Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды»

23.11.2017 | 11:37
«Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды»

     

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Т. Баратбековтің назарына!

 

Бастығының тапсырмасын орындаған қызметкер жеті жылға жазықсыз сотталып кете бере ме?

 

     Шымкентте «Оңтүстік» Азық-түлік компаниясы» ЖШС-інің бас директоры Олжас Бақтыбаевтың азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін алынған мемлекеттің жүз миллиондаған мүлкін талан-таражға салып, түскен ақшаны құмар ойындарға ұтқызып жібергені қазір қоғам арасында қызу пікірталас тудырып жатыр. Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты бұл іс бойынша үкім шығарды. Бас директор сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, мойынына мемлекетке келтірген миллиондаған теңге шығын салынды.

     Сот үкімі шыққан бұл таңқаларлық оқиға расында да өте масқара жағдай. Қазынаның қаржысын жүз миллиондап, дәл осындай жолмен талан-таражға салуды бұған дейін кім естіпті?!  Үкімге қарағанда, Олжас Бақтыбаев  жоғарыда аталған кәсіпорынның бас директорлық қызметіне 2015 жылы тағайындалған.  Ол осы кезеңнен 2017 жылға дейін қылмыстық жолмен пайда табу мақсатында қоймадағы құны 137 миллион теңгеден астам қантты, құны 23 миллион теңгеден астам күнбағыс майын, құны 56 мың теңгеден астам макарон өнімдерін, құны 1 миллион теңгеден астам күрішті, құны 642 мың теңгеден астам ұнды,  жалпы сомасы 162 миллион 584 мың теңгені талан-таражға салған.  Аталаған тауарларды ол жеке кәсіперлерге нарықтық бағадан төмен бағамен өткізіп отырған.  Ал  жеке кәсіпкерлер тауарды облыс аумағындағы базарларға сатқан. Тауар сатудан түскен қаржыны бас директор қасақана кіріске алмай бас пайдасына иеленіп, ақшаны букмекерлік кеңседегі құмар ойындарға тіккен.Сот барысында ол өзіне тағылған айыптарды ішінара мойындап,  шамамен 46 миллион теңгені құмар ойындарға жұмсағанын айтқан. Алғашқыда ставкаларды аздап қойғанын, кейін ұтылған сома көбейген сайын ставкаларды қалайша көбейтіп жібергенін өзі де түсінбей қалғанын айтыпты.

     Әрине, өзіне сеніп тапсырылған мемлекет мүлкін талан-таражға салған экс-басшы сот үкімімен тиісті жазасын алды. Біз бұл мақаланы  біреудің айыбын ашу, қаралау мақсатында жазып отырғанымыз жоқ. Мәселе Олжас Бақтыбаевтың қарамағында қойма меңгерушісі болып істеп, оның берген тапсырмаларын орындауға мәжбүр болғаны үшін жеті жылға сотталып кеткен Сәкен Бердиев туралы болып тұр. Осы аптада «Рейтинг» газетінің редакциясына  Сәкен Бердиевтің анасы Гүлсара Кемелова келіп, сот үкімімен мүлдем келіспейтінін мәлім етті.

  -Олжас Бақтыбаев өзінің қылмыстық әрекетін мынандай жолмен жүзеге асырған: Бақтыбаевтың орынбасары Данияр Құрманбеков  қойма меңгерушісі болып істейтін ұлыма келіп, бастықтың тапсырмасы бойынша тауарларды құжатсыз босатуды талап еткен. Ұлым О.Бақтыбаевқа телефон шалып, тауарды құжатсыз босатудың заңға қайшы екендігін түсіндірген. Алайда О.Бақтыбаев «Данияр айтқан соң неге орындамайсың, таурларды құжатсыз босат, болмаса жұмыстан кетесің» деп айтқан. Мойнында несиесі бар, күнкөрісі бір жалақыға қарап отырған ұлым жұмыстан айырылып қалудан қорыққандықтан бастығының қисынсыз талаптарын орындауға мәжбүр болған. Қоймадан тауарларды құжатсыз босату дәл осындай жолмен жүзеге асырылып отырған. О,Бақтыбаев сыбайласымен бірлесіп тексеру келген кезде түрлі қитұрқылыққа барған. Қоймада сатылып кеткен қанттардың орнын толтыру үшін Сайрамға барып, сол жақтағы бір кәсіпкерден келісі 3 теңгелік тұз сатып алып, оны «қант» деген жазуы бар қапшықтарға салдырып, қаптың ауыздарын жұмысшыларға тіктірген. 270 қап тұзды екі ауыр жүк көлігімен қоймаға алып келген. Осыдан кейін тұз салынған қаптарды қоймаға түсіріп, тексерушілерді алдау үшін айналасын қанттар салынған қаптармен жауып тастаған. Ұлым бастығына мұның заңға қайшы екендігін, күні ертең біліп қойса жауапқа тартылатынын айтқан. Алайда О.Бақтыбаев ұлыма «тұздар түгендеу біткенше тұрады, біткен соң қайта алып кетіп, ақшаны орнына қоямын, сен уайымдама, өзім жауап беремін, саған ештеңе болмайды»,- деп сендірген. Қоймаға тексерушілер келген кезде де түрлі жағдайлар болған. Ұлымның сейфіндегі  босатылған тауарларды тіркейтін кітапша жоғалады. Сол күні табылмаған кітапша, ертеңіне сол сейфтің өзінен шыққан. Алайда ұлым табылған кітапшадағы кейбір парақшалардың жоғалып кеткенін байқадым дейді. Жалпы бұл істе О.Бақтыбаев пен Д.Құрманбековтың ым-жымы бір емес пе? Қылмыстық әрекеттерді ол екеуі бірге жасаған. Бірге құмар ойын ойнаған. Сотта О.Бақтыбаев 46 миллион теңгені тігіп жібергені мойындады. Сонда қалған қаржыны ұтқызған кім? Д.Құрманбеков емес пе? Олай болса ол неге жауапқа тартылмайды? Осы сауалға әлі күнге жауап таба алмай келеміз. Д.Құрманбековтың өзі сотқа бір-ақ рет келіп, жауап берді. Жауабында ұлым Сәкеннің кінәсінің жоқтығын, ол тек бастықтың тапсырмаларын орындағанын айтты. Осыдан кейін төбе көрсеткен жоқ. Жәбірленуші жақтың өкілдері оны сотқа шақыруды сұрап еді, прокурор «қажеті жоқ» дегенді айтты. Мемлекеттік айыптаушылар мен тергеушілердің Д.Құрманбековке келгенде ауыз ашпай қалуларының сыры неде? Оның әкесінің уақтысында құқық қорғау органдарына үлкен қызмет атқарғанында ма?-дейді Г.Кемелова.

      Арызданушының айтуынша, сот барысында жәбірленушілер мен куәгерлер С.Бердиевтің ешқандай кінәісінің жоқтығын айтып, оны қылмыстық жауаптан босатуды сұрапты. Басты айыпталушы О.Бақтыбаевтың өзі де Бердиевтің ешқандай жазығының жоқтығын, тіпті одан кешірім сұрауға да дайын екендігін білдіріпті. Алайда сот пен прокуратура бұл уәжді елең қылмаған.

    -Қысқасы, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылдының» кері келді. Әділ төрелік етеді деген біздегі құқық қорғау органдарының, соттың тірлігі осындай ма? Қазір облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымданып жатырмыз. Егер әділдік болмаса, Елбасыға дейін барамын,-деді арызданушы.

    Бұл істе жәбірленуші ретінде танылған  «Шымкент» ӘКК» ҰҚ» АҚ-ның басшылары да С.Бердиевтің әрекетінде ешқандай қылмыстық белгілердің жоқтығын білдіріп, мұны сотқа арнайы хат түрінде жазып беріпті. Соңына басқарма төрағасының орынбасары М.Мирзамуратов қол қойған хатты арызданушы бізге таныстырды. 

-Бердиевтің тауарларды құжаттарсыз босатқан әрекетінен жеке басына пайда табу емес, тек серіктестіктің бас директоры О.Бақтыбаев пен оның орынбасары Д.Құрманбековтың тапсырмаларын орындағаны байқалады.  С.Бердиевті жұмысқа қабылдау, жұмыстан шығару О.Бақтыбаевтың құзыретінде болған.  С.Бердиевтің лауазымдық міндеттемелеріне серіктестік бас директорының орынбасары Д.Құрманбековтың тапсырмаларын орындау да кіреді.  С.Бердиев құжаттарсыз босатқан таурлардан ешқандай пайда көрмесе, оның іс-әрекетін «жымқыру» деп саралау заңның талаптарына сәйкес келмейді.  О.Бақтыбаевтың «Олимп» букмеркерлік компаниясында өзінің орынбасары Д.Құрманбековпен ойнағанын және Д.Құрманбеков ойынған салып отырған ақшалардың құжатсыз сатылған тауарлардың қаражаты екендігін білгенін көрсетті. Сонымен қатар «Олимп» букмекерлік кеңсесінің берген мәліметтеріне сәйкес Д.Құрманбеков өзінің атына 2012 жылдан бастап логин ашқан. Қылмыстық іс құжаттарында және сот талқылауында белгілі болғандай, «Олимп» букмекерлік кеңсесінің берген мәліметтері бойынша Д.Құрманбек пен О.Бақтыбаев 2012 жылдан бастап ойынға салған ақшасы 105 112 445 теңгені құрайды,-делінген құжатта. Сонымен бірге құжатта келтірілген мәліметтерге қарағанда,  О.Бақтыбаев тергеу кезінде берген жауабында Д.Сариев деген азаматтың логинімен де «Олимп» букмекерлік кеңсесінде құмар ойын ойнаған.  2016 жылдың қазаны мен 2017 жылдың наурызы аралағында оның ойынға салған ақшасы 120 миллион теңгені құраған,  ойындарда О.Бақтыбаевтың қойған ставкаларының мөлшері 100 мың теңге мен 3 миллион теңге аралығында болған көрінеді.

    -Осы көрсетілгендердің негізінде құжаттарсыз босатылған тауарлардан түскен пайданы О.Бақтыбаев пен Д.Құрманбеков бас пайдаларына жаратқанға жатпай ма? Яғни, С.Бердиевтің іс-әрекетінде пайдакүнемдік мақсат болмаған,-дейді құжатта.

Анасының айтуынша, бастығының тапсырмасын орындауға мәжбүр болғаны үшін істі болып, қамауға алынған Сәкен Бердиев ақырғы сәтке дейін соттың әділ шешім шығаратынына сеніпті. Бұл сенім әлі де сетінемеген. Сотталушы тарап енді облыстық соттың апеллциялық алқасына үміт артып отыр. 

 

Бақытжан Әбдірашұлы

"Рейтинг" газеті, қараша, 2017 жылы

 
Көрілді: 705
Жаңартылған: 23.11.2017 | 12:07
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар