Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Марғұлан Марайымның мұнысы несі?

30.11.2017 | 13:36
Марғұлан Марайымның мұнысы несі?

     Білдей бір басқармаға басшылық жасап отырған шенеуніктің қарамағындағы бос орынға сол мекеменің күлімен кіріп, отымен шығып жүрген қызметкерді емес, сырттан кадр әкеліп тағайындауы әдетке айналып бара жатқан сияқты. Оны айтасыз, соңғы уақытта бос орынға кадр тағайындауда басшылар мемлекеттік қызметтерге жарияланатын конкурстарды да көзге ілмеуге көшті. Қалаған кадрын тиісті лауазымға «уақытша міндетін атқарушы» деген бұйрықпен тағайындап жібереді. Сол арқылы «бұл орынға енді ешкімнің иегі қышымасын, бәрібір өз адамымды қоямын» дегенді жұқалап білдіріп қояды.

   Мұны неге айтып отырмыз?

    Облыстық энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайымның соңғы кездері кадр тағайындауда қабылдаған шешімдері жоғарыдағы ойымыздың растығын дәлелдей түскендей.

     Біздің қолымызға түскен құжаттарға қарағанда, М.Марайым 27 қазанда Ержан Исмайлов деген азаматты басқарманың жылумен қамтамасыз ету бөлімнің басшысы қызметіне тағайындау туралы бұйрық шығарады. Жаңа бөлім басшысы бұған дейін Отырар ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген.  Иә рас, ол бұл қызметке алдын ала жарияланған конкурстың негізінде келген. Конкурстық комиссияның тиісті шешімімен ұсынылған. Комиссия талапқа сай келеді деп тапқан екен, оған енді дау айтудың жөні жоқ шығар. Дегенмен...

     Отырар ауданы әкімдігінің ресми сайтында Ержан Исмайлов осы уақытқа дейін тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы ретінде «ілулі» тұр. Осындағы ресми мәліметтерге қарағанда, Ержан Исмайлов мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған. Әкімдіктегі еңбек жолын қарапайым автомобиль жүргізушісі болып бастапты. Бұдан кейінгі жылдары ішкі саясат бөлімінде жұмыс істеп, 2009 жылы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөліміне бас маманы, 2014 жылы бөлім басшысы лауазымына тағайындалған. Қызметкердің мамандығы атқаратын лауазымына сай келмесе, бұған таңқалатын не бар дейсіз. Мәселе мамандықта емес, тәжірибеде ғой. Отырар аудандық әкімдігінде тәжірибесі  шыңдалған азамат  у-шуы мен проблемасы көп облыстағы жылумен қамтамасыз ету жұмыстарын шырқ үйіріп, басқармада пәленбай жылдан бері қызмет етіп жүрген кадрларды шап қаптырып жатса, нұр үстіне нұр дейміз. Гәп басқада болып тұр.

     Жылумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметіне тағайындала салысымен Е.Исмайлов бос тұрған басқарма басшысының орынбасары міндетін атқаруға көшкен. М.Марайым 7 қарашада тағы бір бұйрықты бұрқ еткізіп,  орынбасарының міндетін атқаруға көшкен Е.Исмайловтың атқаратын міндеттерін белгілеп береді. Оның еншісіне газбен, жылумен, электр қуатымен қамтамасыз ету және аудан, қалалардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің жұмыстарына жетекшілік ету кіріпті. Басқа басқа жыры бітпейтін жылу саласын қадағалауға  дәл қатал қыстың сынағы басталған тұста лайықты басшы таңдалмаса ертең өзімбілермендіктің өтеуі елді ұлардай шулатуға ұласып жүрмесіне кім кепіл?

   Басқармадағы ең негізгі жұмыстарды жүктегеніне қарағанда, Е.Исмайлов М.Марайымның әбден сенімінен шыққан кадр ма деп қалдық. Алайда басқарманың табалдырығын аттағанына бар-жоғы 10 күн болған қызметкер М.Марайымның сенімінен қалай шығып жүр? Қызық.  

    Бүгін орынбасардың міндетін уақытша атқаруға кіріскен кадр ертең бұл орынға біржолата бекітіліп жатса, таңқалуға болмайтын шығар. 

   Жәнібек Тархан

"Рейтинг" газеті, қараша, 2017 жылы

 
Көрілді: 350
Жаңартылған: 30.11.2017 | 13:41
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар