Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Қазақстандықтар шетелден гөрі ел ішінде көбірек саяхаттай бастады

23.07.2017 | 11:05
Қазақстандықтар шетелден гөрі ел ішінде көбірек саяхаттай бастады

Қазақстандықтар шетелден гөрі ел ішінде көбірек саяхаттай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл мәлімдеме Алматыда туристік сала мамандарының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде айтылды. Сарапшылардың айтуынша, бұған экономикалық жағдай ықпал етіп отыр. Aviata.kz компаниясының басшысы Алексей Ли 2017 жылы ішкі туризм трафигі сыртқы туризмнен асып тұрғанын жеткізді. «Бұл теңге курсының долларға шаққандағы бағамына байланысты болып тұр. Шетелде демалу бұрынғыдан қымбат түседі. Адамдар ел ішінде көбірек саяхаттай бастағанын байқап отырмыз. Осындай статистикаға ЭКСПО-ның өтіп жатқаны да әсер етсе керек», - деді Алексей Ли. Aviata.kz өкілі Астанаға барушылардың саны тек маусымда күрт өскенін айтты. Арзан билеттер таусылған соң Астанаға баратындар қатары азайып қалды. Қазақстандықтар шетелден гөрі ел ішінде көбірек саяхаттай бастады Ал Туристік ақпараттық орталығы Әсел Нұркебаеваның айтуынша, қазір Алакөл пансионаттарында демалушыларға орын жоқ екенін айтты. Бурабайда да барлық қонақ үйлер 100 пайызға толы. «Түркияда бір апта демалу үшін адам басына 1000 доллар, 330 мың теңге кетеді. Ал Бурабайда 2 адамға 5 күн бойы демалуға осы сома кетеді. Оған бесжұлдызды қонақ үй, үш мезгіл тамақ кіреді. Қазақстанда ішкі туризмде ақша жасай алатын 10-15 компания бар», - деді Әсел Нұркебаева. Қазақстан туристік қауымдастығы басшысы Рашида Шайкенова қазақстандықтардың шетелге шығуды азайтуының бірнеше себебін атады. «Ішкі туризм дамып келеді. Адамдар өткен жылдары шетелді көріп аралап тастады. Бірақ, өз елінде көп жерді көрмегендер бар. Сөз жоқ, қаржылық фактор да әсер етеді. Адамдар, мәселен Алакөлге жету үшін барлығына шыдауға бар. Өйткені, бұл анағұрлым арзан әрі көлдің суы керемет шипалы», - деді Рашида Шайкенова. Оның айтуынша, бүгін мемлекет туризмді дамытуға көп күш салып отыр. Алайда, бұл жерде мемлекет көмегінің қай жерде бітіп, бизнес жауапкершілігі басталатынын ұғып алуымыз керек. «Бізде жаппай туризм жоқ. Осыны ескере отырып, мемлекет адамдардың курорттарға жетуіне жағдай жасауы керек. Мәселен, жолды жөндеу, жеңіл авиация кіргізу. Мына тұрған Көлсай мен Қайыңдыға адамдар қазіргіден де тез жетуі тиіс. Сол кезде кәсіпкер ақшасының қайтатынына сенімді болып, банктен кредит алады», - деді Рашида Шайкенова. Қауымдастық өкілінің бұл пікіріне Даму кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілі жауап берді. «Туристік саланы дамытуға Алматы туризм бағдарламасы іске қосылды. Кәсіпкерлер осы бағдарлама арқылы әріптес банктер -«Халык банк», «Нұрбанк», «АТФ» банктерінен несие ала алады. осы бағытта 400 млн теңге бөлінді. Кәсіпкерлер ең көбі 100 млн теңге алады, пайыздық мөлшерлеме 8,5%. төлеу уақыты 3-7 жыл шамасында. Ең басты шарт кепілзат қою», - деді ДАМУ өкілі.

 

 
Көрілді: 481
Жаңартылған: 21.07.2017 | 17:10
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір