Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Түркі халықтарының Қазақстанға қоныс аударылуының саяси астарлары

16.01.2015 | 18:23
Түркі халықтарының Қазақстанға қоныс аударылуының саяси астарлары

 1990 жылдары кеңес империясының өзегі сөгіліп, бабалар армандаған еркіндікке қол жеткіздік. Анадолы түркілерінің қатарына 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Ата Заң қабылдап, өз егемендігін алған Қазақстан қатарына Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан (әзербайжандар 1918 жылы 28 маусымда-ақ алып қойған) республикаларының қосылуы бүкіл түркі тілді халықтардың өрісі біртұтас болып, қайта жақындасуына мүмкіндік туды. Қазақ елі осындай көп игі шараларға мұрындық болып жүруі Астана қаласында өткен «Түркі әлемі: тарих және қазіргі заман» атты түркі ғалымдары бас қосқан халықаралық Түркітану симпозиумы осының дәлелі. Бұл мүмкіндік бүгінге дейін Ресей империясынан толық бостандығын ала алмаған түркі тектес автономиялы елдердің және дербестігі жоқ түркі ұлыстарының бірігуіне септігін тигізері сөзсіз.

         Біздің мұнда айтпағымыз, Қырым түбегі мен оның таулы өңірінде ғасырлар бойы мекен еткен татарлар мен ноғайлар, Қап тауындағы әзербайжан мен ақысқа түріктері, Қап тауы сілемдерін мекен еткен қарашай мен балқарлар, құмықтар, қарайымдар және Балқан түбегіндегі ғағауыздар тағдыры туралы сөз болады. Қап тауы мен Оңтүстік-шығыс Еуропа түркілерінің  славияндық тоталитар (латынша – totalis) деспотизм (грекше – despots) құрығына түсіп ел болып еленбей құқықтары тапталып, қуғын-сүргінді басынан өткізген зардабын және олардың Орталық Азия мен Қазақстан жеріне шашыратып орналастыру себебін қарастырғалы отырмыз. Мұндай қасіретті басынан кешу түркілер мен үндістердің ғана маңдайына жазылғандығын нақты деректермен дәлелдейміз.

         Америка құрылығын мекендеген байырғы тұрғын халқы үндістердің (испандықтар осылай атады) байлықтарын иемденген еуропалықтар құлқын үшін үндістерді түгел қырып жібергеніне тарих куә.

         Сол алапат заманда аман қалған америкалық үндістердің түркі жұрты ұрпақтары екендігін дәлелдейтін төмендегідей деректерге сүйеніп отырып өз ұстанымымызды ұсындық; біріншіден – мұз басу дәуірінде (б.д.д. ХІ-ІХ ғ.ғ.) Солтүстік Америка мен Солтүстік Сібір жер қыртыстары мұз дәуірінен алдын тұтас бірігіп жатқан құрлық болғандықтан бір-біріне өтіп отырған. Екіншіден – үндістер антропологиялық жағынан үлкен моңғол пішіндес тобына жатады, яғни қазіргі тыва, топа, хакас, саха т.б. Алтай тауының теріскейінде мекен ететін түркі тектестер болып шығады. Үшіншіден – тек түркілерде ғана кездесетін жас туылған баланың құйрығының жоғарғы жағындағы көк түймедей меңнің болуын бүгінгі күнгі медицина ғылымы АҚШ-тағы үндістердің сәбилерінде кездесетінін дәлелдеп отыр. Төртіншіден – қазақтың белгілі ғалымы Рахманқұл Бердібай АҚШ-та болған сапарында үндістердің үйінде қонақта болғанын айта келіп: «Олардың қонақ күту мәзірі біздің қонақ күтуімізге ұқсастығы және күн шығарда екі қолдарын жоғары көтеріп күнге қарай өздерінше бірдеңелерді айтады» дегені, үндістердің баяғыдағы отқа, күнге, жарыққа табынатын шаман діннің сенімі сақталғанын дәлелдейді. 

         Өткен ғасырдың еншісіндегі Қазақ түркілерінің жеріне түркі азаматтарының келе бастауы, 1917 жылы «Ұлы қазан төңкерісі» деп аталатын қозғалыста бәлшебиктер (қызылдар) патшалы Ресей өкіметін біржолата құлатып капиталистік қоғамның орнына социалистік қоғамды орнатудан басталады.

         1928 жылдың 27 тамызында бәлшебиктер партиясы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару» туралы заң қабылдап, қолындағы бар мүлкін кәмпескілеу басталды (комписка – латынша confiskatio – қазақша мүлікті иесінен тартып алу). Байларды жер аударып, көшпенді кедейлерді отырықшылыққа айналдырды. Жергілікті халық өздерінің наразылықтарын отаршылдыққа қарсы бірнеше ұлт азаттық көтерілістермен көрсетіп жатты. Оны Ресей империясы Кеңес өкіметіне қарсы емес, өздерінің жергілікті би-манаптарына қарсы шыққан елеусіз көтерілістердің бірі деп, ақиқатты жасырып келді.

         1929-1932 жылдар аралығында халық басына үлкен нәубет келді, ол Кеңес өкіметінің қолдан жасаған екінші ашаршылығы еді. (біріншісі 1920-1921 жылдардағы асаршылық) Бұл қасірет ең алдымен қазақ түркілерінің басына түсті, өйткені жер беті де, асты да қазба байлыққа бай қазақ түркілерінің кең даласын Ресей империясы иемдену жолдарын қарастырды. Кеңес одағын 1922-1953 жылдар арасында билеген Сталин өзінің сыбайластарымен бірге оның жолын тапты. Голощекин деген зұлымды казақ түркілерін басқаруға 1924 жылы жіберіп, қолдан жасаған ашаршылықты яғни «кіші қазан төңкерісін» сәтті аяқтағаннан соң 1933 жылы орталыққа қайта алып кетті.  Кезінде қазақ түркілері қол өнерді кәсіп етпеген, зауыт, фабрика және өндіріс орындары жоқ, тек малмен шұғылданады, жесе азығы, ішсе сусыны, мінсе көлігі, жатса жамылғысы, кисе киімі болған төрт түлік малын отаршылдар салықтың  түр-түрін ойлап тауып халықтың қолындағы бар малын сыпырып алды. Қолынан малы кеткен ел күн көрістің қамымен аяғы жеткен жерге дейін, аман қалғандары дүниенің төрт бұрышына, яғни Қытай, Моңғол, Иран, Ауған, Түркия, Ресей т.б. көрші ТМД елдерінде жан сауғалап қалды. Бүгінде шет елде қазақ түркілерінің саны 5 миллионды құрайды.

         Әдейі ұйымдастырылған аштықтың салдарынан үш жылдың ішінде шамамен 2-2,5 миллион қазақ түркілері өз жерлерінде аштықтан көз жұмды, олар негізінен жас балалар мен әйелдер болғандықтан халықтың өсу деңгейіне бүгінге дейін әсері тиіп отыр. Бұл қасірет тарихта «қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» (геноцид – гректің genos тек, ру, латынша caedere өлтіру – нәсілді тегінен жою) деген таңбамен қалып қойды. «Түркі дүниесіне қызметі үшін» атты халықаралық сыйлығының иегері, жазушы, ғалым Мұхтар Мағауин: «...егер 1932-33 жылғы советтік геноцид болмаса, бүгінгі қазақтың саны жиырма миллионға тартар еді» деген еді.

         Қоғам куә болған әрбір кезең көркем әдебиетте көрінісін бермей тұрмайды. Аштық тақырыбына қалам тартқан авторларды қатты сынға ұшыратып қуғындады, атап айтар болсақ Хамза Есенжановтың «Көп жылдар өткен соң», Балғабек Қадырбекұлының «Алатау» атты романдары еді. Ақын Жақан Сыздықовтың «Әли қарттың әңгімесі» поэмасы Кеңес одағын қатты сынға алғаны үшін баспа бетінде жариялатпай, ақыры Германияда жарық көреді. «Баламның етін жеймін бе, жемеймін бе?» деген жыр жолдары сол кезде Еуропа халқына үрей тудырған еді. «Аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деген халық мақалына саяды.

         «1937-44 ж. тұтас халықтарды ата жұрттарынан Қазақстан аумағына күштеп көшіру науқаны жүргізілді» («Қазақстан» Ұлттық энциклопедия 5-том 276-бет.). 1937-38 жылдары сталиндік тоталитарлық жүйе, бас көтерер саналы, ел азаматарын жаппай «халық жауы» деген жалған хаттамалар түзіп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратты, тұтқынға алынған зиялылар дау-дерексіз атып өлтірілді. Осы орайда абайтанушы белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы: «Тәжіктерден 1 адам, өзбектерден 7 адам, ал, қазақтардан 25 000 (мың) қоғам қайраткерлерінің көзін жойды. Қазақтардан көп болуының себебі қазақтардың басқа Азия халықтарына қарағанда зерделі-зейінділігінен қорқты» деген болатын. Оларды «пантюркист» (түрік сыбайластары), «жопон шпионы» (жапон тыңшысы) деп жала жауып, әйел балаларына арнайы 1937 жылы құрылған АЛЖИР (қазақшасы – отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) түрмесінде қорлықпен ұсталады, мәселен; ақын-жазушылар Сәкен Сейфулиннің әйелі Гүлбаһрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Күлжамал, қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза, Сұлтанбек Қожановтың әйелі Күләндам, Темірбек Жүргеновтың әйелі Дәмеш, Санжар Аспандияровтың әйелі Рәбиға т.б. әйелдер жас баларымен осы түрменің азабын тартты. Лагерге анасымен түскен сәбилер 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырып, балалар үйіне өткізілді. Әйелдер шартты түрде 5 жылдан 10 жылға дейін отырды, мерзімін өтеген әйелдерді белгілі уақытқа дейін туған топырағына жібермей арнайы бақылауда ұстады. Елім деп туған ерлердің көзін жойып, ұрпағын анасынан ажыратып тектілердің тегін жою, кеңестік империяның геноцидтік әрекеті қазақ түркілерінен бастау алды.

         Кеңестік империяның геноцидтік әрекетінен Қап тауы мен Оңтүстік шығыс Еуропа түріктері де шет қалған жоқ. 1941-45 жылдардағы екінші дүние жүзілік соғысы өз пайдасына шешілетіндігіне көзі жеткен Сталин, соғысты пайдаланып өзінің құйтырғы саясатымен табиғаты әсем шұрайлы өңір Қап тауы мен Қырым түбегінің байырғы тұрғындары діні ислам, тілі түркі болған халықтарды көшірудің айла-тәсілін тапты.            

         Бұл кезге дейін Кеңес басшысы Сталин 1928-36 жылдары Ресейден, Украйнадан, Беларусиядан 360 мыңдай, 1937 жылы Қиыр Шығыстан 20 мыңнан астам кәрістерді, 1940-41 жылдары 105 мың поляктарды, 1941 жылы 420 мыңдай Еділ бойындағы немістерді, 1942 жылы Краснодар өлкесінен, Растов облысынан, Қырым автономиялы республикасынан, Армен, Әзербайжан, Грузин  республикасынан 24,670 адам және гректерден 29505 адамды қазақ түркілерінің жеріне еріксіз қоныстандырып (Ғаламтор) тәп-тәуір тәжірибе жинақтаған болатын-ды.

         1943 жылы 12 қазанда Қарашай автономиялы облысын жойып, 14 қазанда қарашай түркілерін жер аудару туралы құпия қаулы шығарады. Ол 2 қарашада таңғы сағат төртте орындалды. Ертеңгі сағат онда қарашайларға лық толған мал вагондарында 63323 қарашайлар Орталық Азия республикаларына қарай бет алды («Вопросы истории»,1989, № 5, 27-б.) Осы жылдың күзінде қазақ түркілерінің жеріне қарашайлардың 45529 адамы қонстандырылды.

         1944 жылы 7 наурызда Шешен-Ингуш автономиялы республикасын жою туралы КСРО Жағарғы Кеңесінің жарлығы шығып 406375 адам,  балқар түркілерін көшіру туралы қаулысына сәйкес 21150 адам, ақысқа түріктерінен 13260 адам және 1944 жыл 13 сәуірде:  «Қырымдардың Кеңеске қарсы әрекеттерінен тазарту» деген бұйрығымен Қырым татар түркілерін, болгарлар мен гректерді қазақ түркілерінің жеріне күштеп  қонстандырылды. Бұларды ұлт ретінде атауға 1957 жылға дейін тыйым салынды. Бұл саясаттың туу тарихын танып-білуде Ресей империясы барлық түрік халықтарын тұтас жаулап алып өз дегеніне көндіру арқылы шовенистік саясатына басымдылық берді. Бұл көрініс Стамбулда 1975-1977 жылдары түрік тілінде шығып тұрған «Түркістанның бостандығы үшін» деген газетінің 2-санында: «1944 жылда Қырым мен Қап тауы түркілерінен бір миллион адам Орта Азия және Сібірге сүргін етілді» (Тохир Қаххор. Хур Туркистон учун: Мақолалар / - Т.: Чулпон. 1994. -112 б.) деген ақпаратты келтіреді. Осы газетте: «Алты миллион өлік» деген мақалада: 1918 жылдан 1939 жылға дейін Түркістанда орыстар түрлі жолдармен алты миллион түркістандықтарды өлтіріп жіберді» деген жан шошырлық  дәйектерді келтіреді. Тағыда айта кеткеніміз жөн болар осы түрік тілінде шығып тұрған аталмыш газетке Мағжанның «Түркістан» атты өлеңін қазақ тілінде жариялапты және Мұстапа Шоқайдың түркі еліне еткен ерен еңбегін газеттің бірнеше сандарында айтып отырады екен.  

         «1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндіргені мәлім. Оның жаңғырығы Қарабах мәселесін шешуді талап еткен әзербайжан ұлттық қозғалысының пайда болуына жеткізді. Мәскеуді бұл қатты шошытты. ...коммунистік режимді сақтап қалуға ұмтылған Кеңес үкіметі 1990 жылы қаңтардың 19-нан 20-сына қараған түнде Бакуге танк құрамдарын кіргізді ...қала қөшелерінде танк зеңбіректерінен, автомат пен пулеметтен толассыз оқ жаудырды» (Президент және халық газеті, №52. 26. 12, 2014) деп бейбіт тұрғынды қырып жібергенін айтады Марат Тоқашбаев.

         Ежелден өмір сүріп келе жатқан ақысқа түріктерінің отаны Оңтүстік Грузияда, әсіресе оның батыс бөлігі – Месхетияда орналасқан. «Ақысқа түріктері», «Месхет түріктері» деп аталуы ең үлкен елді мекен Ақысқа мен Месхет аталуынан шығып  келеді. Мәселен,  Ақысқа – Оңтүстік Грузиядағы бес ауданның ең ірісі түрікше «Ахалцихе» деп аталғандықтан «Ақысқа өңірі» деп аталады.

         Күштеп жер аудару соғыстан кейін де жалғаса берді. 1946 жылы Қазақстанға Солтүстік Қап тауынан, Грузиядан және Қырым автономиялы республикасынан 412191 адам көшірілген. 1954 жылы 1 қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанға қоныс аударғандар саны 2 миллион адамға жеткен, одан азық-түлік тапшылығы, баспана мәселесі және ауыру-сырқаудың салдарынан Қазақстанға келген 101036 адам қаза тапқан. Босқынға айналған түркілерді орналастыруда да отаршылдық саясатынан айныған жоқ. Оларды тума-туыстарына жақындатпай шалғай облыстарға шашып қоныстандырды. Өйткені, бастары қосылып бірігіп кетуінен, өз ана тілдерінде бала-бақша, мектеп талап етуінен қорқты, осылай олардың өсіп-өркендеуіне қарсы әрекет жасады. Түбінде орыстандыру саясаты жатты.

         Тәуелсіздігіміздің 23 жылдық қарсаңында елімізде жасап жатқан диспоралардың этносаралық татулығы бүгінде Қазақстанның көк туы астында мызғымас бірлікте тіршілік етіп келеді. Этносаралық бірлікті нығайтуда басқа ұлт өкілдерінің ықпалы күшті болып тұрғанын өмір дәлелдеуде. Қай ұлт болсын өз ана тілін сақтауға, мәдениетін дамытуға Қазақстан азаматы ретінде құқылы екендігі Қазақ елінің Ата Заңында (19-бап 2-тармағы) жазылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы 1 наурыздағы жарлығымен «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» деген халықтар арасндағы мызғымас достыққа аса қажетті қаулы қабылдады. Бұл тарихи іс-шараның мақсаты Қазақ елімен қоян-қолтық араласып тұратын этностардың ұлтаралық келісім, достық қарым-қатнастардың бірлігі негіз болды. Олардың мәдениеті мен салт-дәстүрінің, тілі, дінінің өркендеуіне аса көңіл бөлген билік әр облыс орталығында, аудандарда, қалаларда әр халықтың мәдени орталықтарын ашып, Ассамблея Кеңесінің мүшелері жетекшілік ететін жексембілік мектептер жұмыс істейді. Онда этностардың ұлт ретінде жойылып кетпеуінің алдын алу жолдары тілін, тарихын білумен қатар әдет-ғұрып, өнерін үйрену мақсат етілген.

         Ел Ордамыз Астанада ашылған «Түркі академиясы» қазақ еліндегі түркі этностары үшін ғана емес, бүкіл түркі тілдес халықтардың әлемдік білім беру мәдениеті мен тарихи, этнографиясы үшін қызмет ететін ғылыми-зерттеу орталығы болмақ..

          Ата-бабасының жерінде отырып Ресей империясынан өгейлік өксігін бүгінге дейін тартып келеді. Олар балқар мен қарашай түркілері төскейде малы, төсекте басы қосылған, тілі мен діні, жер аумағы бір, салт-дәстүрі ұқсас, тарихы бір, өнер мен мәдениеті бір-біріне жақын ұлттардың басын қоспау мақсатында, тілі басқа өзге көршілеріне қосып бір-біріне әкімшілік тәуелді етіп қойды. Мәселен, Қабардин-Балқар автономиялы Республикасы мен Қарашай-Черкес атономиялы облысы етіп, ал құмық түркілерін авар тілінде сөйлейтін Дағыстан автономиялы Республикасының құрамына ендірді. Басқарудың бұл түрі билікке оңай, әсіресе шовенистік пиғылды Кеңес одағына таптырмас айла еді.

         Мәскеудің арнайы қаулысымен республикаларда тың игеру 1956-1964 жылдары қызу науқанға айналды. Қазақ жерінде екі жүзден астам жер атаулары орысшаланып, қазақ мектептерінің саны күрт қысқарып, орыс мұжықтары мен қаңғыбастары, кісі өлтіріп сотталғандар мен сатқындар қаптап кеткен. Осы келеңсіздікті дөп баса айтқан Қазақстан мемлекеттік сыйлықтың иегері, филология ғылымының доктор, профессор Мекемтас Мырзахметұлы өзінің «Қазақ қалай орыстандырылды» атты кітабында: «Отаршыл Ресей империясы Азиядағы түркі халықтарының атамекен туған жерін зорлықпен жаулап алып, отарланған басқа ұлттардың жерін басып алысымен, сол жерге келімсектерді көптеп орналастырып, жергілікті ұлтпен мидай араластырып орыстандырып жіберу мақсаты Хрущев заманында тың, тыңайған жерді игеру ұранымен қазақ жеріне бір жарым миллионнан астам славян халықтарының өкілі әкелініп, оларға барлық жағдай жасалды» деген болатын. Профессордың «келімсектер» деп астын сызып айтып отырғаны ислам дінді, түркі тілді ұлттарды көшіріп, орындарына христян дінді, славян тілділерді орналастыру кеңестің ежелгі қанына сіңген орыстандырудың әдісі еді. Орыстандырудың ықпалы күшті жүруінен ұлт мектептері жабылып бүгінде жастары орыстандыру қапасына түскен. Кеңес Одағын басқарған Н.С.Хрущев өткен ғасырдың 60-жылдары «Орыс тілін қанша тез үйренсек, соншалықты коммунизмге тез барамыз» деген алдаусырату сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады.

         Бүгінгі таңда ұлт ретінде жойылып бара жатқан, саны аз тұркі халықтары туралы қысқаша мәлімет беріп кетсек; Құмық түркілері Х-ХІ ғасырлардан белгілі халық, арап әріпін пайдаланып келген 1928 жылдан латын, 1938 жылдан кирилге көшкен. Дағыстанның батысына орналасқан 300 мыңнан астам халқы бар. Бунақ, Хасаваюрт, Бабаюрт, Қизилюрт, Дербент, Қайтағ, Қаякент, Қарабудағкент, Дылым, Қызляр, Құмлы, Терекли-Мектеб жер аттары мен Қойсу, Терек, Ақсай, Ақташ өзендері кездеседі. Құмық тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына кіреді.

         Ғағауыз түркілері тілі жағынан бұлғарларға жақын, Молдавия Республикасының оңтүстік батысында орналасқан, Вулканешт, Комрат, Чадр-Лунга деген үш ауданнан тұратын автономиялы округ. 1807 жылға дейін Ресей өкіметінің қысымымен Қырым түбегіне ауа көшкен. Бұлғарлар мен ғағауыздар ХҮІІІ ғасырдың аяғы ХІХ ғасырдың басында болған орыс-түрік соғысы кезінде Дунай өзендерінің бойынан ығыстырылған. 1957 жылға дейін Румин әріпін қолданып келген, қазір кирил әріпінде.

         Қырым түбегіндегі жергілікті түркілер ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларда «қырымдықтар», ХІХ-ХХ ғасырларда «татарлар», Қазан төңкерісінен кейін (1917) «қырым татарлары» деп аталды. 1783 жылдан күш жұмсау арқылы Ресей өз қол астына қаратты. Ресейге тәуелді болғанға дейін қырым татар түркілерінің астана қаласы Бақшасарай болып келген. Бақшасарайда бірнеше рет болған орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин «Бақшасарай фонтаны» атты көлемді поэмасын арнағаны белгілі. 1883-1914 жылдары арасында түріктің ұлы тұлғаларының бірі И.Гаспрински Бақшасарайда бүкіл түркі оқырмандарына арнап «Тәржімән» газетін шығарған. Атақты поляк перзенті, түркітанушы ғалым В.В.Бартольд Бақшасарайдың бүкіл түркі жұртының мәдени орталығы болғандығын еңбектерінде тілге тиек еткен. Қырым татар түркілері 1929 жылға дейін араб, 1938 жылға дейін латын, 1992 жылға дейін кирилл, Украина егемендігін алғаннан кейін латынға қайта өтті. 2014 жылы Украинадағы дүрбелеңді пайдаланған орыстар баяғы басып алу саясатына басып Қырымды референдум өткізу арқылы өздеріне қайта қосып алды. 

         Жошы ханның немересі Ноғай (т.ж.б.-1300) батырдың есімімен белгілі. Ноғайлар ұлт болып ХІІІ ғасырдан бастап қалыптаса бастады. Прут, Днестр өзендерінің аралығын билеген. Алтын Орда дәуірінде Дон мен Дунай өзендерінің арасындағы ұлан байтақ жерді өзіне қаратты. ХІҮ ғасырда Алтын орда ыдырағаннан кейін Ноғай ордасы дүниеге келіп, орталығы Жайық өзенінің сағасына орналасқан Сарайшық қаласы еді. Ноғай батыр қайтыс болғаннан кейін қол астындағы елдер Каспий (Хазар) теңізі бойына қоныс аударды. Ноғайлар бүгінгі күнде Ресей құрамындағы Краснодар, Ставрополь аймағы, Астрахан облысы, Дағыстан, Шешенстан, Қараша-Черкес Автономиялы облыстарында т.б. елді мекендерде тұрады. 2002 жылғы санақ бойынша 75 мың адам, діні мұсылман, тілі түркі тілдерінің қыпшақ тілдер тобына жатады. Тілдері Ақ ноғай, қара ноғай, кубан-астрахандықтар диалектілеріне бөлінеді. 1557 жылдан ноғайлардың шоғырланған Қазан мен Астрахан хандықтарын Ресей жаулап алғандығы тарихтан белгілі.

         Шағын зерттеуімізде Қап тауы түркілері мен Оңтүстік шығыс түркі халықтары Сталиннің християндық өзеуреген саясатының құрбанына айналған күнәсіз халықтардың өткен ауыр күндеріне шағын талдау жасадық. ХХ ғасырдың басында жазылған Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса», Әбілғазының «Түрік шежіресі» атты еңбектерінде айтылған 92 түркінің ішінде бұлғарлар, малқарлар, мажарлар, хазарлар, ноғайлар қазіргі күнде ұлт ретінде жойылып Еуропа елдеріне сіңіп кеткені белгілі. Осы қасіреттің алдын алу мақсатында біріншіден - түркі тектес елдердің жазу таңбаларын ортақтастыру; екіншіден - әдебиеті мен мәдениетінің және өнерінің онкүндіктерін бір-біріенде өткізіп отыру; үшіншіден - тілі мен дінін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қозғау салатын халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар,  ассамблея, симпозиум т.б. басқосуларды Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастырып тұрса деген тілекпен қорытындылаймыз.

Сайдалы Оразалиев,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан

мемлекеттік университеті, «Абайтану»

ғылыми-оқу орталығының аға ғылыми

                                                 қызметкері, филология ғылымының кандидаты,

                                                 доцент, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 
Көрілді: 1691
Жаңартылған: 16.01.2015 | 18:30
Категориялар: Өмір