Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Аймауытов театрының айы оңынан туа ма?

16.10.2017 | 16:38
Аймауытов театрының айы оңынан туа ма?

 

 0101010

Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры 1990 жылы құрылды. Өзге ұлт көп шоғырланған теріскейде қазақ театрын ашу оңай соқпағаны белгілі. Оның үстіне 1990 жылы әлі де болса Одақтың құрамында болатынбыз. Жас театрдың аяқтан нық тұрып кетуі үшін сол кездегі басшысы Бектас Тапалшин мен бас режиссері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерсайын Тапенов, әр облыстан өнер майталмандарын жинап, сондай-ақ, Алматының Т.Жүргенов атындағы өнер институтының сол жылы бітірген жас түлектерін шақырды. Ол кездері әр өнер иесіне отбасылық құрамына қарай пәтер алып беріп, жастардың жағдайларын жасады. Тіпті, аяғына етік, үстеріне жылы тондарын да алып берді. Жанашыр басшының басты мақсаты: ұжымды сақтап қалу болды. Уақыт зырғып өте берді. Одан кейін басшылық еткен Секербек Жабықбаевтың кезінде де театр ұжымы пәтерден де, тұрмыс-тіршіліктен де тарыққан жоқ. Одан кейін театрды қолға алған қазақ өнеріне еңбегі сіңген өнер қайраткері Мұхтархан Манапов болды. Кадр мәселесі артпаса кеміген жоқ. Әрбір жаңадан келген өнер иелеріне ішкі қаражаттан пәтер жалдап, ұжымның тұтастығын сақтап қалуға тырысты. Сол кезеңде жылына 4-5 рет сыйақы алатынбыз. Бұл да бір өнерге жаны ашитын басшының игі ісі еді. 27 жыл ішінде театр репертуары қазақтың ұлы классиктері М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, О.Бөкей, Т.Ахтанов, С.Жүнісов т.б, шетел классиктері У.Шекспир, А.П.Чехов, Ш.Айтматов, М.Байджиев, Кальман, Штраус, Еврепиттің туындыларымен толықты. Республика төңірегінде гастрольдерге жиі шығып, бірқатар фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Еліміздің өнерін алыс-жақын шетелдерге паш еттік. Атап өтсем, Мысыр еліне екі рет, Анкара, Конья, Мәскеу қалаларында Түркия, Татарстан, Қырғызстан республикаларында болдық. Осыдан бірнеше жыл бұрын басшылық ауысып, шаңырағымызда ұзақ жыл қызмет еткен Мұхтар Байжұманов директор болып тағайындалды. Жаңа басшы келген сәттен бастап, тәтті де сәтті күндердің барлығы көрген түстей ғайып болды. Қатарымызға жаңадан қосылған жастарға демеу көрсетіп, жағдай жасау былай тұрсын, отызға жуық әртістеріміз жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Шетел тұрмақ, облысаралық гастрольдік іссапарларға шыға алмай қалдық. Қазір, Астана, Алматы және басқа да қалаларда өтетін өнер фестивальдерінде бой көрсетпейтін болдық. Баруға ынтамыз болғанмен басшыдан қолдау жоқ. Басқа театрлар баруға қаражат табады, сол қаражат бізде неге жоқ? Жоқ емес бар, оны ұжымдағы бәріміз білеміз. Адал еңбегімізді аузымыздан жырған күндер де болды. Байжұманов мырза басшы болып келгелі театрда ақша мәселесі күдік тудырды. Олай дейтін себебіміз; екі-үш айлап жалақы ала алмай, жұмысқа жаяу келіп-кетіп жүрдік. Бұл мәселені шешіп, түйінін айтыңыз десек, «8 миллион табысымызды мәдениет басқармасының басшылығы алып қойды...» деген болатын. (Әңгіме басқарманың бұрынғы басшысы жайлы болар. Жаңа басшы келгелі екі айдың жүзі болды – ред.) Жыл басында жаңа жылдық қойылымдар мен ертегілерден түскен 4,5 миллион теңгені де жоқ қылды. Бұрынғы директорлар жоспардан тыс табылған қаражатты ұжымға үлестіріп беретін. Басшыдан мұндайды күтпеген ұжым наразылықтарын білдірді. Ал, басшы болса құр уәдемен тойдырды. Жас балаша алданған әртістер, наурыз айында да бұл жағдайды бастан кешірді. Бұл мәселе өз жаубын таппай үш рет  қайталанды. Жазғы лагерьде 1 ай көлемінде балаларға күніне 3-4 рет ертегі ойнадық. Мұнымыз да өз жемісін бермеді. Театр ұжымы еңбек демалысына 2 айға кетті. 2017 жылы 20 қыркүйекте кезекті 28-ші маусымды аштық. 1 айға жетпей 7 қызметкерді ешбір себепсіз жұмыстан шығарды. Жарық беруші, режиссер ассистенті, көркемдік жетекші, тағы басқалар да кетті. Ұжымды бас есепші басқаратын болды. Қазіргі басшыға «әй, дейтін әженің, «қой», дейтін қожаның» табылмай отырғаны қынжылтады. Осы ма, біздің рухани жаңғырғанымыз?

Осының бәрін жалпақ жұртқа жария ету қара басымның қамынан туған жоқ. Бұл – ақсап жатқан алтын өнерге деген жанашығандық. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ», деп Аймауытов театрындағы әртіс әріптестерімнің қыжылын жеткізіп отырмын. Егер менің осы сөзіме сенбесеңіздер, театрдың әр қызметкерінен сұраңыздар.

Бекболат Оқасов,

ҚР Тұңғыш Президенті қорынының лауреаты,

 актер.

 
Көрілді: 779
Жаңартылған: 16.10.2017 | 16:41
Категориялар: Басты жаңалықтар, Оқиғалар