Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Қуандық Шәкіржанұлы, актер: «Ұрғашы есекке мінемін деп «өле» жаздағанмын»

03.06.2017 | 10:36

      Балалық шақ дегенде әлбетте ойға алдымен кіндік қаның тамған, тау мен жотасында жүгіріп, топырағына аунап, мөлдір бұлағын сусындап ішкен туған жерің оралатыны анық. Менің туған жерім Алматы облысы Панфилов ауданындағы Жаркент ауылы. Бұл өңірде суретші Әбілхан Қастеев, жезтаңдай әнші Дәнеш Рақышев, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы  сынды қазақтың небір нарқасқа тұлғалары дүниеге келген. Жазиралы Жаркенттің «Бомбей» деген екінші аты бар. Себебі Алматыға қарағанда 5-10 градус ыстық. Бәрінен де қырманның басындағы көріністі айтсаңызшы. Ауылдықтар мұнда жүгері егетін. Балалығымыз сол жүгеріні жинаумен өтті десек те болады. Жүгеріні өсірудің қызығы мен машақатын бізден артық кім білер?! Алдымен оның түбін отайсың, өскен соң бөпегін жұласың. Ол аталық және аналық деп екіге бөлінеді. Сарғайып күз келгенде оны жинап аламыз. Жүгері жинау науқаны басталғанда ауылдың қарияларынан бастап жас балаға дейін қырманға жиналады. Ал оқушыларды осы үшін бір жарым айға сабақтан босататын.

     Әкем өмір бойы мектепте ұстаздық еткен жан. Өкінішке қарай, қазір арамызда жоқ. Ал анам Күлбарқан қарапайым жұмысшы болған. Сексенге жақындап қалған анам екі әпкем, екі ағама қарағанда мен үшін көбірек уайым шекті. Себебі үйдің кенжесі болған мен бұзықтау болып өстім. Дегенмен мектепте үлгерімі жақсы оқушы болдым. Түрлі үйірмелерге қатысып, іс-шараларда белсенділік танытып жүретінмін. Әртістік қабілетім де сол мектеп қабырғасында, білім ошағының кішкентай сахнасында ашылды десем қателеспеймін. Анамның айтуынша үйде жалғыз қалғанда домбыраны дыңғырлатып айғайлап өлең айтып отырады екенмін. «Балам-ау, үйді сонша басыңа көтергенің не? деп сұраса, «Ой, Күлеке, кейін есейгенде әртіс боламын» деп жауап береді екенмін. Жеңгелерім «әртіс боламын» дегеніме «Сенен қандай әртіс шығады? Не бойың, не түр-келбетің жоқ» деп менімен әзілдесетін.  Бала күнде талай тентектік жасадық қой. Бір күні көршінің баласы екеуміз есекке мініп келе жатқанбыз. Бір кезде артымыздан тағы бір есектің қумасы бар ма?  Әлгі төрт аяқты кәдімгідей ашулы екен, тура бізді таптап кететіндей боп шауып келе жатыр. Біз де алды-артымызға қарамай қаштық. «Қуғыншының» соңымыздан қалатын түрі жоқ. Құтылмасымызды білген соң әупірімдеп жүріп есектен түсіп, әрең құтылғанбыз. Сөйтсек  ұрғашы есекке мініп алыппыз ғой. Аңғал көңіліміз оны қайдан білсін?!     

hqdefault

     Ауыл маңындағы Өсек өзені талай қызықты сәттеріміздің куәгері болды. Күн жылынса болды шулаған балалар өзенге қарай жүгіріп, шомыламыз. Одан қала берді балық аулаймыз. Ең қызығы  1-мамырда осында келіп «маевка» ұйымдастырушы едік. Сондағысы бәріміз үйден нан, бауырсақ, ағарған секілді азық-түлігімізді алып келеміз де құдайдың құтты күні келіп жүрген жағаға жайғаса кетеміз. Соның өзі біз үшін қызық болатын. Футболдың да әбден «түбін түсірдім».   Екі ауылдың балалары футбол ойнап, қисық қақпа үшін қырылып қалғанымыз есімде. Ағаштан жасалған қақпамыздың бір шеті қисайып қалған екен. Доп ұшып барып қисық қақпаның дәл маңдайына тиді. Содан біреуміз «гол» дейміз, екінші жақ «гол емес» деп ырылдастық та қалдық. Сонда әлгі қақпаны жөндеп, тым болмаса ортасына тіреу қою ешқайсымыздың ойымызға келмеген екен. Доптан бөлек тенниске сондай құмар болдым. Ұтылуды білмейтінмін.

      Жоғары сыныпқа көшкенде тентектікті артқа тастап, қыздарға қырындауды шығардық. Сыныпта Рашид деген жігіт болатын. Ата-анасы поштада жұмыс істеді. Жігіттердің хат тасығыш «көгершіні» осы Рашид еді. Үшбұрыштап жазған хаттарымызды қыздарға талай рет апарып беретін. Жастар бас қосып «вечер» жасай қалған күндері қолыма гитара алып қыздарға ән айтып бергенді ұнаттым. Шырқамас бұрын «Қыздар, мектепте ағылшын тілін оқыдыңдар ма, әлде неміс тілі ме?» деп сұрап аламын. Ол заманда мектептердің барлығында неміс тілін оқытушы еді ғой, ағылшынды ешкім білмейтін. Арулар «неміс тілі»  деп шулап қоя бергесін «онда сендерге ағылшынша ән салып берейін» деп шырқай жөнелемін. Қыз-жігіттер аң-таң. «Мынау не айтып жатыр?» дегендей бәрі аузыма қарап қалған. Менің ойдан шығарған өтірік өлең айтып жатқанымды қайдан білсін?!

   Қайран, балалық-ай! Сол балғын күндер қайтып келмесе де санамызда мәңгілікке жаңғырып қалды. Біреулер жаз шықса болды «қайда демаламыз?» деп бас қатырып жатады. Ал мен қолым қалт етсе болды ауылға тартып тұрамын. Себебі алаңсыз бақытты күндерді сыйлаған туған ауылыма жер бетінің ешбір жұмағы тең келмейді.

  Дайындаған: Айнұр Асанқызы,

«Рейтинг» газеті №21, 1 маусым 2017 жыл

 
Көрілді: 429
Жаңартылған: 01.06.2017 | 13:51
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмір