Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Сот Сейітқазы Матаевты қамаудан босатты

17.11.2017 | 09:58
Сот Сейітқазы Матаевты қамаудан босатты

 

Қапшағай қаласының соты Қазақстан журналистер одағының төрағасы, "қаржы жымқырды және салықтан жалтарды" деген айыппен сотталған Сейітқазы Матаевты қамаудан босатты. Матаев енді жазасын шартты түрде өтейді. Бұл туралы сотқа қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Сот шешімі он бес күннен кейін орындалады. Осы аралықта прокурордың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Матаев сотқа видео байланыс арқылы қатысты.

Отырыста прокурор Сейітқазы Матаев сот үкімі бойынша мемлекетке келтірген 200 миллион теңге залалды өтемегенін айтып, оны босатуға қарсы болды. Ал сотта видео байланыс арқылы жауап берген колония дәрігерлері Матаевтың қан қысымы көтеріліп кететінін, түрменің санитарлық бөлімінде тиісті ем-дом ала алмайтынын айтып, оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдады.

ЛА 155/4 колониясының өкілі Сейітқазы Матаевтың түрмедегі тәртібі "жақсы болғанын", "үлгілі мінез-құлқы үшін ынталандыруға ие болғанын", сотталушыны мерзімінен бұрын босатуды қолдайтынын айтты.

2016 жылы 3 қазанда Астананың Есіл аудандық соты Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болған. Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Матаевтың сотталуын айыптаған болатын.

AA26ED9C-A9C8-4329-8D45-1FC5CCA3AC6F w1023 r1 s

 
Көрілді: 1014
Жаңартылған: 17.11.2017 | 10:00
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар