Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Түркістан облысында 25 қаламгердің сайты құрылады

09.09.2018 | 10:51
Түркістан облысында 25 қаламгердің сайты құрылады

Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Оған зиялы қауым өкілдері мен өлкетанушылар, басқарма басшылары мен қоғам белсенділері, ұстаздар мен ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Жиында Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев сөз сөйлеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Оның сөзінше, өңірде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланған бір жылдан астам уақыт аралығында барлық басым бағыттары бойынша нақты жұмыстар атқарылған. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тікелей тапсырмасымен ел руханиятына серпін беретін жобалар қолға алынып, аймақта өңірлік комиссия, сарапшылар кеңесі мен Жобалық кеңсе құрылған, арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Тарихи және туристік орындары жөнінде ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде арнайы роликтер әзірленуде. «Биыл Түркістан облысының 25 қаламгерінің жеке сайттары әзірленіп, өңірдегі 10 ақын-жазушының кітаптары шығарылады. Бұл руханият саласына оң әсер береді деген сенімдеміз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында 3 анимациялық және 1 кинофильм түсіріліп, республикалық деңгейдегі 10 сарапшының зерттеу мақаласы әзірленеді. Атап айтсақ, «Ордабасы - бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы», «Түркістан» мультфильмдері мен «Төлеби» фильмі түсіріліп жатыр. Сонымен қатар, «Таңбалы тастар - бабалар ізімен» Түркістан Қаратау жотасы бойынша баспасөз туры өткізіліп, «Өлкетану» облыстық сайты ашылады. Тағы бір айта кетерлігі, «Таңғажайып Түркістан» атты әлеуметтік желі қолданушыларының байқауы ұйымдастырылады. «Рухани жаңғыру» - бірнеше жылға ғана арналған емес, үздіксіз жұмыс істеуді талап ететін бағдарлама», - деді басқарма басшысы. Басқосуда «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков сегіз айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 басымдығы, яғни бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы негізінде 6 арнайы жоба әзірленіп, нақты іс-шаралар жүзеге асырылған. Жобалық кеңседе 46 жоба әзірленіп, 168 іс-шара қолға алынған. Сондай-ақ, биыл облыстың шежірелі орындары туралы аңыз-әңгімелер жинағы және туризмі мен тарихынан сыр шертетін фотоальбомдар дайындалып жатыр. Дәлірек айтқанда, оңтүстік өңірінің аңыз-әпсаналарынан жинақ шығарылды. «Түркістанның көне қалалары», «Түркістанның таңғажайып табиғаты» фотоальбомы жарық көрмек. Жиында «Өлкетану» жобасының авторларының бірі, тарихшы ұстаз Өмір Шыныбекұлы, «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары Кеңесбай Исмаилов, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан, белгілі шежіреші-қаламгер Момбек Әбдіәкімұлы мен «Қазақстан жолы» газетінің бас редакторы Оңғар Тәжиевтің пікірлері тыңдалды. Сонымен қатар, өзге де азаматтар өз ойларын ортаға салып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын айтты. Бұл ұсыныстардың маңыздылары ескеріліп, өңірлік Жобалық кеңсенің жұмыс жоспарына енгізілетін болады.

 

 
Көрілді: 3550
Жаңартылған: 08.09.2018 | 10:54
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет