Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Өзінің өлетінін күнделігіне жазып кеткен қыз

30.03.2018 | 13:15
Өзінің өлетінін күнделігіне жазып кеткен қыз

Сарыағашта өзінің жас ғұмырын қыршын қиған студент қыз суицидке ұзақ уақыт дайындалған. Тіпті ол өмірімен қош айтысатын уақыттың күнін,  сағатына дейін білген. Мұның бәрін өзінің күнделігіне жазып кеткен.

Сарыағаш қаласындағы колледждердің бірінде оқитын қыздың асылып қалғаны, ал ата-анасы қыздың мұндай қадамға жәбір көргеннен кейін баруы мүмкін деп күдіктенетіні  бұған дейін де ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Бойжеткеннің анасы ақпарат құралдарына хабарласып, көмек сұраған, алайда ол не мекен-жайын, не телефонын қалдырмаған. Біз Сарыағаш ауданына арнайы іздеп барғанымызбен марқұм қыздың анасына  жолығу мүмкін болмады. Индира (марқұмның аты-жөні өзгертіліп алынды) оқыған коллеждің басшылығы да онымен жолығуымызды қаламаған сыңай танытты. Жалпы осы оқиғадан кейін колледжде біраз айтыс-тартыстың орын алғанын жоққа шығаруға болмайтын сияқты. Мұны аудан басшылары да растап отыр. Дегенмен колледж директоры Арслан Асанов қазіргі уақытта бәрінің тынышталғанын алға тартып:

-Енді бұл мәселені тағы қозғап, ата-ананың жүрегін ауыртқанның жөні жоқ,-дегенді айтты. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бізге осы оқиға жөнінде біраз жәйтті хабардар етті. «Замдиректор» Жұмагүл Құрманованың айтуынша, марқұм Индира фельдшер мамандығы бойынша бірінші курста оқыған.

-Ол бізде 4-5 ай ғана оқыды. Жалпы мұндай жағдай біздің оқу орнында бірінші рет кездесіп отыр,- деді Ж.Құрманова. Оқиға 13 қаңтар күні болған. Сол күні Индира колледжден сессия кезі болғандықтан ертерек, түске таяу сағат 12-лерде шығып кеткен. Сағат 17. 40 минутта оның қайтыс болғаны туралы хабар жеткен. Индира аудандағы ауылдардың бірінен келген.  Сарыағаш қаласындағы жалдамалы пәтерде колледжде істейтін мұғалім апайымен бірге тұрыпты. Сол күні пәтерінде жалғыз қалған...Асылып қалған қыздың мәйітін полицейлер бірден сараптамаға алып кеткен. Алғашқыда ата-анасы қыздарына қарсы зорлық-зомбылық жасалған, оның асылып қалуына осындай жағдай себеп болуы мүмкін деген көрінеді.

Алайда сараптама қорытындысы мұның бәрін жоққа шығарған. Ата-ана осыдан кейін қыздарының зорланбағанына көздері жетіп, тынышталған.

Индира өмірінің соңғы бір жарым айында күнделік жазған. Бір қызығы, оның күнделік жазып жүргенін қасындағы құрбылары да білмеген. Күнделігінде ол өте бай болғысы келетінін,  соңғы уақытта түсініксіз түс көретінін келтіріпті. Бірақ оның нендей түс екендігі құпия күйінде қалған. Қыз өзінің асылып өлгісі келе беретінін, мұндай сезімге неге  берілетінін өзі де түсінбеген көрінеді. Ол түптің түбінде өз-өзіне қол салатынын сезген сияқты. Сол үшін алдын ала күнделігі арқылы ата-анасынан, құрбыларынан кешірім сұрай беріпті. Тіпті өзінің кешкі сағат 5-ке дейін өлетінін жазып кеткені таңқалдырады.

Индира өлетін күнін де жақсы білгенге ұқсайды. Ол қайтыс болатын күні күнделікті  жақын құрбысының заттарының арасына салып жіберген. Ж.Құрманованың айтуынша, марқұмның жаназасы болып жатқан кезде, Индираның құрбысы телефон шалып, өзінің заттарының арасынан күнделіктің табылғанын жылап тұрып хабарлапты.

Жас қыздың өлімге дайындалып жүргенін алдын ала білу мүмкін бе еді? Психологтар мұны неге алдын ала байқамаған? Ж.Құрманованың айтуынша,  Индира мінезі жағынан тұйықтау қыз болған. Онымен бір-екі рет колледждің психологы жұмыс істепті. Анасының өтініші бойынша.

     Индираның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілген. Біз осының нәтижесін білу үшін Сарыағаш аудандық прокуратурасына барған болатынбыз. Прокурордың орынбасары бұл мәселе бойынша облыста арнайы өкілдің бар екендігін, сұрақтың бәріне сол жауап беретінін мәлім етті. Ал облыс прокурорының көмекшісі, баспасөзге жауапты өкіл сұрақтарды тек жазбаша түрде поштамен жолдау қажеттігін түсіндірді. Бұрын мұндай емес еді. Облыстың прокуроры өзгерген соң ақпарат құралдарына деген саясаттың да өзгергені аңғарылады.

Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының басшылары да бұл іс бойынша ешқандай ақпарат берген жоқ. Бірнеше рет хабарласқан әрекетіміз нәтижесіз аяқталды. Осы аптада тағы бір мәрте байланысқанымызда басқарма бастығының орынбасары Мадияр Алтынбеков:

-Бүгін-ертең қол тимейді, арғы күні хабарласаңыз,-деген жауаппен шектелді.   

Ақпан айында Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индираның өліміне қатысты сауалды «Рейтинг» газетінің тілшісі облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовқа қойған болатын.

-         Жорамал көп, былай болыпты, былай болыпты деген... ата-аналар бір-біріне жала жауып... Біз қазір бұл іске  араласа алмаймыз,-деп, ақыр аяғында «білмеймін» деген жылы жауаппен құтылған еді. 

 

                                                                                     "Рейтинг" газеті №11, 29 наурыз

suicid letter b w by ylvaso

 
Көрілді: 1083
Жаңартылған: 30.03.2018 | 13:21
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар