Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Марғұлан Сейсембаев Қазақстанға тағы да қайтып келді

02.02.2018 | 14:09
Марғұлан Сейсембаев Қазақстанға тағы да қайтып келді

Шетелге кетіп қалған кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев Қазақстанға оралды. Ол өзі мен отбасының қауіпсіздігіне кепілдік берген "жоғарыдағы кісілердің" сөзіне сенімді болған соң елге келгенін айтады.

 

Ақпанның 2-і күні Азаттық тілшісімен телефон арқылы қысқа ғана сөйлескен Марғұлан Сейсембаев қазір Қазақстанда екенін растады. Бұған дейін Қазақстанда өзі мен отбасының қауіпсіздігіне "ең жоғары дәрежеде кепілдік берілгені" туралы хабарлаған бизнесмен елге қандай шарттармен оралғаны туралы журналистерге комментарий бермейтінін айтты. Азаттық тілшісінің "Қауіпсіздігіңіз туралы кепілдікке сенімдісіз бе?" деген сауалына Марғұлан Сейсембаев:

 

- Сенімді болмасам келмес едім, - деп қысқа жауап берді. Ол елге қайтып оралғанына байланысты кейін әлеуметтік желіде ақпарат жариялайтынын айтты.

Біршама уақыттан бері шетелде жүрген Марғұлан Сейсембаев ақпанның 1-і күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында өзінің Мәскеу әуежайында екенін, өзіне "жоғары деңгейде кепілдік" берілген соң Қазақстанға қайтып оралатыны туралы жариялаған.

 

"Достар, мен Қазақстанға оралып жатырмын! Мен қазiр Мәскеудемiн. Менiң және менiң отбасымның қауыпсiздiгiне ең жоғары дәрежеде кепiл берiлдi! Өмiр жалғасуда, бiз бiрге әлi талай-талай жақсы жұмыстарды жасаймыз! Менiң жағдайымды түсiнiп, ақыл кеменгерлiктi көрсеткен "жоғарыдағы" кiсiлерге (аттарын атамайақ қояйын) рақмет айтқым келедi!" деп жазды ол (жазу пунктуациясы сақталды - ред.)

 

​51 жастағы танымал кәсіпкер, "Альянс-Банктің" бұрынғы меншік иесі Марғұлан Сейсембаев тергеу органдары оны "БТА банктен қаржы жымқырған" деген айып тағылып, тұтқындалған бұрынғы бизнес-әріптесі Ескендір Ерімбетовтің ісіне байланысты жауап алуға шақырғаннан кейін Қазақстаннан кетіп қалғаны туралы қаңтардың 10-ы күні Facebook-тегі парақшасында жариялаған. Ол жолы Сейсембаев Қазақстанның билік орындары Ескендір Ерімбетовті шетелде қуғында жүрген "Мұхтар Әблязовтің заңгері болып істеген қарындасы Бота Жәрдемәліге қысым жасау мақсатымен тұтқындаған болуы мүмкін" деген болжамымен бөліскен.

 
Көрілді: 623
Жаңартылған: 02.02.2018 | 14:12
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар