Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Дінмұхамед Әбдіжаппаров , «Күлкістан» театрының әртісі: Цистернаның әлегі-ай!

15.07.2017 | 10:46
Дінмұхамед Әбдіжаппаров , «Күлкістан» театрының әртісі: Цистернаның әлегі-ай!

«Әртістер қиялшыл болып келеді» деп бекер айтылмаса керек. Менің де  Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Кеген ауылында өткен балалық шағым арман-қиялға толы болды. Әкем ауылдық клуб үйінің меңгерушісі болатын. Клубта өтетін барлық іс-шаралардан тыс қалған жоқпын. Өнер жолына түсуіме де  сол ауылдағы кішкентай сахна себеп болған шығар, бәлкім.

      Үйдің үлкенімін. Менен кейін екі қарындасым және кішкентай інім бар. Тұңғыш немеренің кемпірдің қолында өсетіні қазақтың жазылмаған заңдылығы емес пе?! Мен де әженің тәрбиесін көрген ұлмын. Әжеме еркелегенім соншалық алғашқы қоңырауда мектепке әжемнің арқасына мініп барғанмын. Тіпті, күн сайын солай болды. Өзге балалар жаяу барса мен бір тоқсан бойы тегін «таксимен» барып жүрдім. Сабақ біткенше апам мектеп сыртында мен күтіп тұрады. Сабақ аяқталған бетте апама қарай жүгіріп, арқасына қайтадан мініп аламын.  Ауыл халқы тегіс қоңырат пен қараша руынан құралған. Ал біз қожамыз. Сондықтан кемпірді бәрі «бибі» деп ерекше сыйлайтын, бүкіл ауыл алдынан кесіп өткен емес.  Қазір ойлап қарсам сол «бибінің» арқасында мен патшадай болып өсіппін ғой.

      Айта берсем жастық шақтағы ерліктерім толып жатыр. Бала күнімде совхоз директоры болып, ауылыма үлкен бассейн салып берсем деген асқақ арманым бар еді. Сол бассейнге жазда балалар шомылса, ал қыста бетіне қатқан мұзда сырғанақ тепсе, шіркін... Бұл ойымды жүзеге асырамын деп талай рет талпынғанмын. Соның бір көрінісі мына бір оқиға. Ауыл маңында үлкен цистерна болатын. Іші толған су. Цистернаның темір қақпағын жақсылап резинамен бекітіп, дәу болттармен бұрап тастаған екен. Мақсатым сол цистернаның аузын ашу еді. Сондағы ойым су төгіліп, ол мұз болып қатса, біз сырғанақ ойнасақ. Ары өтіп, бері өтіп «алып бөшкенің» аузын ашуды жоспарлап жүрдім. Алдымен  болттардың өлшемін анықтап алдым.Сосын ешкім жоқ кезде болттары жұмсара берсін деп солидол жағып кетем. Енді болттарды ашатын «ключты» табу ғана қалды. Содан трактор айдайтын көрші үйдің баласын айналшықтай бастадым. Ақыры бір күні көршінің үйіне ұрлыққа түсіп, өзіме керекті құрал-саймандарды алып шықтым да, цистернаға тартып тұрдым. Құрғыр темірлердің бұралатын түрі жоқ. Әлі де қатты. Қайтадан солидол жағып кеттім де, біраз күн күттім. Бала емеспін бе, шыдамсызданып әлгі темір бөшкеге қайтадан бардым да қақпақты не болса да ашуға бекіндім. Қолыма 36-шы болтты бұрайтын кілтті алып,  енді іске кіріскенім сол еді цистернаға қарауыл болып жүрген кісінің Жұмабай деген ұлы мені байқап қойды. Көре сала жан дауысы шығып, «түс» деп айғайға салды. Таспен де атқылап жатыр. Жерге түссем одан оңбай таяқ жейтінімді білдім бе,  жоғары қарай өрмелей бердім. Цистернаның биіктігі шамамен 40 метр. Әлгі бала енді менен қорқайын деді. Әкесі совхоздың ісімен жалалы болып, сотталып кеткен болатын. Сондықтан менің амандығымды тілеп тұр. «Әкем де сотталып кетіп еді, енді сен де мені құртайын дедің бе, түсші, айналайын» деп байғұс шырылдап жүр. Одан қашамын деп мен де ең биігіне шығып алыппын ғой. «Қап, енді қалай түсемін» деп ойландым. Содан белімдегі белдікті шештім де цистернаға тартылған шынжырдың бойымен жерге сырғып түстім. Қырық метр биіктіктен менің «ұшып» келе жатқанымды көрген  кезде Жұмабай есінен танып қалды.  Жерге түскесін сұлайып жатқан Жұмабайды тастап кетуге арым жібермей, су шашып оятып алдым. Есін жия салып мені тырқырата қуғаны есімде. Менің шабуылымнан кейін Жұмабай қақпақты мүлдем ашылмайтындай етіп дәнекерлеп тастады. Ауылға барған сайын сол  төртінші сыныптағы «ерлігім» бәлкім «қылмысым» еріксіз есіме түседі.

      Менің шалалығымнан совхоз жұмысшылары жұмыстан қуыла жаздаған. Бірде анам майшамның мацы таусылып қалғасын әлгі трактор айдайтын көршінің үйіне солярка алып келуге жұмсаған болатын. Сөйтсем көршілерде де таусылып қалыпты. Үйге құрқол қайтқым келмей, дереу совхозға бардым. Онда солярка толтырылған цистерна болатын. Тракторшылардың барлығы солярканы сол жерден алатын. Бір литр алғанымды ешкім көре қоймас дедім де, «бөшкенің» аузын ашып құя бергенім сол еді, қақпақ қолымнан сусып түсіп, құмның арасына кіріп кетті. Ары іздедім бері іздедім, жоқ. Майшамым болса толып, ернеуінен асып кетті. Солярка болса құмға төгіліп жатыр. Қақпақ табыла қоймағасын ешкім көріп қалмай тұрғанда үйге зытайын дедім де бәрн тастап қаштым да кеттім. Не бүлдіргенімді ешкімді айтпадым. Ертесіне совхоздан жақтан қандай да бір жаңаоық бар шығар деп сонда аяңдадым. Барсам үлкен жиналыс болып жатыр. Жұмысшылардың бәріне ұрысып жатқан көрінеді. Сөйтсем цистернандағы бүкіл солярка құмға төгіліп, айналаның бәрі қоңыр түске боялып қалыпты. 

     Тоғызыншы сынып оқып жүргенде өзімнен төмен сыныптың қызына ғашық болып қалдым. Сезімдерім өлең жолдарымен өрілген талай хаттар жазылды-ау. Ол кезде қазіргідей жүру, кездесу деген болмайтын. Тек мектепте, көшеде бір-бірімізді көріп қаламыз, қалған уақытта тек хатпен сөйлесеміз. Біздің махаббатымызға өзгелер қызыға да қызғана да қарайтын. Әкем клуб меңгерішісі әрі киномеханик еді. Сондықтан менің үндінің кинолары  деген «доступ» мықты болды. Билетті алдын ала үйден жыртып алып кете беретінмін. Киноға жалғыз сүйіктіңді шақыруға болмайды. Билет міндетті түрде құрбыларына да беріледі. Киноға ғашығыңмен қол ұстасып келсең мейлі ғой. Қыздарға орынды алдыңғы қатардан ал жігіттер артыңғы қатардан аламыз. Содан кино біткесін қыздармен қатарласа тағы шыға алмайсың. Себебі ауылдың өсек-аяңы, қатарластарыңның мазағы бар дегендей. Қыздар жарты жолға жеткенде арттарынан қуып жетіп, әрең кездесетінбіз. Сол кездегі ғашықтардың «свиданиялары» шіркін, қызық екен ғой!

 

   Жазып алған: Айнұр Асанқызы,

"Рейтинг" газеті №26-27, 13 шілде 2017 жыл

 
Көрілді: 712
Жаңартылған: 14.07.2017 | 16:52
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір