Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Ішкі істер министрлігі 52 адамның өліміне себеп болған автобустағы өрттің неден шыққанын айтып берді

19.01.2018 | 09:36

 

Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев Ақтөбе облысының аумағында  52 Өзбекстан азаматының автобустың ішінде тірідей жанып кетуіне қатысты түсінік берді.

Министр орынбасарының айтуынша, қазіргі уақытта мәйіттердің жеке бастарын жай көзбен анықтау мүмкін болмай отыр. Қатты жанып кетуіне байланысты олар Ақтөбе қаласындағы мәйітханаға әкелінген. Осы жерде олардың жеке бастарын анықтау жұмыстарына сот сараптама және басқа да қызметкерлер жұмылдырылған. Мамандар жұмысты күні-түні жүргізіп жатыр.

Оқиға болған кезде тас жолда ешқандай жол-көлік оқиғасы орын алмаған. Автобус жолдың бойында бүтін күйі тұрған. Оқиға кезінде  ешқандай қылмыстық әрекеттер болмаған. Тірі қалған бес азаматтың айтуынша, өрт автобус салонының ішінен шыққан. Алғашқыда ащы түтінге көптеген адамдар тұншыққан. Есік ашылған кезде ішке ауа кіріп, бұл түтіннің қып-қызыл жалынға ұласуына алып келген. Жалын жолаушылардың сыртқа шығуына мүмкіндік бермеген. Екі қабатты автобустың үстіңгі қабатында жолаушылар отырса, төменде өте көп көлемде жүк болған. Жүктің көп болуынан жалын бой бермей, алапат өртке айналып кеткен.

Қазіргі уақытта оқиға орнында анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

75575d889dc17e773bbaba5c82a8e1e0

 
Көрілді: 966
Жаңартылған: 19.01.2018 | 09:38
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар