Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Ата-аналар балаларына екпе егуге неге қарсы?

27.04.2018 | 15:38
Ата-аналар балаларына екпе егуге неге қарсы?

  Сәуірдің 23-і мен 29-ы аралығында елімізде вакцина апталығы өтуде. Осы орайда Шымкент қалалық №6 емханада Оңтүстік Қазақстан облыстық  Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының қатысуымен кездесу өтті. Жиында мамандар вакцинаға күмәнмен қарап, егуден бас тартқан ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.  Инфекциялармен күрес ретінде екпенің пайдасын бүгінде бүкіл әлем мойындап отырғанымен елімізде екпеге әлі де сенімсіздікпен қарап,  салдырудан бас тартушылардың саны жылдан жылға артуда. Сондай ата-аналардың бірі қала тұрғыны Сұлушаш Маханова екпелердің сапасыз екенін алға тартты. «Екінші немерем туылған кезде перзентханда БЦЖ-ға қарсы епке салды. Сегіз күннің ішінде немеремнің құлағы мен мұрнында түйіндер пайда болып, қызым демалудан қалды. Дәрігерлерге тексерткенімізде екпенің кері әсері болғанын айтты. Сол оқиғадан кейін оған екпе салдыртқан емеспін. Себебі сенбеймін. Мамандар ең арзан вакциналарды сатып алады да халыққа тәжірибе жасайды»,- дейді ол. Кішкентай құлыншақтарды тәрбиелеп отырған Дильяфруз Ашуметова да екпенің кесірінен төрт бірдей баласының ауырып қалғанын жеткізді. «Екпеден себепсіз бас тартып отырғаным жоқ. Вакцинадан кейін балаларым бірінен соң бірі ауырып, мазалары қашты. Айлап ауруханада емделді» деген келіншекке мамандар егілмеген балаларының жағдайын тағы бір тексеріп, мән-жайды анықтайтынын айтты. Мамандардың пікіріне құлақ асу үшін басқосуға арнайы келген Мархаба Ташалиева үш немересіне ине салдыртапты. Талай жыл өзі де медицина саласында қызмет еткен Мархаба апайдың көңіліне екпеге деген сенімсіздікті ғаламтор ұялатыпты. «Кезінде алты бала-шағама екпенің барлығын салдырттық. Денсаулықтарында ешқандай кінәрат болған жоқ. Алайда қазір екпе туралы қайшы пікірлер көбейіп кетті. Ғаламторда да оның адам өміріне зиян екендігі туралы ақпараттар жетерлік. Түрлі жазба, видеоларды көргесін екпеге деген сенімсіздік туындады» ,- дейді ол. Ата-аналардың вакцинадан бас тартудың негізгі себептердің бірі діни көзқарас екені айтылып жүр. Бес уақыт намазын қаза етпейтін  Динара Рысбаева да вакцинадан бас тартқандардың бірі. Сенімсіздіктен емес, бойұсынғандықтан. «Екпе егуге ешқандай қарсылығым жоқ. Шариғатта адамдардың аурудан сақтанып, денсаулықты күту керектігі жайлы айтылған. Неге екенін қайдам, қызымызға вакцина салдыртуға жолдасым  қарсы болды. Ал күйеуіне қарсы шығу мұсылман әйеліне жарасатын қылық емес»,- дейді Динара.   

IMG 3958

      Жиынға қатысқан ата-аналардың айтар уәждері болғанымен бірде-бірі баласының екпеден ауырғанын растайтын құжат та, анықтама да көрсете алмады. Ақ халаттылар мен Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары  оларға екпенің қауіпсіз екенін түсіндіріп, вакцинаның пайдасы мен кестесі жазылған кітапшаларды таратты. Ғаламтордағы ақпараттардың қауесет екенін айтқан дәрігерлер нақты екпеден әлі ешқандай бала ауруға шалдықпағанын айтуда. Әлемде соңғы 30-40 жылда жүргізілген зерттеулер нәтижесінде вакцинация салдарынан инфекциялық аурулар азайған. Мәселен, ілгеріректе адамзаттың сырқаттануы жылына 20 миллионға жетсе, бүгінде бір жылда 100 мың науқас тіркеліпті.  Сондықтан дәрігерлер бала өміріне немқұрайлы қарамай өз денсаулықтарына да жауапкершілікпен қараса дейді.

      Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде 1231 балаға ата-анасы вакцина салдырудан бас тартқан. Бұл көрсеткіш өткен жылы 1280-ді құраған. Түрлі аурулардың алдын алуға көмектесетін екпені қажетсінбей отырғандардың 64 пайызы жат ағымды ұстанушылар екен.

IMG 3967

 
Көрілді: 1366
Жаңартылған: 27.04.2018 | 16:02
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар