы, Тараздың көне 2000 жылдық тарихын дәлелдеп, үлкен ғылыми конференцияны ұйымдастыруы, Жамбыл университетіне Мұхаммед Хайдар Дулати есімін беруге мұрындық болуы, Шымкентте бастаған ән падишасы Шәмші фестивалін көне Тараз жерінде қайта жаңғыртып, халықаралық деңгейде жоғары дәрежеде өткізуі, қала көшелері мен базарларына тәртіп пен тазалық орнатуы, тағы да басқа ірілі-ұсақты тірліктер – оның іскерлігінің дәлелі.

Облыстағы агроөнеркәсіп пен мал шаруашылығының өркендеуі өңірдегі экономиканың өсуіне оң ықпал етіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартты. Кейбір облыстар жарық пен газдан, судан таршылық көріп, керегесі кері кеткен сол кезеңде Жамбыл облысындағы жағдай салыстырмалы түрде жақсы болатын. Бұл да болса Амалбек Қозыбақұлы мен оның әріптестерінің іскерлігі, жұртты жұмылдырып, ұйымдастыра алуының арқасы.  Облыс тұрғындармен бірге 10 миллион көшет отырғызғанын тараздықтар әлі күнге дейін аңыз етіп айтып жүр.

Тарихи Таразда Шымқаладағыдай дендробақ пен ипподром салсам деген ізгі ойы қызметтен кетуіне байланысты орындалмай қалды. Әйтсе де, жақсы басталған іс – жартылай біткен іс, «адамның адамшылдығы істі қалай аяқтағанынан емес, қалай бастағанынан білінеді». Шымкент қаласында да іске аспай қалған жоспарларына уақыт кемдігі кінәлі еді. Жамбыл облысында да солай 2 жыл 3  ай  мерзімге сыйғыза алмаған, кейбірінің басталып, орта жолда үзіліп қалғаны қайраткердің қарнын аштырып, қажытады. «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос» деп Абай атамыз айтып кеткен өсиетті орындауға кейбір қандастарымыздың өресі жетпейтіні жаныңды ауыртып, жүрегіңді сыздатады. Күндестік пен бақастықты малданып, арызданғанды ар көрмейтін кейбір азаматтардың теріс іс-әрекеттері Амалбек ағаның жолына кедергі болды. Осыдан бір ғасыр бұрын Міржақып ақын айтқандай, «Мыңнан біреу шыққанда басшы болып, Жүзден біреу шықса екен соңына ерер» дейсің терең бір күрсініп...  Дүние «бақ қонған жерге күншілдік үйір болатынын» тағы бір дәлелдеді. Бірақ, «Аттан ауып түскен – ақырет емес, тақтан ауып түскен – тақсірет емес» екенін жақсы түсінетін  тау тұлғалы Тшанов бұл қысастықты та тайсалмай, қайыспай көтере білді. Жасыған жоқ, керісінше, жігерленіп, қайраттанды, күшіне қуат қосты. Сынақты сәттерде сағы сынбады. Сабырды серік етіп, ақылға бағынды.

Бақастық, іштарлық, күндестік пен көре алмаушылық сықылды аяр қасиеттерден өзін жоғары қоя білген Амалбек Қозыбақұлы үшінші рет халық қалаулысы атанды. Бұл – елдің ерге деген өлшеусіз сүйіспеншілігінің көрінісі, еткен еңбегіне берген теңдессіз бағасы еді. «Жақсының жолы ашық» деген осы болар. Халық қалаулысы бола жүріп кейбіреулер секілді мызғымай, қағілездікпен белсене жұмыс жасады. Халықтың мұң-мұқтажы мен еліміздің әлеуметтік жағдайына қатысты депутаттық сауалдар жолдап, заң жобаларын талдауға атсалысты.  

2009 жылы республикалық спорт колледжіне директор болып тағайындалды. Балалармен жұмыс істегенді ұнататын Амалбек аға – мықты ұйымдастырушы. Қай салада, қандай қызметте болсын өзінің осы қасиетімен өзгелерден оқ бойы дараланып көрініп отырады. Бойындай титімдей болса да таланты бар ауыл балаларын арнайы алдыртып, олардың сабағын қадағалап, болашағына алаңдайтын директор Тшанов -  ұлтын шексіз сүйетін патриот. Спорт – оның жан серігі. Күнде таңертең сағат алтыда тұрып жүгіретін ол жастардан да сергек, қимылы ширақ. Кеңес одағы кезінде бокстан КСРО-ның спорт шебері атану оңай емес еді. Ол жолдан өзіміз де өткендіктен де айтып отырмын. Амалбек аға сол қиындықтарды еңсерді.

Амалбек ағаның еңбексүйгіштігімен бірге қара қылды қақ жарар әділдігін де айту ләзім. Адамның ең асыл қасиеті, адамгершілік пен әдеп, иба мен инабаттылықтың негізі саналатын әділдікті жанына серік еткен ол әркез шынайы да шыншыл бола білді. Осынысынан таяқ та жеді. Бірақ адалдығы мен әділдігінен айнымады.

 Амалбек ағам -  75 жаста! Мен ол кісіні жақында үлкен бір басқосуда кездестердім. Тоба! Маған ол мүлдем жасарып кеткендей көрінді. Иә, расымен де солай! Үстіндегі кіршіксіз ақ көйлегі мен шым қара костюмі, ақ құба жүзіне жарысымды тағылған галстугі, сәнді туфлиі... Өзіне-өзі риза адамның болмысы. Орынды қалжың, сүбелі пікір,  тартымды сұқбат. Амалбек ағаның көп шәкірттерінің бірі ретінде бойымды ерекше шаттық сезім биледі. Ұстазымның бүгінгі келбетіне қызықтым. Аман бол, Аға! Сіз алдымызда жүргенде біз өзімізді жас сезінеміз. Сол үшін біздің алдымызда есен-сау жүргеніңізді қалаймыз!

Оңалбай АЯШЕВ,

Оңтүстік  Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ОҚО мәслихатының депутаты. 

and

 

 

 
Көрілді: 696
Жаңартылған: 05.04.2018 | 10:56
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір