Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Болатбек БАЙМАХАНОВ, хирург-трансплантолог, А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының директоры: Транcплантациялық отаның барлығы тегін

25.01.2018 | 15:46

Болатбек Бимендіұлы Баймаханов. Қазақстандағы трансплантологияда өте танымал есім. Осы кезге дейін Қазақстанда жасалған бүйрек және бауыр алмастыру оталарының жартысына жуығы осы білікті дәрігердің қолынан өткен. Сонымен қатар, еліміздің бірнеше облысының Денсаулық сақтау басқармаларына жетекшілік еткен азамат отандық медицинаның бары мен жоғын да «қолмен ұстап, көзбен көрген» маман. Бүгінгі сұхбатымызда «Жүз жаңа есімге» енген дәрігерлердің жайын түгендеуден бастап, ел саулығын қалыптастырудың өзекті мәселелерін қамтуға тырыстық… 

 

Ақ халат – адалдықтың көрсеткіші

 

– Болатбек Бимендіұлы, «Жүз жаңа есімнің» қатарына ендіңіз. Құттықтай отырып, сұрағымызды осы жобадан бастағымыз келеді. «Жүз жаңа есім» байқауында медицина саласы бойынша 18 дәрігер жеңімпаз саналыпты. Он жеті әріптесіңіздің әрқайсысын жеке танисыз ба? Олардың медицина саласына енгізген жаңалықтары туралы айтып беріңізші?

– Он жеті әріптесімнің барлығын жете танимын дей алмаймын. Бәлкім, тізімге қарап отырып, нақты кім екендерін ажыратуға болатын шығар. Жалпы, «Жүз жаңа есімге» менің білуімше, менімен қоса есептегенде енген төрт дәрігер – Сызғановтың (Ұлттық хирургия ғылыми орталығының – ред.) түлектері, оның ішінде менің шәкірттерім де бар. Өте жақсы мамандар. Мәселен, Тілеуберді Кеңесбайұлы Қуандықов. Бас анестезиолог, біздің орталықтың реанимациясында анестезиология бөлімінің меңгерушісі. Өте сирек кездесетін маман, Қазақстандағы ең мықты анестезиолог-реаниматологтың бірі. «Болашақ» бағдарламасымен оқыған. Қазір менің тобымда қызмет етеді. Трансплантация оталарын жасау кезінде анестезиологиялық көмек көрсететін мамандардың бірегейі. Қазіргі таңда жасалып жүрген аса күрделі оталардың басы-қасында жүрген азамат. «Құрмет» орденінің иегері. Екіншісі – Қайрат Қуатбеков. Қазақстанда жаңа туған нәрестелердің туа біткен ақауларымен айналысатын Неонатология орталығы бар. Жалпы, бұл саланың хирургтары саусақпен санарлық. Қайрат жүрек ақауларымен дүниеге келген, туғанына бір-екі күн болған балаларға ота жасайды. Осы Сызғанов орталығында тәлім-тәрбие алған маман, жеті-сегіз жылдың жүзі болды, балалар кардиохирургы. Үшіншісі – Алмат Қодасбаев. Ол да кардиохирург. Қазір Алматы қалалық кардиохирургиялық орталығының бас дәрігері. Мықты маман. Негізінен ересектерге күрделі оталар жасайды. Осы үш адам туралы өте жақсы білемін. Қол астымызда тәрбие алды, жасап жүрген жұмыстарымен де, жетістіктерімен де етене таныспын деп айта аламын. «Жүз есімнің» қатарында өз орнын ойып тұрып алатын азаматтар.

– «Жүз жаңа есімге» 18 дәрігердің енуі көп пе, аз ба? Мәселен, «қоғам» санатында 30 адам жеңімпаз атаныпты.

– Жеңімпазды халық өзі таңдап алды. Жалпы, бұл байқаудың өткізген формасы өте дұрыс болды деп ойлаймын. Себебі, субъективті таңдау жасалмады. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласына риза емес адамдар да жеткілікті. Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына үлкен үлесін қосып жүрген медицина мамандары бар екенін де дәлелдегендей болдық. Он сегіз адам – аз емес. Қаншама сала бар. «Жүз жаңа есімнің» қатарында медицина қызметкерлерінің 18 пайыз болуы көңіл қуантарлық жағдай. Бізге деген өте жақсы баға.

– Әдетте, дәрігерлерді интеллигенция өкіліне жатқызады. Құндылықтар ауысқан бүгінгі қоғамда дәрігер адамды емдеп қана қоймай, интеллигенция өкілі ретінде жол көрсетіп, жөнін айта ала ма?

– Әрине. Интеллигент дегеніміз білімді, ақылды дегенмен пара-пар. Білімнен бұрын интеллигент адамда адамгершілік қасиет, мейірім болуы шарт. Дәрігер бекерден-бекер ақ халат кимейді. Ол сол халаттың кіршіксіз тазалығына дақ түсірмейтініндей, адамгершілік сезіміне де көлеңке түсірмегені жөн. Дәрігер ең бірінші адамның көңілін табуы керек. Ол дұрыс емдеудің 50 пайыз көрсеткіші. Дәрігердің түріне қарап та баға беруге болады. Жүзі жылы, тіпті киген киімі де, жүріс-тұрысы да түзу, денсаулығы да мықты адамнан ерекше бір зиялылық лебі есіп тұрмай ма?

Адамдармен сөйлесе алмайтын, науқастың туыстарына айғайлап, білімсіздігін көрсетіп жататын дәрігерлер жоқ дей алмаймын. Ол дәрігер өзіне ғана емес, медицина саласына да кір келтіреді.

Ал дәрігер қауым өзінің дұрыс бағытымен, адал еңбегімен қоғамда зиялылықтың не екенін дәлелдеп жүр деген оймен көбірек келісемін.

Трансплантация – соңғы мүмкіндік

 

– Ендігі сауалдар кезегін негізгі жұмыс бағытыңызға бұрсақ. Осы уақытқа дейін елімізде мыңнан аса адамның органы ауысса, сол оталардың жартысына жуығын өз қолыңызбен жасадыңыз. Қанша бүйрек, қанша жүрек, қанша өкпе мен бауыр… тағы басқа да органдарды қолмен ұстап, көзбен көрдіңіз?

– Негізгі айналысатыным бауыр, бүйрек транспалантациясы. Жасыратыны жоқ, республикада жасалған трансплантациялық оталардың жартысы болмаса да, 35-40 пайызына өзім бас болып қатысыппын. Соңғы төрт жылда үш жүзге жуық бүйрек, жүзге жуық бауыр алмастырдым. Нәтижелері өте жақсы. Біз осы оталар арқылы шетелде танымалмыз. Дүниежүзілік трансплантация ұйымында біздің өз орнымыз бар. Әрине, мұндай отаны бір адам ғана жасамайды. Бір отаға 40-50 адам қатысады. Бұл – командалық жұмыс. Сол оталардың басы-қасында өзім жүргеннен кейін, әрине, ол ерекше болады деп ойлаймын. Әр адам өзінің орнында тиісті жұмысын дұрыс жасаса, қоғам дамиды. Әркім өз саласын еңбекпен, білімімен дамыта түссе, мемлекет те алға жылжиды.

– Білуімізше, елімізде ең көп трансплантациялық ота бүйрекке жасалады екен. Бұл Қазақстан азаматтарының көпшілігінің бүйрегі ауырады деген сөз бе, әлде жүрек, бауырды ауыстыру оталарының қиындығынан ба?

– Елімізде ғана емес, дүниежүзінде сондай. Өйткені, бүйрек аурулары жиі кездеседі. Шетелде бүйрекжетіспеушілігінің негізгі себебі – қант ауруы дейміз ғой, диабет болса, бізде пиелонефрит және гломерулонефрит аурулары. Бұл ауруларды уақытылы анықтап, емдесе, жазылып кетеді. Ал бізге сол қарапайым емделетін ауруларын асқынтып алып, бүйрек жарамсыз болып қалғанда бір-ақ дәрігерге қаралып, дабыл қағады. Ауру асқынған сайын бүйрек бүрісе береді. Ал қанша емдесең де, диабет өз дегенін жасайды.

Дүниежүзінде де, Қазақстанда да бауыр алмастыру оталары бүйректен кейінгі кезекте. Оның Қазақстандағы негізгі себептерін вирусты гепатиттен іздейміз. Сексенінші, тоқсаныншы жылдары қан арқылы, оталар кезінде қан құю арқылы инфекция алған адамдарда он бес-жиырма жыл өткеннен кейін церроз пайда болып жатыр. Бізде негізгі вирус – гепатит В, С. Қазақстандағы негізгі проблема – осы. Ал дүниежүзінде қазір вирустың орны азайып, басқа аурулар, мәселен, бауырдың алементарлы ауруы дейміз, ол – бауырды май басуы. Оған ішімдік қосылса, ол да церрозға алып келеді. Шетелдегі бауыр ауруының негізгі себептері – осы аурулар. Бізде де соңғы он бес-жиырма жылдың ішінде иммунопрофилактиканың арқасында гепатиттің деңгейі азайып, алементарлы түрлері көбейіп келеді.

– Қазақтың дәулескер күйшісі Қаршыға Ахмедияров бүйрегін Қытайға барып алмастыру отасын жасап келгеннен кейінгі бір жылдары «Осы Қытайға барсам бүйрегім бүлкілдейді» деп қалжыңдайды екен. Жалпы, Қазақта «бүйрегі бұру» деген де сөз тіркесі бар ғой. Енді сұрағымыз мынандай, бүйрек адамның денесіне толық бітіп кетуі үшін қанша уақыт керек?

– Органдардың сіңісіп кетуі үшін донордың ұлты, көзқарасына ешқандай рөл атқармайды. Бұл – иммунологиялық проблема. Ол біреудің бүйрегі ғой, сондықтан организм бірден қабылдай қоймайды. Бауырды алмастыру оталарында иммунологиялық зерттеулердің үлкен қажеттілігі жоқ болғанымен, бүйректі алмастыруға келгенде ондай зерттеу өте керек. Адамның денесінде 500-ден аса антиген бар. Оның ішінде біздің зерттейтініміз – оншақты антиген. Соларда сәйкестік болуы тиіс. Сәйкес келгеннің өзінде иммунологиялық проблемалар кездесе береді. Сол үшін науқас отадан соң өмір бойы дәрілер ішуі керек. Жалпы, трансплантациядан кейін бүйректің жұмыс істеу мерзімін 10-15 жыл деп белгілейміз. Кейбір жағдайда  20 жыл болуы мүмкін.

– Одан кейін не істейді?

– Бүйректі қайта ауыстырады. Тіпті, органды дененің қабылдамауына байланысты, алты айдан кейін, бір жылдан кейін де жұмыс істемей қоюы мүмкін.

– Ал бүйрегін, бауырын берген адам ше? Оның жағдайы асқынып кетпей ме?

– Асқынып кетер болса, біз оның бүйрегін не бауырын аламыз ба? Донор да алдын-ала арнайы тексерулерден өтеді. Бір бүйрекпен жүргенде денсаулығы қандай болады, екі бүйрегі де толық сау ма, бәрі арнайы тексеріледі. Бауырдың жетпіс пайызына дейін алуға болады. Адам отыз пайыз бауырмен толыққанды өмір сүре алады. Сонда да, донордың барлық денсаулық жағдайы мұқият зерттеледі.

– Біздің ел азаматтары донор болу дегенді тек қан өткізу деп түсінетіндей әсер қалдырмай ма? Жалпы, елімізде көзі тірісінде органдарын беруге келісіп қойған азаматтар саны қанша? Олар арнайы тіркеуде, болмаса медициналық базада тұра ма? Донорларды анықтаудың, донор болудың құқықтық-әлеуметтік, адами заңдылықтары мен ережелері қандай?

– Өте дұрыс қойылған сұрақ. Қанша жыл айтып жүрсек те, халық донорлықты дұрыс қабылдаған емес. Өз басына түскенде ғана «неге жұрттар донор болмайды?» деп күйінеді. Басқа жағдайда көпшілік психологиясымен жүре береді. Донорлар қатарын ұлғайту үшін жалпы халықтың психологиясын өзгерту керек. Ол енді дәрігерлердің құзыретіндегі шаруа емес.

Испанияның шіркеулердің ішінде «Құдайға сенің ағзаң емес, жаның керек. Ағзаларыңды осы жерде өмір сүріп жүрген  адамдарға қалдыр» деген жазу ілініп тұрады екен. Осы кабинетте де біз түрлі діни конфессия өкілдерімен кездесулер өткіздік. Ешқайсысы да донорлыққа қарсы келген емес. Керісінше, сауап дейді.  Алам өлгеннен кейін тағы да бес-алты адамға өмір сыйлап жатсаң, нұр үстіне нұр емес пе? Бәлкім тірлігіңде сен бір адамға өмір сыйламаған шығарсың?

Соны неге екенін қайдам, көпшілік бәрібір түсінбейді. Біздегі донорлардың көпшілігі өзге ұлт өкілдері де, органды қажет ететіндердің көпшілігі – өзіміздің қаракөздер.

– Құқықтық ережелерін сұрап отырғаным, егер адам өзінің тірлігінде донор екенін айтса, органға зәру өзгелер оны қасақана өлтіріп, не өлтіру әрекетін ұйымдастырып жүрмей ме деген қауіп бар еді…

– Оны өлтіру кімге керек? Біреуге орган керек болғанда, донорды өлтірсе, әлгі мұқтаж адамға орган сәйкес келе кетеді деп ойлайсыз ба? Бізде, мәселен кезекте екі жүз адам тұрса, ол орган тек біреуіне ғана сәйкес келуі мүмкін. Одан бөлек, тізім бар, кезек бар. Өлтірген кезде органның бәрі бірдей жарай бермейді. Жүрек соғып тұруы керек, тек ми өлуі керек. Ислам діні де мойындады, адамның жүрегі соғып тұрғанымен, миы өлсе, ол өлгенмен пара-пар. Осыдан бес-алты жыл бұрын Ирандағы Ислам конференциясында осылай деп пәтуа шығарды. Қазір трансплантациялық оталар жасаудан Иран да алдыңғы орындарда. Молдалар осындай мәселелерді астар мен жиындарда қозғап отырса деген тілегіміз бар.

Сізге бір нәрсені айтайын, 2005 жылы қабылданған заң, қайтыс болған адамның органын рұқсат сұрамай-ақ ала беруге мүмкіндік береді. Бірақ біз оған бармаймыз. Орган ауыстыру – медицина қызметкерлеріне емес, ең әуелі қоғамға, адамға керек. Халық осыны түсінсе дейміз.

– Бүйрек, бауырын сататындар туралы, не болмаса балалардың органын өткізу үшін ұрлап кететіні жайлы небір алыпқашпа әңгімелер осы күні өте көп. Органын сату мақсатында донор болатындар мүлдем жоқ, олай болуы мүмкін емес деп кесіп айта аласыз ба?

– Әрине! Ол кімге керек? Сатам дегендер жазып жатқан шығар, әрине біз оған кепіл бермейміз, бір-бірімен келіссөздер жүргізетін болар. Медицина қызметкерлері туысқандық қарым-қатынасты міндетті түрде тексереді. Сен ағаңа, анаңа, туысыңа органыңды сатпайсың ғой. Өз арасында ризашылығын білдіріп жатса, оған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Бір нәрсені түсіну керек. Трансплантациялық отаға 40-50 адам қатысады. Оны жасырын жасау еш мүмкін емес.

– Орган ауыстыру отасы қымбат тұрады деп естиміз. Бұл оталардың барлығы бірдей ақылы ма, әлде жеңілдіктер, мемлекет тарапынан квота қарастырылған ба? Қай органды ауыстыру қымбатырақ, қай органды ауыстыру салыстырмалы түрде арзандау?

– Дүниежүзіндегі ең арзан баға бізде. Израильмен салыстырғанда біздің бағамыз он бес есе арзан. Бірақ біздің қолданатын дәрілеріміз он бес есе қымбат. Олардағы отаның қымбат болатын себебі, қаржының негізгі бөлігі дәрігерлерге кетеді. Мен мысалы, төрт жүзге жуық ота жасадым, ол үшін менің жалақыма ақша қосылмайды. Тіпті, мың ота жасасам да, айлығыма әсер етпейді. Ал, шетелдерде дәрігерлердің айлығына қосылады. Бізде трансплантациялық оталардың бәрі тегін. Трансплантация кезеңінен кейін өмір-бойы дәрі ішу керек, ол дәрігерлер де тегін.

– Ендеше неге трансплантациялық оталардің кезегі көп?  

– Себебі донор жоқ.

– Дәрігер ретінде қайсысын көбірек қолдайсыз, емдеу шараларын мейілінше жақсарта түсуді ме, әлде трансплантацияны ма?

– Басқа ем табылып жатса, орган ауыстырудың не қажеттілігі бар? Трансплантация – соңғы мүмкіндік. Басқа ем жоқ кезде, органды ауыстырамыз. Оған балама жоқ.

Дәрігерлер Құдай емес

 

– Бірнеше жыл қатарынан еліміздің ірі аймақтарында медицина саласын басқарған тәжірибеңіз бар. Мемлекеттік органдарда да қызмет атқардыңыз. Аймақтардағы болсын, орталықтардағы болсын, бүгінгі медицинаның жағдайы мен басты проблемасы не деп ойлайсыз?

– Жалпы, біз медицинаға көп талап қоямыз. Талап қою үшін қаржыны аямау керек еді. Медицинада ақша жеткілікті дейміз. Ол жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) байланысты. Соның ең кемі бес пайызын осы салаға бөлу керек қой. АҚШ-та, мәселен, ЖІӨ-нің 15 пайызын медицинаға бөледі. Шетелдерде ең жоғары айлық алатындар – медицина қызметкерлері. Дәрігерлерге жағдай жасамай, олардан медицина саласын жақсарту керек деп талап ету дұрыс емес. Қазір техниканың 40 пайызы көнерген. Ғимараттардың 40-60 пайызы ескірген, құрал-жабдықтардың 60 пайызы тозған. Заманына сай жаңа технологиялар шығып жатыр.  Соның барлығын дер кезінде алу керек.

Елімізде дәрігерлердің бастапқы айлығы 60 мың теңгенің айналасы. Ол маман оқу орнын бітіргенше отбасылы болады. Күні-түні жұмыс істейді. Аз айлық беріп отырып, ол дәрігерден қалай ғана шетелдің озық технологиясына негізделген медицина саласын қуып жет дей аласыз? Медицина саласы мамандарының мәртебесі түсіп кетті. Біздің кезімізде медицина университетіне түсу мәртебе саналатын…

– Меніңше, қазір де солай. Медицина университетіне талапкерлер кілең жоғары баллмен тапсырады ғой…

– Жоғары баллмен тапсырса, тапсыратын шығар. Бірақ ең үздіктер медицинаны таңдап жатқан жоқ. Бұрын медалистердің барлығы медицинаға ұмтылатын. Әке-шешеміз «баламыз медицинада оқиды» деп мақтанатын. Дәрігер болу үлкен мәртебе еді. Қазір сол мәртебе жоқ. Дәрігерге, отандық медицинаға деген көзқарас өзгерді. Тұтас медицина саласын қаралайтындар көп. Одан кейін кім осы мамандықты таңдайды?

Екінші жағынан адамда қабілет болу керек. Кейбір әріптестеріміз бірден құрмет-қошеметке бөленгісі келеді. Ол да дұрыс емес. Құрмет – жылдар бойы жиналады.

– Медицина саласында жасалынып жатқан реформаларға көңіліңіз тола ма? Қазақстанда жасалған ең жақсы реформа осы еді деп, қай бастаманы айта аласыз?

– Дүниежүзінде қандай тенденция бар, жүйе соған байланысты өзгеріп жатады. Рефороманың барлығы медицинаның халыққа қолжетімді болуы үшін жасалады. Әр реформаның артында адамдар тұратынын ұмытпау керек. Бір медицинаны реформалау, медицинаны дамыту жағынан кейбір ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатардамыз.

Жалпы реформаны жүргізетін – басшылар, аймақтардағы денсаулық сақтау басқармасының басшылары, бас дәрігерлер. Оларға көп мүмкіндік берілген. Соны көбі пайдалана алмайды. Себебі, басшылардың деңгейі көп жағдайда сәйкес болмай жатады. Содан кейін халық кінәліні іздейді. Ол әдетте Үкіметтен бастап, Денсаулық сақтау министрлігіне келіп тіреледі. Жалпы, басшы қабілетті болса, өзім бірнеше құрылымды басқардым, өз тәжірибемнен айтайын, адам қалай  басқарады, аурухананы сондай қалпында қалдырады. Бір басшы келеді де сол мекемені сол қаржымен гүлдендіреді. Келесі басшы әлгі гүлденіп тұрған мекемені дәл сол қаржымен құрдымға жібереді. Барлығы ұйымдастырушының білімі мен біліктілігі, жауапкершілігіне байланысты. Біреу келіп жақсартса, біреу келіп құрдымға жіберсе, ол реформаға, қаражатқа байланысты емес, адамға байланысты екені түсінікті болмай ма?

– 2017 жылдан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілгені белгілі. Бұл бағдарламаның халыққа берері не? Осы сақтандыру арқылы елдің медициналық жағдайы түзеле ме, әлде медицина саласындағы экономияның бір түрі ме?

– Мұның барлығы халықаралық тұрғыда зерттелген тәжірибелер. Өзге мемлекеттерде қолданылған, нәтижеге жеткен бастамалар. Әрине, адамға, мекемеге ауыртпалық жасамауы керек. МӘМС жарнасын төлейтін азамат «лайықты жарнаны төлеп жатырмын, сіздерден сапалы көмек көрсетулеріңізді талап ету – менің құқым» деп нық айта алады. Бұл – өз-өзін ақтайтын бастама. Бір нәрсені ескеру керек. Жарнасын төлеген азаматтарға сапалы медициналық қызмет көрсету денсаулық сақтау саласына ғана байланысты емес, сол төлемдердің денсаулық сақтау саласына уақытылы түсіп тұруына да тәуелді. Жарналардан жиналатын қаржыға дәрі-дәрмектер, технология, дәрігерлердің айлықтары жоспарланады.

– Отандық медицинаны түкке алғысыз қылатын адамдар өз әріптестеріңіз ішінде де бар. Шынымен де, отандық медицина мүлдем дамыған емес деп айтатындардың сөзіне айтар уәжіңіз қандай?

– Сынайтын адам егер осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңған маман болса, оның сынына құлақ түруге болады. Себебі, сын әр салада бар, болуы тиіс. Шетелдердің медицина саласын да ешкім мінсіз дей алмайды.

– Дәрігер ретінде ғана емес, азамат ретінде айтыңызшы, сіздің алдыңызға емделуге ешқандай экономикалық мүмкіндігі жоқ, алайда емге соншалықты мұқтаж адам не оның туысқаны көмек сұрап келді ме?

– Менен қалталы азаматтар көмек сұрамайды. Қарапайым адамдар күніге келеді. Үкімет кепілдік беріп отыр, трансплантациялық оталардың барлығы тегін. Былтыр алты мың ота жасасақ, соның төрт жарым мыңы тегін болды. Азаматтар көмек сұрап келсе, «квота бар, соны аласыз, бізге келесіз. Біз отаны тегін жасап береміз», деп түсіндіреміз.

– Жақсы танитын, жақын адамыңызға ота жасауға тура келетін сәттер болды ма?

– Жақын адам деп әке-шеше, туған бауырыңды айтып тұрсыз ғой. Ондай жандарға әрине, ешкім ота жасамайды. Алыс туыстар көп қой, оларға жасай бересің. Егер жақын адамдарыңа сенен басқа ешкім ота жасай алмайтын жағдайда оларға да жасауға тура келер. Менде ондай жағдай болмапты.

– Отаның барлығы бірдей сәтімен келе бермейтінін түсінеміз. Сәтсіз ота тәжірибеңізде кездесті ме? Ондай сәттерде маман ретінде, азамат ретінде жаныңызға қандай жұбаныш іздейсіз?

– Отаның небір түрі бар. Мен жасайтын оталардың негізгісі бірді-екілі хирургтар ғана жасайтын аса күрделі оталар. Бір отада кейде адамның төрт-бес мүшесін алып тастауға тура келеді. Ондай оталардың дүниежүзілік стаститкасы бар. Қанша пайызы сәтті, қаншасы сәтсіз дегендей. Егер адамның емделетініне бір пайыз ғана кепілдік беріліп тұрса, сол отаны сәтімен жасап шығуға тырысамыз. Бұл біздің дәрігер ретіндегі сертіміз.  Үлкен хирургия ешқашан жүз пайыз кепілдік бермейді. Науқастың туыстарына мұның барлығын түсіндіріп айтамыз. Дәрігерлер Құдай емес қой.

– Рас-өтірігін білмейміз, бірақ кейбір елдерде бала дүниеге келісімен кейбір органын, мәселен, соқырішекті алып тастайды екен деген сөздерді естіп қаламыз. Жалпы, адамның бойында өзіне керек емес органы бар ма? 

– Керек емес орган болмайды.

– Владимир Демихов есімді кеңестік хирург сізге қаншалықты таныс? Басты зерттеу тақырыбы адам органдарын трансплантациялау болған Демихов органдарды ауыстыру бойынша іргелі еңбектерді алғашқылардың бірі болып жазып, осы ізденістері үшін медицина ғылымының докторы атаныпты. 1962 жарық көрген «Экспериментальная трансплантация жизненно важных органов» кітабы Нью-Йорк, Мадрид, Берлинде қайта басылып, органдар мен тіндерді ауыстыруға қажет негізгі еңбектердің біріне айналған екен. Алайда, хирург Владимир Демиховтың «зерттеулері» мұнымен тоқтап қалмаған секілді. Ол мәселен, неміс төбетінің басының жанына күшіктің басы мен алдыңғы екі аяғын қоса «тігіп» тастап, түрлі эксперименттер де жасаған дейді деректер. Демихов жиырмаға жуық осындай құбыжықтар жасаумен айналысқаны туралы деректерді қазір көптеп естиміз. Органдарды ауыстырудың соңы осындай құбыжықтар жасау жарысына айналып кетпей ме? 

– Қазір ондай эксперимент жасаудың ешқандай қажеті жоқ. Жүректі ауыстыру отасының жасалғанына биыл 55 жыл. Бүйректі ауыстырғалы 80 жыл, бауырды ауыстырғалы 55 жыл болды. Қазіргі медицина ешқандай эксперименттер жасауға мұқтаж емес. Оны эксперимент демейді, зерттеулер деп атайды және ол зерттеулер ешқашан адамға жасалмайды. Ал адамның клеткасын алып, оны органға айналдыру мәселесі қолға алынып жатқаны рас.

– Ең алғашқы отаны қашан, кімге жасадыңыз?

– 1985 жылы жасадым. Ең алғашқы ота әр дәрігердің есінде қалады. Ұстазым, марқұм Сапар Темірбекұлының басшылығымен студент кезімде, бесінші курста жасағам. Шат жарығы отасы еді.

– Дәрігерлер ырымға көбірек сенеді деп естиміз. Сіз қандай ырымға сенесіз?

– Неге дәрігерлер ғана ырымға көбірек сенеді деп ойлайсыз? Ырымға көп адам сенеді.

Бізде мақтануға болмайды деген ырым бар. Өте жақсы ота жасадым деп, науқас ауруханадан шығып кетпей айтуға болмайды. Науқастың туыстарына отаны сәтті жасаймын деп 100 пайыз кепілдік беруге де болмайды. Өзім осы ырымдарды қатты ұстанамын. Әрине, кейбір оталарды бірнеше рет жасағансың, отаның сәтті өтетініне сеніп тұрасың. Бірақ бәрібір алдын-ала кепіл бере алмайсың.

– Осы мамандықты бекер-ақ таңдадым деп қатты өкінген сәттеріңіз болды ма?

– Ешқашан. Қайыра мүмкіндік берілсе, осы мамандықты таңдар едім. Құдайға, жөн көрсеткен ата-анама ризамын. Осы мамандықты таңдауыма әкем ықпал еткен еді. Баласының болашағын сезген шығар. Бұрын-соңды ешкім жасамаған отаны жасап жүрміз. Бұл да жаңашылдық, жаңашылдыққа ұмтылу деп білемін.

– Дәрігерлер пара ала ма?

– Мұндай сұрақ қойылуының өзі дұрыс емес. Төбемде Құдай тұр ғой, бір адамнан ақша сұрап көргем жоқ. Сөзімнің өтірігі болса, «Құдай ұрсын!» деп айтайын. Дәл бұлай көп адам айта алмайды. Дәрігерлер ғана емес, басқа мамандық иелерінің ішінде де бұлай анық айта алмайтындар кездеседі. Ал мен айта аламын.

Бірақ, адамдар ризашылығын білдіріп жатса, дәрігерлеріме ол ризашылықтан бас тартпаңдар дегім келеді. Сіз түсініңіз, ризашылық деген ақша емес, ол емделген жанның шын көңілінен шыққан алғыс-тілегі. Маған мысалы, кітабын сыйлаған жандар бар.

Шын маман, шын талант пара алмайды. Себебі Құдай адамға талант бергенде адамгершілік, адалдық қасиеттерді де қоса сыйлайды. Пара сұрайтындар бар деп те естимін. Міндетті түрде оларды райынан кері қайтаруға тырысамын. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді ғой, осындай адамдар саламызға кір келтіріп жататынын мойындаймын. Параны, қай салада болса да, делитанттар алады.

– Дәрігерлер көп ішеді деген сөз бар. Қаншалықты рас?

– Дәрігерлердің ішуге уақыты бар деп ойлайсыз ба? Жұмысқа жеті жарымда келеді. Қазір менің  дәрігерлерімнің барлығы отада. Ол отадан түс ауа, 4-5-терде шығады. Содан кешкі 7-8-ге дейін науқастардың тарихын жазады. Олар Алматының кептелісімен үйлеріне жеткенше, түнгі он болады. Сенбі-жексенбілердегі той-томалақта аздап ұрттайтындары бар шығар, ол бірақ жұмыс уақытында ішкен болып есептелмейді.

Сосын ол дәрігер қай ақшаға ішеді? Айлықтың аз екенін жоғарыда айттым ғой.

– Отандық медицинада өзіндік із қалдырған замандас ғалым деп кімді есептейсіз?

– Медицинада жаңалықтар көп ашылмайды. Ашылған жаңалықтарды медицина саласында алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізген әріптестер көп. Осы жерде айта кету керек, медицинада жаңалықтарды енгізудің ауыртпалығы да өте көп, жауапкершілігі де салмақты.

 

Әңгімелескен Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ.

 

 
Көрілді: 2484
Жаңартылған: 25.01.2018 | 15:52
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір