Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Қасқыр асырау - өмірге төнген қауіп

Бірақ, бұған қазақстандықтар құлақ асар емес

18.12.2014 | 12:03
Қасқыр асырау - өмірге төнген қауіп

Үйде ит ұстау – мұсылманға жат нәрсе. Алайда, Еуропаға еліктегіш   қазақстандықтардың арасында  бұл іс үрдіске айналғалы қай заман. Пәтерінде питбуль, сенбернар, мастиф пен пудельді асырайтын қазақтар қаптай бастады. TNS Gallup Media Asia компаниясы жүргізген зерттеу бойынша, қазақстандықтардың шамамен 30 пайызы үйінде мысық асыраса, 22 пайызы ит бағуды әдетке айналдырған.

Қазіргі таңда асыл тұқымды  иттермен ешкімді де таңқалдыра алмайсың. Енді жерлестеміріз үйінде жабайы жануарларды  асырауға көшті. Мұны, сірә, бай арабтардан үйренген болар. Біріккен Араб әмірліктерінің миллионерлері  өзімен бірге гепардты алып жүруді әдетке айналдырған.

 Қазақстанда гепардты табу қиын, әрине. Одан оңайы – қасқырды асырау.  Бүгінгі таңда бөлтірікті нарықта небәрі 500 долларға сатып алуға болады екен. Көкжалға көз тіккендердің бірі - Нұрсейіт Жылқышыбай бүгінде бір емес, 3 қасқырдың иесі. Екеуі арлан, бірі құртқа. Жануарларды жігіт қыстаудағы қорасында ұйстайды. Нұрсейіттің айтуынша, әрқайсысы күніне кемі 3-4 келі ет жейді.

- Қасқырдың арландары ешқашан қолға үйретілмейді. Оны  ата-бабамыз да осы күнге дейін дәлелдеп жүрген. Ал ұрғашысы,қасқырдың құртқасы болса бұлар адамдарға мейірімді келеді. Бұны дұрыс тамақтандырып, ұрмай-соқпай дөрекі әдет көрсетпесең, бұл саған жағымпаздану әрекетімен жаққысы келіп тұрады, - дейді Нұрсейіт Жылқышыбай.

Әйткенмен,  қасқыр иесі өз ағайындарының қауіпсіздігіне алаңдайтынын да білдірді. Сол үшін тиісті шараларды қабылдап, жануарларды өзгелерге жолатпайды.  Н.Жылқышыбайдың мақсаты қасқырды әскери  итпен будандастырып, тұқым алу. Көкжал мен иттің гибриді қатардағы иттерден әлдеқайда мықты келетінін кинологтар мойындайды. Олардың интеллекті мен төзімділігі анағұрлым жоғары екені зерттеулер барысында дәлелденген. Мәселен, жабық кеңістікте адамның ізіне түсу үшін овчарка 4-5 минут уақыт жұмсаса, ит пен қасқырдың гибриді небәрі 20 секунд уақыт қажет етеді. 

Алайда, мамандар адамның қасқыр бағуын аса қолдамайды. Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлитынын дана халқымыз бекер айтпаған. Кинологтар   қасқыр асырауға әуестердің қылығын өз-өзіне қастық жасау,  отбасының  барлық мүшелерінің өміріне төнген қауіп деп есептейді.

- Жабайы жануардың қылығын алдын-ала болжап білу мүмкін емес. Ол бомба сияқты. Кез-келген уақытта жарылуы ықтимал. Үйде мұндай жыртқыштың жүруі аса қауіпті. Әсіресе балалар үшін, - дейді кинолог Алмас Жапаров.

Мамандар көкжалдың қолға еш үйренбейтініне тәжірибе арқылы да көз жеткізіп көрген. Сол үшін де тұрмыстық мақсатта одан келетін пайда аз деп топшылайды.   «Қасқыр асырағың келсе терің қалың, тісің өткір болсын» деп әзілдейді кинологтар.  Себебі, табиғи инстиктті ештеңе жеңе алмайды. Жыртқыштың аты жыртқыш. Күшік кезінде ит пен қасқыр бірдей  болғанымен, уақыт өте келе бөлтіріктің бойында жыртқышта тән қасиеттер байқала бастайды. 

Әйткенмен, мұндай кеңестерді  ескеріп, құлақ асатындар көп емес. Кейбір деректерге сенсек, бүгінде америкадықтар ит пен қасқырдың жарты миллионға жуық гибридін асырап отыр екен. Бұл үрдіс уақыт өте келе біздің  елде де кеңінен тарала беретін сияқты. Әсіресе, қалталы қазақтардың арасында. Әйтеуір, оларға Мұхтар Әуезовтің шығармасындағы  Көксеректі асыраған Құрмаштың тағдыры сабақ болсын дейміз.

 
Көрілді: 2123
Жаңартылған: 18.12.2014 | 12:07
Категориялар: Өмір