Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Бекарыс Шойбеков: "Қарсыласым ақын емессің деп масқарамды шығарған"

19.04.2018 | 13:17
Бекарыс Шойбеков:

Бала күнімде өнерге аса бір қызығушылығым болған емес. Қарапайым  ауылдың жігіті болып алтыншы сыныпқа дейін жүрдім.  Тіпті домбыра тарту,  ән салу дегенге жоқ едім. Бірақ анам шығармашылыққа жақын адам болатын. Шынымды айтайын, айты­сқа келуіме анам себепші болды...Менің айтыскер болатыным үш ұйықтасам да түсіме кірген емес еді. Алғашқы мектепаралық байқауларға өлеңді анам шығарып беретін. Ал мен сол өлеңді жаттап алып айтатынмын. Ол кезде ақындыққа, айтысқа деген қызығушылығым да болған жоқ. Бірақ кітапты  көп оқитынмын. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожаны» сүйіп оқыдым. Оны оқып кейіпкерлеріне  сыныптастарымның есімін қойып, мектепке барғанда айтып жүретінмін. Сондай-ақ тарихи кітаптарға құмар болдым. Оның ішінде «Көшпенділер», «Дарабозды» айтуға болады. Негізі «Көшпенділер» кітабын оқыған адам қазақ хандығы тарихынан хабары болар еді. Кез-келген жерде қазақ тарихы туралы әңгіме болған кезде еш ұялмастан айтып отыра алады. Бала күнімде осындай кітаптарды жиі оқитынмын.

Жалпы алтыншы сыныпта өмірім өзгерді деп айтып өттім. Қалай өзгерді? Өзгеріс мектептегі айтысқа қатысудан бастау алды. Аудандық деңгейде өтетін оқушылар арасындағы айтысқа іріктеу жүргізу үшін мектептерде айтыс ұйымдастырылатын. Мұны жасап жүрген - Әсел­хан Қалыбекова мен Қаныбек Сарыбаев. Сол кісілердің республикалық айтысқа шығып жүргендеріне төрт-бес жыл ғана болған екен. Біздің мектепте де айтыс өтетін болды. Оған  алтыншы сы­ныптан бастап жоғары сыныптағылар арасынан кем  дегенде бір оқушыдан қатысу керек деген талап қойы­лыпты. Сынып жетекшім «Бізден сен қатысасың» деді. «Неге?» десем, «Сен қатысасың, болды» деді. Бұл мә­селені маған жүктеп қойған себебі, мен староста болатынмын. Содан салым суға кетіп, үйге келдім. Болған жайды анама айтып бердім. Анам еш саспастан «Оның несінен қорқасың, қазір саған өлең жазып беремін, ертең соны айтып бересің де, жеңіп келесің», — деді. Аудандағы байқауға бардым, қарасам ол жерде барлығы мен сияқты  үйінде ақындыққа қабілеті бар туысқандары жазып берген өлеңдерін қолдарына алып келіпті. Байқаудағы менің басқа үміткерлерден айырмашылығым қағазға қарап айтпадым. Жаттап алдым. Жарысқа бармас бұрын әпкем домбыра тартуды  үйретті. Сөйтіп жарысқа әжептеуір дайындықпен барған болатынмын. Анамның арқасында әупірімдеп жүріп  жарыстың бірінші турынан өтіп финалға шықтым. Финалда қарсылас бір қыз маған «Сен ақын емессің, өлеңді жаттап алып келдің»-, деп жұртың көзінше масқарамды шығарды. Менің бұл сөз намысыма тиді. Сол жарыста өзім ашуланып отырып өлең шығардым. Өлеңнің мағынасы есімде болса, «Сен сияқты қағазға қарап оқып айтып жатқан жоқпын, жаттап алдым» деген сынды айтқаным сол еді бүкіл зал шулап, қошемет көрсетті. Сонымен не керек, айтыстың жеңімпазы атанып шыға келдім. Шынымды айтсам, сол айтыста жеңіске жету қия­лымда жоқ еді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бір шумақ өлең суырып шығара алмаймын, домбыраға да ебім жоқ. Домбыра тартпақ түгілі, оны қалай ұстау керегін де білмеймін. Тек жарыстың алдында әпкемнің үйреткені болмаса  білмейтінмін. Әйтеуір арасында бір таңқылдатып қоя­мын, болды. Оның үстіне қашан­ғы апам өлең жазып береді? Сан­сыз сылтауыма қарамастан, мектеп директоры Шәуілдірдегі мәдениет орталығына жіберді. «Сені Әселхан мен Қаныбек шақырып жатыр» демесі бар ма? Шошып кеттім. Жүрегім тас төбеме шық­ты. «Олардың алдына баратын адам емеспін» дегеніме қарамай, мені мектеп директоры­ның өзі автобусқа салды да жі­берді. «Шәуілдірден күтіп алады» деген бір-ақ ауыз сөз айтты. Бар­сақ, аудандағы осылардан бір нәрсе шығады-ау деген отыз баланы жинап алыпты. Бәрі де мен сияқты, бірінен бірі қорқып отыр. Ішінде Маржан Есжанова, Жәкен Ома­ров, Айгүл Асанова бар екен. Бас­қа бала­лар­дың не үшін қорқып отырғанын білмеймін, ал менің қорқатын себебім бар. Себебі мен сондағы балалардың ең кішкен­тайымын. Оның үстіне, анам шумақ­тарын жазып берген жоқ. Жазып берер ме еді, мұрша болған жоқ қой, мектептен автобусқа отыр­ғы­зып жіберді емес пе? Сөйтсем, басқалардың біліп тұрғаны шамалы екен. Тек Жәкен Омаров қана өлең шығара алады екен.Кезек маған келген кезде екі сөздің басын құрадым ба, құрамадым ба, білмеймін, қып-қызыл боп кеткенімді ғана біле­мін. Әйтеуір ұстаздары­мыздың «ой, сендер не деген керемет ақынсыңдар!» деп таңдай қағып, шығарып салғанын ғана білемін. Сосын: «Біз сендерді апта сайын оқытамыз» деді. Не керек, екі аптадан соң әлгі отыз баланың он бесі ғана барды айтыс саба­ғына. Ал үшінші аптада төр­теуміз ғана қалдық. Жәкен, Мар­жан, Айгүл және мен. Төртеумізді Әселхан апамыз бен Қаныбек ағамыз тәрбиеледі, өлеңнің не екенін, оның қалай құрылатынын ұқтырды, үйретті. Әйтеуір мектептегі  кездерім, балалық шағым десе осы мәдениет орталығында отырған сәтім есіме түседі...

 

"Рейтинг" газеті

012

 

 
Көрілді: 1060
Жаңартылған: 19.04.2018 | 13:29
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет