Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Онкология – ұрпақ жалғастыруға кедергі емес

29.06.2017 | 12:41

          Қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік аурулардың бірі қастерлі ісіктен жылына көптеген науқастар көз жұмуда. Мамандар Қазақстанда онкологиялық аурулардың жасарып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Салдарынан бүгінде сәби сүйе алмай отырған шаңырақтардың саны көбейген. Мәселен Оңтүстік Қазақстан облысындағы отбасылардың 17 пайызы бала сүйе алмай отыр.  Сол себепті жас науқастардың репродукциясымен айналысу өзекті мәселе болып тұр. Осы орайда Денсаулық сақтау басқармасы және Қазақ Онкология және Радиология Ғылыми зерттеу институты онколог дәрігерлердің біліктілігін арттыруда үлкен жұмыстар жүргізуде. Жақында алматылық мамандар облыстық консультативті-диагностикалық медицина орталығында семинар өткізді. Семинардың мақсаты – қатерлі ісіктермен ауыратын репродуктивті қызметінің ақауы бар жас науқастарға көмек көрсетуді жақсарту болып табылады. «Екі күн ішінде жергілікті онколог, гинекологтарға қатерлі ісікті ерте диагностикалау және емдеудің жаңа тәсілдерін үйреттік. Онкологиялық аурулардың жасарып кетуінен балалы болу мүмкіндігінен айырылып отырған қазақстандықтар қаншама?! Қанша дегенмен химиялық, сәулелік терапия адамның ұрпақ жалғастыруына кері әсерін тигізеді. Алайда медицинаның жаңа технологиясы науқасқа балалы болуға зор мүмкіндік сыйлап отыр. Оған дәлел соңғы он жылда елімізде экстракорпоральді әдіспен ұрпақ өрбіту ісі оң нәтиже беріп, 13 мыңнан астам ананың нәрестелі болуы»,- дейді Қазақ Онкология және Радиология  Ғылыми зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.

       - Кездейсоқ адаммен жыныстық қатынасқа түсе салу, ер адамда да, әйелде де ұрық санының азаюына және түрлі қабынулардың пайда болуына әкеліп соқтырады, - дейді семинарға қатысқан Қазақстан репродуктивті медицина орталығының президенті Вячеслав Локшин. «Өкінішке орай, қазіргі заманда отбасы асығыс құрылады. Жастар жыныстық қатынасқа түсіп, контрацепциядан хабарсыз болған соң, қаламаған жүктілікке тап болады. Тығырықатан жол іздеген қыз-келіншектер жасанды түсік жасатады. Бұл өз кезегінде әйелдерді бедеулікке шалдықтырады. Сондай-ақ гармондық препараттарды қолдану, жоспарсыз жыныстық қатынастың салдарына пайда болған қалқанша бездің ауруларының асқынуы онкологиялық ауруға әкеп тірейді. Сондықтан жастардың жыныстық сауаттылығын көтеру арқылы белсіздік пен бедеулік ауруларының алдын алуға болады. Ал аталған дерттің кесірінен бір перзентке зар болып жүрген жандар экстракорпоральді жолмен ұрпақ өрбітуде»,- дейді медицина ғылыдарының докторы В.Локшин.    

    Медицинаның жаңа технологиясы балалы бола алмай жүргендердің проблемасын түбегейлі шешпегенімен біразына шаттық  сыйлауда. Өкінішке қарай бұл жүйе кепілдендірілген тегін медициналық қызметтің түріне енбеген.

      Семинарда өзекті мәселен талқылаған мамандар статистикалық деректерге де тоқталып өтті. Мамандардың айтуынша Оңтүстік Қазақстан облысында қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың саны  республиканың өзге аймақтарымен салыстырғанда төмен екен. Өңірде бірінші орында сүт безінің қатерлі ісігі тұрса, екінші орында асқазан, үшінші орында өкпе рагы тұр. Ал өкпенің қатерлі ісігі керісінше республикада бірінші орында тұрған көрінеді.

       Денсаулық сақтау министрлігінің «Жоғары технологиялар күндері» бағдарламасы аясында өткен семинар барысында Абдоминальді онкологиялық орталығының директоры Марат  Кузикеев облыстық онкологиялық диспансерде бір науқасқа күрделі операция жасады.        

      Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жер шарында қазіргі уақытта жылына 10 миллионға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Осы қалыппен кете берсе, 2020 жылы аурулар саны екі есеге артады. Қатерлі ісік ауруларының өсуі дүниежүзінде ерлер арасында өкпе, тік және тоқ ішек ауруларынан, ал әйелдер арасында сүт безі және жатыр мойны дерттерінен белең алады деп болжануда. Елімізде қатерлі ісік ауруларынан өлімге ұшырау бойынша жүрек–қан тамырлары ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Қазақстанда жылына 31-32 мың адам ауырып, 16-17 мың адам өмірден өтеді. Оның 42 пайызы еңбек жасындағылар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында қатерлі ісікпен 2400-2500 адам ауырып, оның 1500-ге жуығы қайтыс болады. Осы ретте дәрігерлер онкологиялық ауруды алғашқы сатысында анықтайтын болса, одан айығу мүмкіндігі мол екенін айтады.

 
Көрілді: 311
Жаңартылған: 29.06.2017 | 12:44
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір