Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Оңтүстікте 600-ге жуық оқушы сабаққа діни киіммен келеді

29.01.2018 | 12:06
Оңтүстікте 600-ге жуық оқушы сабаққа діни киіммен келеді sputniknews.kz

 

Оңтүстік Қазақстан облысының орта мектептерінде 597 оқушы діни киіммен (орамалмен) сабаққа қатысуда. Бұл туралы жуырда облыс әкімдігінде өткен «дөңгелек үстел» басында айтылған.

 Қолданыстағы заң талаптарында діни киіммен мектепке баруға мүлдем тыйым салынған. Атап айтқанда, «Білім туралы» Заңның 49-бабына сай ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. Мектеп формасына түрлі діни конфессияға қатысты киім элементтерін қосуға мүлдем болмайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 409-бабы 2-тармағында ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің ҚР-ның білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы – он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

ОҚО ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі А.Қалаубаев өз сөзінде: «Мектеп директорлары ата-аналарға да мектеп оқушыларына да дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Бәрі де заң аясында болуы тиіс, балалардың құқы тапталмауы қажет. Балалардың болашағы үшін жұмылып іс атқарайық» деп атап кетті. 
«Кәмелет жасқа толмаған балаларға орамал тағып, діни киім кигізу өз еркілерінен тыс орын алуда. Бұл жерде ата-аналар балаларының құқтарын таптауда. Бұл мәселе күн тәртібінде өзекті болып тұрғандықтан, күнделікті атқарып жатқан жұмыстар облыс әкімінің бақылауында болады» деп қорытындылады өз сөзінде ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков.

Дереккөзі: ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы. 

856845

 
Көрілді: 2146
Жаңартылған: 29.01.2018 | 12:12
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір