Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Аллажардың» режиссері «Қазақфильмнің» басты қателігін атады

24.01.2018 | 16:40
«Аллажардың» режиссері «Қазақфильмнің» басты қателігін атады

 

Желтоқсан көтерілісі туралы түсірілген «Аллажар» фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов Qamshy.kz сайтына берген сұхбатында қазіргі қазақ киносының дамуына қатысты, оның ішінде «Қазақфильмге» қатысты пікірін білдірді.

-«Қазақфильмдегі» жағдай өте қиын. «Көшпенділері» кино емес. Өздерін алдау ғана. Кино түсіргенде алдымен сценарийді қабылдау керек. Сосын барып ақша сұрау керек. Ал бізде керісінше: алдымен ақша алады, кейін сценарий жазады. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген фильмде алдымен ақша алды, сол ақшаға қарай сценарий жазды. Ол дұрыс емес. Кинода тарих жоқ, ойдан құрастырылған бәрі. Оны режиссердің өзі де түсінбейді. Онда қазақ кім, кім қай рудан, кім кімге қарсы шығып жатыр, кейіпкерлер не істеп жүр – түсініп болмайсың. Алаңда жүгіріп жүрген біреулер. Кейін өздерін экраннан көргендеріне мәз. «Көшпенділер» де солай. Яғни драматургиялық негіз жоқ, сценарий жоқ. Қазақфильмнің басты қателігі – сол. Драматургиялық негіз болмаса, шығарма нашар болады. Іргетасы қаланбаған үй сияқты болып қалады. Әрине, техника дамыған заманда сапалы фильм түсіру оңай. Бірақ техникалық сапа ешқандай рөл ойнамайды. Нағыз шығарманың жөні бөлек. Қазіргі қазақ киносы өзін тығырыққа тіреп жатыр.

Бұлар өзіміздің кәсіби режиссерлерді шақырмайды. Шетелден алдырады. Бұл – «Қазақфильмнің» екінші қателігі. Фильмді жасайтын – режиссер. Ондайлар толып жүр. Бірақ министрлік, «Қазақфильмнің» басшылығы  қазақтың режиссерлерін ысырып қояды. Кетіп жатқан шығын. Оның үстіне, Мәскеуден, Голливудтан келген режиссер қазақтың тарихын қайдан білсін? Иә, техника жағы жаман емес, бірақ драматургия болмаса, тарих болмаса, ол киноның не қажеті бар? Біздің туындылар сондай.

Қазақта мынадай әдемі сөз бар: «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Ол рас. Қазақтың киносында, басқа да өнерінде жетіспей тұрғаны – осы сын мәселесі. Киноны түсініп, соны сынай білетін, ақиқатын айта білетін сыншы бізде әлі күнге дейін болған жоқ. Өзін сыншымын деп санайтын кинотануышы көп. Бірақ олар сыншы емес. Олардың өздері танып алған режиссерлері бар, өзгелерді санатқа қоспайды,-депті берген сұхбатында Қалдыбай Әбенов.

Сұхбат алушының жазуынша, Қалдыбай Әбенов бес жыл бұрын инфаркт пен инсультті қатар алған соң жүріп-тұруы қиындаған, жүрегі мен жүйкесі әлсіреген, соның салдарынан сөйлеуі де қиын, тыныс алуы ауыр. 

-Екі бөлмелі кішкентай пәтерде режиссер жалғыз тұрады. Бір бөлмесінде тамақтанса, екінші бөлмеде ұйықтайды, теледидар қарайды, кітап оқиды. Тамақ дайындайтын бөлек бөлме бар, алайда адам айналатын орын жоқ, бөлме деп айтуға да келмейді. Пәтер қабырғасына сүйеніп жүретін арнайы темірлер орнатылған. Себебі Қалдыбай аға сүйенішсіз жүре алмайды,-деп суреттепті режиссердің қазіргі тұрмысын суреттеген тілші.

8H4DotPGUKlMPUkY1LDW5myNzx0

 
Көрілді: 2358
Жаңартылған: 24.01.2018 | 16:44
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет