Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Жапан даладағы қала немесе германиялық «Мерседес» қайда «өледі»? (фото)

27.07.2017 | 11:02
Жапан даладағы қала  немесе германиялық «Мерседес» қайда «өледі»? (фото)

 

Осы сұраққа Сәтбаев қаласында жүргенде жауап тапқандай болдық. Қала көшелерінен қатар келе жатқан қос көлікті көрсеңіз, оның бірі – «Мерседес» дей беріңіз. Қателеспейсіз. Шартты түрде алсақ, қалада 1000 көлік болса, 500-і – «Мерседес». Әрі басым көпшілігі ескі. 1985-1990 жылдары зауыттан шыққандары анық аңғарылады. Германияда «туған» көліктер Қазақстанда, оның ішінде Сәтбаевта және осы қалаға көршілес Жезқазғанда «жан тапсыратын» секілді.

 

3333

 

                                    «Қанекеңе қарыздармыз!»

Қала тұрғындары Қаныш Сәтбаевты ерекше құрметтейді. Неге? Себебі, Сәтбаев болмағанда онымен аттас бұл қала да болмайтын еді. Әрине, «ит байласа тұрмайтын» жерге қаланы бекерден-бекер салмайды. Қала салу үшін мұнда қандайда бір кен көзі болуы керек. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қирап қалған экономиканы қайта аяққа тұрғызу үшін Кеңес Одағында жаңа ресурс көздері ізделе бастады. Экспедициялар жер-жерді аралап, қойнауында бірдеңе бар-ау деген жерлерге қазық қағылды. Сол тұстағы қазақ халқының әйгілі ғалымы Қаныш Имантайұлы қапырық үрлеп, мүлгіңкіреп жатқан Бетпақдаланың қойнынан мысқа толы кен орнын тапқан. Ары қарай бұл жаңалық Мәскеуде қаралып, ақыры 1954 жылы Бетпақдалада, қазіргі Қарағанды облысының аймағынан Никольский атындағы өндірістік қала бой көтерді. Ол кезде қала деп аталмады. Жай ғана поселке еді. Никольскийге қала дәрежесі арада 20 жылға жуық уақыт өткенде ғана берілді. Ал, 1990 жылы тәуелсіздікке ұмтылған қалың бұқараның талап-тілегіне орай, қалаға Сәтбаев есімі берілді. Бүгінде қалада 70 мыңның ар жақ, бер жағында адам өмір сүреді. Қазақ ұлтының үлесі – 70 пайызға жуық.   

Осы тұста бізге қаланы аралатып, тарихынан сыр шертіп жүрген сәтбаевтықтар мынандай бір аңызды айтып берді:

Одақ тұсында Мәскеуде әлдеқандай бір жиналыс өтіп жатыр екен. Жиналыста Қаныш Имантайұлы  ірі басшыларға есеп беріпті. Ол басшыларға Сәтбаев қаласының қойнауындағы байлықты бірнеше есе төмен қылып көрсетіпті. Басшылар ғалымға сенген. Жиналыстан соң, археолог Әлкей Марғұлан Қанекеңнен сұрамай ма, неге аз қылып көрсеттің деп. Сонда Қаныш ағамыз:

- Егер бұлай істемесем, олар біздің жерді аяусыз сорады. Аз ғана уақыт ішінде мұнда түк те қалмайды. Сонда біз кейінгі ұрпаққа қалай қараймыз? Оларға да бірдеңе қалу керек қой, - деп жауап беріпті. Ертеңін ойлаған ғалымнан қалай айналмайсыз?!.  

Мінекей, Қ. Сәтбаевтың сол кездегі ерлігінің арқасында қалада мыс кеніштері, өндіріс орындары әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Көптеген қала тұрғындары Қанекеңе қарыздар екенін айтудан шаршаған емес.

Бүгінде қаланың қақ ортасында Қаныш Имантайұлының алып ескерткіші қасқайып тұр. Қала тұрғындары ескерткішке әрқашан зор ризашылықпен қарап өтеді.

 

4444

 

                           Маскүнемдер аз емес

Облыс орталығы - Қарағанды қаласында орыс тілі үстемдік құрса, орталықтан 550 шақырым жырақ жатқан Сәтбаевта тұрғындар бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеседі. Тілдері өте шұрайлы. Бұны парадокс дейсіз бе, өзіңіз білесіз. Қаладағы түрлі сервис орталықтарында орыс тілін білмей-ақ шаруаңызды тындырып шыға аласыз. Өкініштісі, сервис орталықтары сізге ойыңыздағыдай қызмет көрсетпейді. Мысалы, дүкенге, асханаға кірсеңіз ондағылар сізді «неге келдің» дегендей қарсы алады. Бәрінде емес, басым көпшілігінде. Мүмкін, бұл мұнда қалыпты жайт шығар. Бәлкім, біз Оңтүстіктен барғасын, мұндағы қызметті өзге өңірлердегі сервистермен салыстыруға келмейтін шығар.

Бір қызығы, қалада өмір мимырт. Әлдеқайда асығып жатқан ешкімді көрмейсіз. Неге? Өйткені, мұнда шағын және орта кәсіпкерлік дамымаған. Бәсекелестік жоқ десе болады. Бейнебір бұл өлкеге капитализм әлі келіп жетпегендей. Қала коммунизмге ұмтылған социализмде қалып қойған ба дерсіз.

Тәуелсіздік алғалы бері Сәтбаевта жаңа үйлер салынбаған секілді. Себебі, халық саны ұлғайып жатпағасын, тұрғын үйге сұраныс жоқ. Мысалы, сіз Сәтбаевтан 4 бөлмелі пәтерді бар болғаны 6 миллион теңгеге ала аласыз. Бірақ, ол тез өте қоймайды. Ұзақ күтесіз. Осы себепті шығар, қалада бір-екі көпқабатты үй бос тұр. Осыдан бірер жыл бұрын мұнда жаңа тұрғын үй кешені бой көтеріпті. Осы кешен ғана қалаға XXI ғасырға тән көрік беріп тұрғандай. Дегенмен, тұрғындар бұл кешен сапасыз салынған, көп болса үш-төрт жылдан соң сыр бере бастайды деп болжамдарын айтып жатыр. Мүмкін, рас шығар. Халық айтса, қалып айтпайды.   

Шамаман, қала тұрғындарының 70 пайызға жуығы «Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істейді. Көпшілігі нәпақаларын шахтадан тауып жүр. Шындығына келсек, шахтада жұмыс істеген өте ауыр. Күніне 12-18 сағатты жер астында өткізген оңай емес. Екі-үш күн сайын жер астына түсе берген адамды шаршатып әм жалықтырып, тіпті, өмірден түңілдіріп жібереді. Осы себепті, шахтерлар араққа үйірсек келеді. Ащы су қиындықты уақытша болса да ұмыттырады.  Осылай деп бізге шахтада жұмыс істейтін жігіт айтып берді. Оның айтуынша, кейбіреулер шахтадағы қиындыққа шыдамай, түрлі жолдармен әр түрлі деңгейдегі «мүгедектік» алуға асығады екен. Тіпті, жұмысқа жаңа тұрған екі жігіт бір-бірін аяусыз сабап, мүгедектікке шықпақшы болыпты. Оны басшылық біліп қойып, екеуіне қатаң ескерту жасаған. Ал, егер мүгедектік алғанда, оларға дәрежесіне қарай бірнеше жыл жәрдемақы төленетін еді.

5555

«Қазақмыс» демекші, Сәтбаев пен Жезқазғанды осы корпорация асырап отыр десе болады. Қос қаладағы көптеген кешендерді «Қазақмыс» салып берген. Мысалы, Сәтбаевтағы ірі спорт кешенін алуға болады. Мұнда сіз футбол, теннис ойнап, мұз айдынанда сырғанай аласыз.  Қаладағы жолаушы тасымалдайтын автобустарды да «Қазақмыс» жүргізіп отыр. Бәлкім, қаланы асырау – корпорацияның міндеті шығар.

Кешқұрым қала тұрғындары орталықта серуендейді. Онда балаларға арналған аттракциондар бар. Осыдан екі ай бұрын орталықта балалар пойызы болыпты. Бірақ, 4 жасар бала пойыз астына түскесін, оны алып тастапты.

Ал, түн ортасында қаладағы көпқабатты үйлерге жапсарлас орналасқан көлік тұрақтарында үй-күйсіз жандар арақ ішіп, түрлі азғындық әрекеттер жасайтын көрінеді. Таңертең әлгілер ойнақ салған жерде бөтелке, темекі қораптары секілді қоқыстар шашылып жатады. Олармен күресуде полиция дәрменсіздік танытып жатқан секілді.

6666

Тағы бір айта кетер жайт, осыдан оншақты жыл бұрын қалада мешіт пен шіркеу қатар бой көтеріпті. Бір қызығы, екеуі бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Аралары – 50 метрдей-ақ. Сол кезде бұл Ислам дінін ұстанатындарды да, Иса пайғамбарға табынатындарды да ашуландырған. Тіпті, көк те бұған наразы болған секілді. Бұқараның айтуынша, құрылыс жұмыстары аяқталып, мешіт пен шіркеу ашылғасын, көп өтпей дәл орталарындағы жолға жай түскен. Жолға төселген асфальт шашылып кетіпті. Бірер жылдан соң, шіркеудің шатырында найзағай сойқан салған. Қоңырауы қирап түсіпті. Рас-өтірігін кім білсін, дегенмен, бұл оқиғаны бізге бірнеше адам бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай айтып бергесін, сенбеске амалымыз қалмады. 

7777

                       Қара жамылған балалар

Бір әттеген-айы, қалада бір апта болып, хиджаб киген әйелдер өте көп екен деген ойға келдік. Хиджабты тек қазақ әйелдері ғана емес, славян әйелдері де жаппай кие бастапты. Сорақысы, темір-терсегі сылдыраған қап-қара хиджабтан тек көзі ғана жылтырайды.

Бірде қала орталығында келе жатып мынандай көрініске куә болдық:  Дәл алдымызда үш адам келе жатты. Барлығы қара жамылған. Мұнда тұрған не бар дерсіз? Айтайық. Шамамен, төрт және алты жасар қос бүлдіршін қызына анасы хиджаб кигізіп қойыпты. Бет-аузын тұмшалап. Бейбіт заманда бұл сырт көзге өте қорқынышты көрінеді екен. Жанынан өткенде бейнебір лаңкес жуығандай денеңіз тітіркеніп кетеді. Бұған қала тұрғындарының еті өліп кеткен бе, мән де бермейді. Ал, өзге өңірлерден келген бізге бұл таңсық көрінді. Бәрінен бұрын, балаларға обал. Кішкентайынан қазақ діліне сәйкес келмейтін тәрбие алып өскен балалардан елімізге қауіп келмей ме? Әрине, біздің елде дінге зорлық жоқ. Қазақстан - зайырлы мемлекет. Дегенмен, қалада сақал-мұрт өсірген, қара киінгендер көбейіп бара жатқаны көңілге күдік ұялатады екен.

Сәтбаев – өз-өзімен жатқан қала. Тығырықта. Қала күре жолда жатпағандықтан, әлдеқайда шығу қиындық тудырады. Сондықтан, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау секілді қалаларға бару үшін кемі 1 апта бұрын пойызға, яки ұшаққа билет алып қою керек. Әйтпесе, мұнда автобус өте сирек жүреді. Тіпті, жүрмейді. Себебі, Сәтбаев пен Қарағанды, Жезқазған мен Қызылорда арасындағы жолдар өте нашар. «Жол ұрып тастады» деген сөзге осында көз жеткізесіз.  

Және Байқоңырдан көкке зымыран ұшса мұны ең бірінші сәтбаевтықтар сезеді. Себебі, зымыран ұшқан күні қалада көзіңді аштырмайтын дүлей жел тұрады. Біз барған кезде Жезқазған маңында ракета қалдығы құлап еді. Сол себепті шығар, ойламаған жерден қалада күн ысып, артынша нөсер жаңбыр жауып кетті. Ертесіне күн қызарып, қаланы сарғыш реңкке боялды. Әрине, бұл бізді шошытты.

8888

P.S. Жалпы, сәтбаевтықтар өз қаласын дамытуға сараңдық танытқанымен, Қазақстанды әлемдегі дамыған елдер қатарына қосуға аянбай үлестерін қосуда. Маңдайы қыртыстанып, бетіне жыра-жыра сызық түскен шахтерлар тек өз отбасын ғана емес, республикадағы бюджетке алақан жайып отырған дотациялық облыстарды асырап жатқанын біле ме екен? 

Шымкент-Жезқазған-Сәтбаев

Абылай Есімбай,

«Рейтинг» газеті №29, 27 шілде 2017 жыл

 
Көрілді: 494
Жаңартылған: 27.07.2017 | 11:52
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір