Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Мұратхан Шоқан: Жантақтар қай дәуірде де болады екен...

20.04.2018 | 10:44
Мұратхан Шоқан: Жантақтар қай дәуірде де болады екен...

-         «Туған жер» дегенде тебіренбейтін ақын жоқ шығар. Осы сөзді айтқанда ойыңызға не оралады?

-          Туған жерін ойлаған адамның есіне балалық шағы түседі. Балалық шағым Тарбағатайдың Ақбелдеу деген аядай ауылында өтті. «Әркімнің өскен жері Мысыр шәрі» – демей ме? Ақбелдеуімді ойласам, бақытты балалық шағым құлдыраңдап шауып бара жатады... Алыстағы ағайын еске түседі.

            Жасыл көктем жайғанда жапырағын,
            Ауылыма келіп қайт, шақырамын.
            Масаң күйге ендіріп мазаңды алып,
            Жырларымды қымыз ғып сапырамын.
            Қызуыңды қыздырып өрлетемін,
            Қырға жаяу апарып терлетемін.
            Бозторғайдың тыңдатып бозаң үнін,
            Боз белдерді бесік қып тербетемін,- дегендей кіндік қаным тамған өлкемді еске   алсам дос-жаранды ауылыма шақырғым кеп тұрады.

-          Мұратхан азан шақырып қойған есіміңіз емес екен. Шын атыңыз кім?

-          Марқұм Рақымжан атам үлкен ұлы Қалелдің шаңырағында дүниеге келген немересінің атын Сағат қойыпты. Сосын тағы бір ұлы Шоқанның шаңырағында мен дүниеге келіпін. Менің атымды Минут қойыпты. Сосын тағы бір ұлынан сүйген немересіне Секунд деген ат қойыпты. Сағаттың үш тілі үш ұлымның үйінде өмір сүрсін уақыттың қадірін білетін ұрпақ болсын деп ырымдапты. Кейін мен мектепке 1 классқа барғанда мұғалім атымды сұрағанда Минут деген едім балалар ду күлді... Мұғалім баларды тыныштандырып қайта сұрағанда ойыма Мұратхан деген ат орала кетті. Менің атым Мұратхан деп жауап бердім. Мұғалім журналға Мұратхан деп жазып қойды. Түсте мектептен келгенде шешеме атымды Мұратхан деп өзгертіп келгенімді айттым. Шешем күлді де жарайды сен бұдан кейін Мұратхансың деді. Ауылдағы қарттар әліге дейін Минут дейді... Мен атымдыМұратхандепөзімқойыпалғам...

-          Қоңыр күзбен көп сырласатын сияқтысыз...

-          Күз маған көп ой салады. Гүлдер жеміске айналып, жұмыртқалар құс болып ұшып кеткен мезгілдің адамға сыйлайтын сезімі ерекше.

Күз таяса сағындырар өткенді,

Ұмыт қылар ұсақ-түйек өкпеңді.

Еске түсер ескі тамыр таныстар,

Көңіліңнен желік кетіп көктемгі... – дегенімдей, күзде өкпе-араздықты ұмытып көңілден көктемнің желігі кетіп адам маңайына мейіріммен қарай бастайды.

-          Ақын шабытты қайдан алады?

-           Ақын шабытты бақ пен сордан алады. Күллі ғаламның жүрек соғысын сезінбеген адам өлең жазбай-ақ қойсын!

-          Ақындар нәзік жанды болып келеді дейді. Адамдарға тез өкпелейсіз бе?

-          Маған қойылар сұрақтардың жауабы жырларымда тұр. Сұрақтарыңа жауап іздей бастасам, ойыма өлең шумақтарым орала берді:

Біреулерге ұнамаймын, ұнаймын,

Несібесін теріп келем Күн, Айдың.

Мен мұңайсам сүйіп тұрып ұлтымды,

Адамзаттың көңілімен мұңайдым...

Өкпешіл емеспін, жан тазалығын қалаймын. Әсіресе, өнерде жүрген адамдардың бойынан пендешілік көрсем ауырып қалам. Ауырмау үшін әдеби ортадан алысырақ жүрем.

-          Бүгінде біраз өлеңдеріңізге ән жазылып, эстрадада шырқалып жүр. Композиторлармен жұмыс істейсіз бе?

-          Тапсырыспен әнге сөз жаза алмаймын. Композиторлармен араласам, бірақ сөздеріме ән жаздыру үшін емес. «Өнерге өлермендік жүрмейді»,- деген сөз бар. Өз ретімен өмірге келген өнер туындысы ғана өміршең болады. Қазір Алтынбек Қоразбаев әуенін жазған «Қап-қара жеңгем әдемі», Роза Әлқожа әуенін жазған «Сенің ғана» қатарлы 5-6 әнім айтылып жүр.

-          Қазіргі оқырманның талғамы қандай?

-           Оқырмандарға разымын. Бір таңғалатыным кім қалай, қандай жолмен дәріптелсін, керек десе мемлекеттік сыйлық алсын,  бәрі бір халықты ешкім алдай алмайды. Мен өзімді оқитын адамдармен бірге өмір сүріп жатырмын. Маған одан асқан бақыт жоқ. Көңілімді марқайтатын бір жайт, оқырмандарым әдебиеттің төңірегінде жүрген кімді мақтауды, кімді жақсы көруді білетін, өмір сүрудің  математикалық формуласын жаттап алғандар емес. Есепсіз айтылған тарыдай жылы сөз, есеппен айтылған таудай сөзден құнды. Менің түсінгенім, өз дәуірінде қиянат көретін таланттар, бір-біріне мүмкіндік жасап отыратын әдебиеттің бетін қызартатын жантақтар қай дәуірде де болады екен.

-          Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры аясындағы «Әдебиет әлемі» орталығына жетекшілік жасап келесіз. Жастармен жұмыс істеу қиын емес пе?

-          Мен жастармен жұмыс жасап жүрмін, бұл менің күн көрісім үшін емес... Бұл менің атақ-абыройға іңкәрлігімнен емес. Бұл менің сәулелі адамдардың қатары көбейсе деген арманымнан. Жастармен жұмыс жасап жүргенде бір нәрсені байқадым. Сәуле мөлдір бастауларға түскенде, мөлдір заттарға түскенде шағылып қайтады. Мөлдір емес заттар сәулені жұтып қояды. ( Мұны бәріміз білеміз.) Сол секілді менің орталығыма екі түрлі жастар келеді.  Бірі сәулені жұтып қоятын жастар. Екіншісі сәулені шағылдырып, маңайына шашатын жастар. Терезе кірлесе, оны шағып тастамай тазартып сүртеміз ғой... Тірліктің шаң-тозаңы жастардың көңілінің әйнегін кірлетпесе екен.

-          Әдебиет әлемінде жүрген әріптестеріңізге көңіліңіз тола ма?

-          Біздің әдебиетімізде бір топ тізім жасағыштар, сосын бір топ тізімге енгіштер бар... Олар кейде тізім жасаушы, кейде тізімге енуші болып өзгеріссіз қайталанып бір-бірін көтермелеп отырады. Олар, тізім жасаушылар, әдебиет жасаушылар емес! Олар, тізімге енгіштер, тарихқа енушілер емес! Біздің әдебиетімізде шетел әдебиетін көзсіз насихаттайтын тағы бір шоғыр бар. Бар мақсаттары - шетел әдебиетін білетін, көп оқыған болып көріну. Сөзінде, жазғанында өзіне тән түйірдей философия жоқ адам оқымысты емес. Олар ұсақ мақсатпен естелік айтушылар ғана!  Орыстың немесе батыстың саусақпен санарлық классик ақын-жазушылары болмаса біздегі біраз «әдебиет танушы» аш қалар еді. Олар өздерінің әлсіздігін шетел классиктерінің артына тығылып жасырып қалғысы келеді. Айтатыны - жауыр болған әңгімелер... Сол классиктерді қалпақпан ұрып алатын өз ортасындағы хас талант жайлы айтуға пендешілігі жібермейді. Біздің әдебиетімізде бір топ көлеңкенің исі дегендей тіркестермен күңгірт көшелер секілді өлең жазатындар бар. Олар уақыты келгенде күңгірт көшелердің сүріліп тасталатынын түсінбейді... Тамаша өлең ақын табиғатқа емес, табиғат ақынға билік жүргізгенде дүниеге келеді. Біздің кейбір ақындарымыздың өлеңінде табиғат тұнып тұр, бірақ өзіне тартпайтын табиғат. Өйткені, олар өлеңнің техникасын игеріп алып табиғатқа билік жүргізеді... Содан жасанды картиналар дүниеге келеді. Жасандылық жүрекке жетпейді!..

-          -Талантсыздардың қандай ортақ ерекшеліктері болады?

-          Талантсыздардың тамыр жаюы қай қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Мен талантсыз жазғыштар туралы тұжырымымды айтайын:

 1.Талантсыздар топтық ортада өзінің ақын екенін тасыраңдаған жасанды  мінезі арқылы көрсетіп қалуды көздейді.

      2. Өлеңді неғұрлым актерлік шеберлікпен оқуға тырысады.

      3. Өзі жайлы жақсы сөз айтқан адамдарды төңіректейді.

      4. Кім көрінгенді арқаға қаға бермейтін, қас таланттардан барынша ауаша жүреді.

      5. Таланттар жайлы әзілдеген болып, немесе енді біреуге сыр айтқан болып, жайсыз, өтірік сөздер таратады.

     6. Көбінде үйірімен жүргенді ұнатады.

    7. Бір жұмыс істесе, мүмкіндігінше сол ортаға өзімен мүдделестерін ғана шақырады.

    8. Түк бітірмесе де танымал, бірнеше әдеби сыйлықтың иегері.

     9. Мойнын созып, өкшесін көтеруден шаршамайды, пайда түсетін жерден   қалмайды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

"Рейтинг" газеті №14, 19 сәуір 2018 жыл

020

 
Көрілді: 1339
Жаңартылған: 20.04.2018 | 10:48
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет