Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Шымкенттегі балмұздақтан сальмонеллез қоздырғышы табылды

03.04.2018 | 20:56
Шымкенттегі балмұздақтан сальмонеллез қоздырғышы табылды

Шымкентте улы балмұздақ сатқан кәсіпкер Ешмұратовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Кәсібін заңсыз жүргізген оның нысанынан санитар дәрігерлер өрескел қателіктерді анықтады. Бұл туралы бүгін санитарлық-эпидемиологиялық орталықта өткен баспасөз жиынында айтылды.

    Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген 188 науқастың барлығы балмұздақтан уланғандығы расталды. Олардың 28-інен сальмонеллез, стафилакок қоздырғыштары табылған. Бүгінде науқастардың 99-ы керекті ем-шараларын алып үйлеріне шығарылған. Балмұздақ сататын дүңгіршек эпидемиологиялық маңыздылығы елеусіз нысандар қатарына жатады. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Нұрбек Нышановтың айтуынша кәсіпкердің рұқсат қағазы болмаған. «Жұмсақ балмұздақ қоспаларын дайындайтын орын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйдің жеке бір ғимаратында дайындалып, полиэтиленді ыдыстармен қызметтік емес көлікте тасымалданған. Барлық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары да жоқ. Олар тек бір ғана құрғақ сүт өніміне мерзімі өткен құжатты ұсынды. Анықталған кемшіліктер бойынша нысанның жұмысын уақытша тоқтату туралы қаулы шығарып, талап-арыз сотқа жолданды»,- дейді ол. Дүңгіршекте барлығы 5 жұмыскер болған. Олардың 4-еуінде міндетті медициналық байқаудан өткендігі туралы кітапшалары жоқ болып шыққан. Тексеру барысында қызметкерлердің екеуінен сальмонеллез қоздырғышы табылып отыр. Сондай-ақ дүңгіршектегі зерттеуге алынған 25 тағамның сынамаларының 24-і «оң» нәтиже көрсеткен.  Жауапты мекемелер балмұздақ сататын дүңгіршектің нақты қай уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанын айта алмады. Мамандар жаппай улану оқиғасынан кейін қаладағы барлық жұмсақ балмұздақ сатумен айналысатын нүктелерге түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Ал балмұздақтан уланған науқастардың 103-і ішкі істер органдарына арыз жазып үлгеріпті. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

1522400227 bal

 
Көрілді: 1730
Жаңартылған: 03.04.2018 | 21:07
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар