Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Талғат Теменов: "Баян "Коровасын" түсіре берсін".

31.07.2018 | 09:39

“Махаббат бекеті” фильмінің режиссері Талғат Теменов фильмнің жалғасын түсіріп жатқан Баян Алагөзоваға ренішін айтты.

Бұл туралы Аbai.kz сайтына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды

“Сенесің бе, мен осы ақпаратты сол фильмді түсіріп жатқандардан емес, айдаладағы біреулерден естідім. Жасырмаймын, естіп таң қалдым. Тіпті, ұяттау болды.

«Махаббат бекеті» ол – менің фильмім. Оны мен айтпасам да, көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Тіпті, керек десеңіз, мен «Махаббат бекеті» фильмінің режиссері, сценарий авторы ғана емес, повесттің де авторымын. Ол фильм менің повестімнің желісінде түсірілді ғой.

Айтпақшы, былтыр маған Баян хабарласты. Анау бір қайғылы оқиғадан кейін, ауруханадан шыққан кезі екен. Хабарласып, «Талғат Досымғалиевич, бір бомба дүние жасайық» деп, осы «Махаббат бекетінің» жалғасын түсіру туралы айтты. Әзіл-шыны аралас әңгімемізден кейін, мен «көрейік» деп қоя салдым”, – дейді режиссер.

Теменовтің айтуынша, Алагөзованың көмекшісі оған бір рет хабараласқан. Бірақ ол келісімін бермепті. Хабарласқан адам оның келісімі керек емес екенін айтқан.

“Одан кейін, ол менің көмекшіммен бір мәрте ғана сөйлескен. Біз фильм түсіруге келісімімізді бермедік. Сонда олар:«Біз осыған қарап қалған жоқпыз» деп кетті.

Одан кейін Ахат Ибраев деген біреу хабарласты. Одан басқа ешкім хабарласқан жоқ. Мен келісімімді берген жоқпын.

Бұл не масқара? Менің көзім тірі. Мен соның жалғасын түсіре алмай жүргендіктен түсірмей жүргем жоқ.

Маған осыған дейін де жұрттар хабарласып, неге «Махаббат бекетінің» жалғасын түсірмейсіз деп сұрады. Төлеген ақынның өлеңі бар ғой. «Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, мен өлемін өзімнің биігімде» дейді. Сол сияқты бұл шығарма өз биігінде қалуы керек.

Әлгі фильмнің синопсисін жіберген. Сценариін жазған адам қалай ұялмады? Тірі адамның шығармасын қайта жазып шығуға қалай қолы барды? Не режиссері, не сценаристі, не продюсері хабарласқан жоқ. Хабарласса да мен қарсы болар едім.

Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер Ресейде Михалковтың шығармасын біреулер қайталап түсіріп жатса, қандай шу болар еді?”, – дейді Теменов ағынан жарыла.

Режиссер мұның нағыз ұрлық, авторлық құқықты бұзу екенін айтты. Теменовтің айтуынша, ол Баянға бірден қарсылығын айтып, екінші фильм түсіруге болмайтынын өзіне ескерткен.

“Менің 10-нан аса фильмім бар. Кемінде 5 басты рөлді сомдаған адам бар. Ертең солардың әрқайсысы менің фильмімді жалғасын түсіріп жатса не болғаны? Менің театрда 15-20 шақты спектакльім бар. Ертең сол спектакльдерді басқа режиссер келіп, қайталап қойып жатса ше? Бұлай болмайды.

Бұл – ұрлық. Интеллектуалды ұрлық. Мен – авторымын. Менің шығармама менің рұқсатымсыз неге тиседі?

Өздерінің де фильмдері бар ғой. Керек болса, Баян «Коровасының» жалғасын түсірсін.

Былтыр тағы осы әңгіме сөз болды. Сценарийін тіпті көрсеткен де жоқ. Мен бірден бас тарттым. «Болмайды» дедім. Сөйтсем, Баян бұл іске шындап кіріскен секілді, менің рұқсатымсыз, маған бір ауыз айтпай әлгіндей дүние жасап жатыр екен.

Иә, «Қазақфильм» пленканың иесі шығар. Бірақ, мен фильмнің режиссері ғана емеспін, мен сценарий авторымын. Мен повесттің авторымын. Менен рұқсат сұраған да жоқ. Маған ешкім келіп, «осындай фильм түсіріп жатыр едік. Сценарийіне көмектессеңіз” деп те айтқан жоқ”, – дейді ол.

Режиссер продюсердің жаңа фильміне”Махаббат бекетінің” музыкасын алғанына да ашуланды.

“Есуімше, олар сол менің фильмімнің музыкасын да алыпты. Сол фильмнен кадрлар алған. Оған кім рұқсат берген?

Автор ретінде мен бұған келіспеймін. Егер Америкада немесе Еуропада болсақ, бұл үшін Баян жауап беретін еді.

Бір дүние анық. Олар бұны өнер жасайын деп түсіріп жатқан жоқ. Ақша табу мақсатында жасап жатыр. Сондықтан, керек болса Еуропалық, Бүкіләлемдік авторлық құқық қорғау ұйымдарына шығуға дайынмын”, – дейді Талғат Теменов.

023658

 
Көрілді: 2800
Жаңартылған: 31.07.2018 | 09:48
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет