Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Оңтүстіктің әкімдерінен айласын асырған экс-футболшы сотталды

19.04.2018 | 09:41
Оңтүстіктің әкімдерінен айласын асырған экс-футболшы сотталды

Таяуда оңтүстіктегі  аудан әкімдерінен  ірі көлемде ақша алған  азаматқа қатысты сот отырысы аяқталды. Алғашқы саты - Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты өзінің шешімін айтты. Элдар Бақтығалиев тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді...Егер айыпталушыға бірқатар аудан әкімдері кешірімдерін беріп, оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрамағанда, енді бір әкімдер келтірілген материалдық шығыннан мүлдем бас тартпағанда Элдар Бақтығалиевтің темір тордың арғы жағында отыратын мерзімі бұдан да ұзағырақ болуы мүмкін еді. Бұл туралы "Рейтинг" басылымы жазады.

   Алдымен сотталушының өзіне тоқтала кетсек. Сот үкіміне сүйенсек, Элдар  Бақтығалиев Алматы қаласында дүниеге келген. Жасы 28-де. Соңғы уақытта Өскемен қаласында тұрған. Сотта ол әке-шешесінің жалғыз ұлы екендігін, асырауында үш баласының барын, әйелінің жұмыс істемейтіндігін айтыпты. Элдар Бақтығалиев уақытында тәп-тәуір футболшы болған. «Ордабасы», «Восток» командаларының қосалқы құрамында ойнаған. 2014 жылы ол «Ордабасыдан» кеткен.  Бір кездері жасыл алаңда ала допты еңіретіп тұрып тепкен жігіт бірер жылдан кейін аудан әкімдерін «тепкілеп» тұрып, ақшаларын алып кетеді деген ой ол кезде кімнің басына келіпті дейсіз.

Сол 2014 жылдан бергі аралықта Бақтығалиевтің не істегені белгісіз. Оның қылмыстық әрекетін қай жерде жүріп жүзеге асырғаны да үкімде көрсетілмеген. Әкімдермен тікелей жолықпаған. Бәрін телефон арқылы тындырған.  Әуелі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайтына кіріп, облыс әкімі көмекшісінің аты-жөні М.Өтенов екенін білген. Осы сайт арқылы облыстағы аудан, қала  әкімдіктерінің қабылдау бөлімдерінің телефондарын анықтаған. А.Кишкарев деген досына өтініш білдіріп, оның банктердегі есеп-шоттарының нөмірлерін алып, егер шотқа ақша түскен жағдайда оны өзі алып отыратыны жөнінде келісім жасасқан. Кишкарев досының қылмыстық әрекетінен бейхабар болған.

 Бақтығалиев өзінің алғашқы «операциясын» былтыр 3 қазанда бастаған. Ол жұмыстан кейін кешкі уақытта Қазығұрт ауданы әкімінің қабылдау бөлмесіне телефон шалып, әкім Төлеген Телғараевпен облыс әкімінің көмекшісі Өтенов болып тілдеседі. «Айтатын жеке әңгіме бар еді, ұялы телефоныңыздың нөмірін беріңіз» деген. Нөмірді алған соң ол Телғараевқа телефон шалып, одан материалдық жәрдем ретінде  қарызға 700 мың теңге сұраған. Қайталап айтайық, ақшаны материалдық жәрдем ретінде қарызға сұраған.  Үкімде солай жазылған. Шамасы Телғараевта ешқандай күдік болмаған сияқты. Ол сұраған ақшаны «Өтеновтың» өтініші бойынша банктегі шотқа (сол баяғы Кишкаревтің шоты ғой) аударып жіберген. Ертеңіне 4 қазанда Э.Бақтығалиев Ордабасы ауданы әкімінің қабылдау бөлмесіне телефон шалып, хатшыға «облыс әкімінің көмекшісі Өтенов іздеп жатыр деп айтыңыз, мына нөмірге хабарлассын», деп өзінің ұялы телефонының нөмірін қалдырған. Аудан әкімі Рашид Қайыпжанов хабарласқан кезде Бақтығалиев өзін облыс әкімінің көмекшісі Өтенов ретінде таныстырып, одан 1 миллион теңге қарыз сұраған. Қайыпжанов ақшаны екі бөліп, берген есеп-шотқа аударып жіберген. Дәл осы Ордабасыдағы сценарийді сотталушы Сайрамда да қолданады. Облыс әкімінің көмекшісі іздеп жатыр деген хабарды алған бойда аудан әкімі Бақтияр Мамаев көрсетілген нөмірге қоңырау шалады. Бақтығалиевтің бақытына орай, бәрі сәтті жүзеге асады. Облыс әкімінің көмекшісі екендігіне көзсіз сенген Мамаев сұраған 1 миллион теңгені шотқа аудара салған.

6 қазанда ол енді қармақты Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановқа тастайды. Сол баяғы әдіс-тәсіл. Алдымен қабылдау бөлмесіне телефон шалып, «әкім дереу мына нөмірге хабарлассын, облыс әкімінің көмекшісі іздеп жатыр деп айтыңыз» деген сәлемдемеден кейін Айтаханов көрсетілген бөтен нөмірге қоңырау шалады. Тұтқаны көтерген «өтірік Өтенов» Айтахановтан 3 мың доллар сұраған. Үкімде бұл жолы «қарызға сұраған» деген сөз жоқ.  «Өтенов» әкімге ақшаны есеп-шотқа аударып жіберуді өтінген. Әкімдерінің ішінде бірінші болып күдік келтірген осы Айтаханов болып шықты. Ол дереу шын Өтеновке хабарласып, күдігінің рас екендігіне көз жеткізеді. Ақшаны аудармайды.

Бір күнде бір әкімді алдап, тақырға отырғызуды әдетке айналдырған Э.Бақтығалиев 7 қазанда енді Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауовқа құрық тастайды. «Мына нөмірге хабарлассын» деген сәлемдемеден кейін құрақ ұшып хабарласқан Болатбек Қыстауовтан «Өтенов»  1 миллион 380 мың теңге сұрайды. Қарызға. Әкім бірден келісе кетеді. Ол «көмекші» берген есеп шотқа сұраған 1 миллион 380 мың теңгені аударып жіберген. Көмекші мен әкімдер туралы шым-шытырық фильмнің бірінші сериясын осы жерден аяқтағанды жөн көріп отырмыз.

...Алғашқы таймда өте керемет ойын өрнегін көрсеткен экс-футболшы Бақтығалиевтің екінші кезеңде жолы жүрмей-ақ қойыпты.  Арада екі күн өткенде, яғни 9 қазанда ол Қыстауовтың ұялы телефонына қайта хабарласып, бұл жолы 2 мың доллар сұраған. Қыстауовтың көңіліне күдік осы кезде кірген сияқты. Ол әкімнің көмекшісі- шын Өтеновпен байланысады да өзінің  алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінеді. Осы күні кешкісін Бақтығалиев  Ордабасының әкімі Рашид Қайыпжановқа телефон шалып, одан 2 мың доллар сұраған. Айналдырған 3-4 күннің ішінде екінші қайтара ақша сұраған көмекшіден Р.Қайыпжанов да күдіктенсе керек. Ол да  дереу облыс әкімінің шын көмекшісіне телефон шалып, мән-жайды түсінеді.

     Екінші таймда Бақтығалиев    бір кездері өзі ойнаған «Ордабасы» футбол клубының президенті Бақтияр Байсейітовтен ғана ақша алған. Оған  көмекші болып телефон шалып, 1 миллион 500 мың теңгені қарызға сұраған. Облыс әкімінің көмекшісі сұрап тұрған соң президент ақшаны көрсетілген есеп-шотқа аударып жіберіпті. 16 қазанда  дәл осындай әдіс-тәсілді Бақтығалиев Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның басшысына да қолданып көрген. Алайда директордың міндетін атқарушы оның алдауына түсе қоймапты.

     Сотта Элдар Бақтығалиев өзіне тағылған айыптардың бәрін бұлтарусыз мойындаған. Істеген ісіне өкінетінін, жәбірленушілерге келтірген шығындарды өтеп беруге уәде еткен. Ал жәбірленушілер... Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев сотқа бір рет келіп, оқиғаның қалай болғанын баяндағанымен, 700 мың теңгесін қайтарып алу жөнінде талап арыз бермеген. Бәлкім, ол ойлана келе «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген халық даналығына жүгінген шығар.

Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов:

 -Бақтығалиевті бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, келтірген материалдық шығын 1 миллион теңгені өндіріп беруді сұранамын,-депті.

 Алданбаған Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов:

-Сотталушыны кешіремін,-деген талап-тілегін сотқа жазбаша түрде берген.

Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев:

-1 миллион теңге шығынды өндіріп, өзін бас бостандығынан айырыңыз,-депті. 

Шардараның әкімі Болатбек Қыстауов:

-1 миллион 380 мың теңгемді қайтарып берсін, өзін бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраймын,-депті. 

Ал Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов қылмыстық істің өзіне қатысты эпизодтары сотқа дейін-ақ қысқартылып кеткенін жөн деп ұйғарыпты. Әл-Фараби аудандық сотының 3 сәуір күні шығарған қаулысына қарағанда, Элдар Бақтығалиев былтыр 9 қазанда Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовпен «Өтенов» болып сөйлесіп, одан 2 мың доллар сұраған. Алайда әкімдік қызметте көп жылдық тәжірибесі бар болғандықтан шығар, С.Полатов істің төп-төркінін анықтап алу үшін Өтеновтың өзімен хабарласады. Алаяқтардың әрекеті екендігіне көз жеткізген соң ол ешқайда ақша аудармаған. Қаулыға қарағанда, Бақтығалиев осындай сәтсіз сценарийлерді су-спорты кешенінің директорына, «Қыран» футбол клубының жетекшісіне және бір серіктестің басшысына қолданған. Өздеріне келтірілген ешқандай материалдық шығын болмағандықтан олар Бақтығалиевке кешірімдерін берген. Қылмыстық істің жоғарыдағы азаматтарға қатысты бөліктері қысқартылған. 

Айтпақшы сотта Өтеновтың өзінен де жауап алынған. Ол өзінің атын жамылып біреудің әкімдерден ақша жинап жүргенін естіген бойда полицияға арызданғанын айтыпты. Өтеновтың өзі «өтірік Өтеновке» бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраныпты. Бір қызығы, Бақтығалиевтің қалай және қайда ұсталғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Бір белгілісі, ұсталған кезде одан 92 мың теңге мен 100 доллар алынған.  Үкім бойынша ол материалдық шығын көрген жәбірленушілерге қайтарылуы тиіс. 92 мың теңге мен 100 долларды әкімдер мен «Ордабасының» президенті қалай бөлісіп алар екен? Ең қызығы бұл емес.  

Ақымақтық деуге де, аңқаулық деуге  де аузымыз бармай тұр, десек те жалақысы ары барса 250-300 мың теңгені құрайтын аудан әкімдері бір қоңырау шалып, көмек сұраған азаматқа 1 миллион, тіпті одан да көп қаржыны қалайша толық анықтай түспей белгісіз шотқа аударып жібергеніне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қызметтік тексеру тағайындауы мүмкін бе? Олардың 4-5 айлық жалақысын қиып бере салуын Сіз неге жорыр едіңіз, мәртебелі оқырман?! 

231931363

011

 

 
Көрілді: 1422
Жаңартылған: 20.04.2018 | 10:54
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар