Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Иса ОМАР, «Замана» Баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы: «Атақ пен марапат лайықты адамға дер кезінде берілгенде ғана құнды»

18.01.2018 | 10:57
Иса ОМАР, «Замана» Баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы: «Атақ пен марапат лайықты адамға дер кезінде берілгенде ғана құнды»

 

 

 

   – Иса аға, сізді «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атануыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл марапатты қалай қабылдадыңыз? Атақ-даңққа деген көзқарасыңыз қалай?

    – Рахмет! «ОҚО Құрметті азаматы» атағының берілуіне орай соңғы күндері мені құттықтаушы азаматтар өте көп. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы мыңдаған адам қуанышыма ортақтастып жатыр. Мен бұдан мынаны сезіндім: егер осындай құрметті атақтар лайықты азаматтарға берілсе, бұл адамдардың бойында қандай да бір қуаныш сезімін тудырып, қоғамда әділеттілік орнағанының бір белгісіндей көреді екен. Тілек білдіріп жатқандардың арасында: «Бұл атақ сізге ертерек берілуі керек еді; Сіз облыста бұрыннан құрметті азаматсыз, енді бұл заңды түрде рәсімделген құжат болды», – деп жатқандар бар. Бәрінің көңілдеріне рахмет, бірақ, шындап келгенде құрметті азамат атануға лайықтылар облыста аз емес. Десе де, соның бәріне атақ берілді ме, уақтылы беріліп жүр ме, гәп сонда. Марапат деген лайықты азаматқа және дер кезінде берілгені абзал. Сонда бұл адамды қанаттандырады, қоғамда өз орнын сезінуге мүмкіндік туғызады. Әйтпесе сол азаматқа кешіктіріп, жасы 80-ге, 90-ға, 100-ге келгенде марапат беріп керегі не?

   Осы уақытқа дейін өзімізге қандай да бір марапат берілуін ерте деп ойлап жүрдік. Мысалы, 40 жасымда мені мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде бірнеше мәрте ұсыныс түсті. Мен одан бас тарттым. Себебі, сол жасымда оны алуға ұялдым. Алдымда сол марапатқа менен де лайық ағалар тұр деп. Керісінше, мен басқа адамдарды ұсындым. Ал, 50 жасымда марапат алғым келді, бірақ сұрауға ұялдым. Ал енді 60 жасымда бұл марапат маған берілді. Бірақ енді оны алдым деп айтуға ұялып отырмын. Өйткені мен секілді азаматтардың біразы мұндай атақты әлдеқашан алып қойған. Кейде менің баламмен жастылар қос-қостан марапат алып, кеуделеріне орден тағып жүрген жайлары бар. Міне, соларды көре отырып, «марапат алдым» деп айтуға да ұялады екенсің. Жұрт «осы уақытқа дейін алмаған ба?», дей ме деп.

Өкінішке қарай, соңғы кездері атақ дегендер өз егесіне лайықты беріліп жүр деп айту қиын. Марапаттау қоғамдағы түйткілді мәселеге айналды. Мысалы, кей адамдар ұялмастан атаққа өзін-өзі ұсынып, өзі алатын болды. Бүгінгі заманда атақ-марапатты сұрап, сатып, араға адам салып алушылар көбейіп кетті. Соның салдарынан осындай жап-жақсы атақ-марапаттан қадір қашқаны рас. Ел бәрін біліп отыр.

  Кейбір аудандарда құрметті азамат атағы ешкім танымайтын, елге ерекше еңбегі сіңе қойды деп айтуға келмейтін адамдарға беріліп жүр. Бұрыннан айтылып жүргендей, «атамның атын ауылға, көкемнің атын көшеге берейін» деген теріс тенденция етек алып бара жатыр. Бұны қалай тыюға болады? Адамның өзіне нысап бермесе бұл қиын нәрсе.

Кейде мемлекеттік деңгейдегі марапаттар жөн-жосықсыз берілетіндей көрінеді. Айталық, сіз мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрсіз. Сіздің міндетіңіз – сол орайдағы мәселелерді шешу. Мысалы, ел қазынасынан қаржы бөлініп, қандай да бір нысан саласыз, саябақ немесе ескерткіш. Міне, сол саябақты салғаныңыз, ескерткішті тұрғызғаныңыз үшін өз-өзіңізді марапатқа ұсынасыз. Осылайша, сіз мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанасыз. Бірақ сонда сіз «мынау ұят қой» деуге бойыңыздан күш таппайсыз. Өкінішке қарай, кейде мұндай жайттар да біздің облыста орын алып жатады.  

   Ал өзіме берілген атаққа келсек, бұл жерде менің арым таза, жүзім жарқын. Себебі мен бұл атақты сатып, сұрап, араға адам салып, ешкімді қорқытып-үркітіп алған жоқпын. Жұрт мені шынайы көңілмен құттықтап жатқаны осы себепті деп ойлаймын.

 

– Сонда бұл жерде кінә – атақты беруші тарапта да болып тұр ма? Олар лайықсыз азаматқа неге береді?    

– Бұл мәселе халықтық талқылаудан өткізіліп жатқан жоқ. Атақ беру жөнінде қандай да бір жиналыс не референдум болып жатқан жоқ. Бұны ат төбеліндей топ шешеді. Атап айтқанда, атқарушы билік тарапынан мемлекеттік наградаларға ұсынылады. Атқарушы билік пен өкілетті билік біріге отырып, «Құрметті азамат» атағына ұсынады. Соны беретін, соны қарайтын адамдар пендешіліктен ада деп айта алмайсыз. Олар да өздері алғысы келеді, туған-туысқандарына бергісі келеді. Оның ар жағында көңілжықпастық тұрады. Араға адам салатындар салдарынан олар да тұйыққа тірелетін кездер болады. Немесе әлсіз тұстарын біліп, шантаж жасап, атақ алып жатқандар да бар. Егер осы атақ беруде қандай да бір механизм ойлап табылса, оны саты-сатыдан өткізіп, яғни ауылдан бастап облыстық деңгейге дейін мыңдаған адамның қатысуымен белгілесе, онда лайықсыздар өзінен-өзі ұшып кеткен болар еді. Мүмкін келешекте бұның механизмдері басқаша болып жетілдірілетін шығар. Ал дәл қазір кейде ел наразылығын тудыратын азаматтар өтіп кетіп жатқаны да жасырын емес.

 

– Сіз облысымызда тұңғыш рет тәуелсіз газет шығардыңыз. Кейіннен 3 жыл «Оңтүстік Қазақстан» газетін басқардыңыз. Тәуелсіз газет пен ресми газетті шығаруда қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?

– Мен саналы өмірімнің негізгі бөлігін журналистикаға арнаған жанмын. Оның ішінде редакторлық өтілім – 25 жылға тақайды. Бір кездері мен мемлекеттік ресми газет пен тәуелсіз газетке қоса-қабат редакторлық жасадым. Айырмашылығы – жер мен көктей. Тәуелсіз газетте өз-өзіңді қаржыландыратын болсаң, сен еркінсің. Ойың да, сөзің де еркін. Бәрін ашық айта беруге болады. Ал ресми газетте ресми мәселенің шеңберінде жүресің. Қандай да бір мәселе көтерерде, сын пікір айтарда белгілі бір шеңбер ішінде жүруге мәжбүрсің. Әрине, онда қысым болды деп айтуға келмес, бірақ жазылмаған ережені сақтауға міндеттісің. 

Сөз орайы келгенде айтайын, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторлығын мен тұп-тура 3 жылдан кейін өз еркіммен тапсырып кеттім. Мені ешкім қудалап, артық-ауыз сөз айтқан жоқ. Мен өзгелер де жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Бір адамның мемлекеттік қызметте өмір бойы бір орында отыра беруіне іштей қарсымын. Онда 3 жылдан артық отыру дұрыс емес. Қоғамды алға жылжыту үшін тың күштерге орын беру керек. Мен соған орай нақты үлгі көрсеткім келді.

 

– «Замана» газеті мемлекеттік тапсырысқа жүгіне бермейді екен...

– «Замана» ешқандай да оппозициялық газет емес. Немесе жекелеген топтардың, мемлекеттік органдардың сойылын соғушы трибуна емес. «Замана» – қарапайым оқырмандарға арналған, оқырмандар мүддесіне жұмыс істейтін тәуелсіз газет. Біз осы мемлекетте тұрғасын мемлекеттен тыс та емеспіз. Оңды істер, жағымды жаңалықтар газет бетінен көрініс тауып тұрады. Кейбір жылдары біздің белгілі бір тақырып бойынша мемлекеттен тапсырыс алып тұрған кездеріміз болды. Және оны ерсі нәрсе деп есептемейміз. Айналып келгенде, біздің де көздейтініміз – елдің жағдайы, мемлекеттің, қала берді ұлттың мүддесі. Егер мемлекеттік органдармен жолымыз түйісіп, тоқайласып жатса, неге бірге жұмыс істемеске?

 

– Дәстүрлі медиа 2000 жылдары шарықтау шегіне жетті десек болады. Ал қазір – жаңа технология заманы. Сіз дәстүрлі медианың болашағын қалай елестетесіз?

– Қазір шын мәнісінде біз өте қызықты заманда өмір сүріп жатырмыз. Технологияның дамып кеткені сонша, осыдан 10 жыл бұрын елестете алмаған, ойымызға кіріп шықпаған күйді бастан кешіп отырмыз. Бүгінде ақпарат тарату деген – халықтық іске айналып кетті. Бұрын ақпаратты тек журналистер таратушы еді. Қазір кез-келген адам әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратушыға айналып кетті. Бұрын журналистер ат төбеліндей ғана отряд болды. Олар қоғамда болып жатқан оқиғалардың 100-ден бір бөлігін ғана қамтыды. Бүгінде жұрт жаппай ақпарат таратумен айналысып кеткенде, оның шегі жоқ ұшан-теңіз мұхит екеніне көз жеткіздік. Қазір ақпарат таратудың жаңа дәуірі басталды. Кез-келген адам қандай да бір іс-шараның басында тұрып қолындағы смартфон арқылы тікелей эфир жүргізе беретін болды. Мысалы, бұрын бір жаңалықты газет шыққан соң, бір күн немесе бір аптадан кейін оқып-білдік. Теледидар шыққанда таңертеңгі жаңалықты кешке естіп жүрдік. Енді әлеуметтік желі арқылы сол мезет жаңалықтан хабардар болып отырамыз.

Жасыратын несі бар, дәстүрлі медиа құлдырап барады. Газетті сатып алып оқу, теледидар көру, радио тыңдау азайып келеді. Біз бұны қалап тұрған жоқпыз, бірақ амал қанша? Сондықтан да біз қазіргі заман технологияларына бейімделіп, соған сіңісіп кетуіміз керек. Әлеуметтік желіде тексерілмеген ақпараттар жүреді. Журналист соның ақ-қарасын ажыратып, оқырманға жаңа технологияны пайдалана отырып кәсіптік тұрғыда жеткізе білуі керек. Сонда журналистика әлі де болса қалады. Ал егер оқиғаның алдына түсе алмай, артында қалып кетсе, онда ол өшеді.

 

– Журналиске қояр талабыңыз қандай? Қазақ Ұлттық университінен өзге жерде журналистика факультетін жабу керек деген пікірге көзқарасыңыз қандай? 

Тек журналистика ғана емес, өзге де салаларда ешқандай жоғары оқу орны маманды дап-дайын күйінше тәрбиелеп шығара алмайды. Бұл проблема бұрын да болған, қазір де бар. Қай жерде қандай факультет бар, оны жабу керек пе, әлде сол күйі қалдыру керек пе, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы – сол мамандықты игергісі келген адамның бойында қызығушылығы, қабілеті болуы керек. Және ол өмір мектебінен, тәжірибелі адамдардың мектебінен өтуі тиіс. Өзі күнделікті жұмыс істеп, сол арқылы піскені жөн. Теориялық білім кейде керек те шығар. Бүгінде университеттерде ескіріп кеткен теорияларды, қолданылмайтын жанрларды үйретіп уақыт алып жатады. Айталық, очерк жанры. Қазір очерк жанрының заманы өтіп кетті ғой. Барлық салада өзінің жауынгерлік рөлін атқарған нәрселері болады. Бұрын поэзияның ішінде поэма жанры жауынгерлік рөл атқарған шығар. Қазір поэманы кім оқып жатыр? Сондықтан да, барлық салада ескірген нәрселер артта қалып, жаңа нәрсе алға шығуы керек.

 

– Қалың оқырманға сіз тек журналист ретінде ғана емес, ақын-сазгер, жазушы ретінде де таныссыз...

– Біз кішкентай кезімізде жазушы болсақ деп армандаған адамбыз. Бірақ, таза шығармашылық адамы болу бір басқа, журналист болу мүлдем басқа. Журналистика – қазаны қайнап жатқан қат-қабат тіршілік. Жалпы, күнкөріс нәрсесі. Ал шығармашылық – хобби секілді дүние. Соған қарамастан біз тиіп-қашып, шығармашылықпен айналысуға уақыт тауып жатамыз. Егер шығармашылық адамдарына барлық жағдай жасалса, ол адамзат игілігіне жарайтын небір мықты дүние жасар ма еді? Әзірге мұндай мүмкіндік болмай тұр. Көпшілік жұрт өйтіп-бүйтіп уақыт тауып, шығармашылықпен айналысып жүр. Бірі биіктерге көтеріліп жатса, енді бірі жарты жолда сағы сынып қалуда. Біз білетін небір мықты азаматтар творчествалық ізденіс жасай алмай, күнкөріс соңында жүр.

Мен басында прозалық шығармалар жаздым. Орыс, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылған кітаптарым бар.

Соңғы 5-6 жылда өлең жазуға қарай бет бұрып жүрмін. Өлеңімді көпшілікке жеткізу үшін әндерді де қоса шығарып жүрмін. Орындалған әндерімнің жалпы саны 80-нен асады. Ол бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Бұл орайда «Жүрек сөзі» деген әндер жинағы ноталарымен жарық көрді. Ішінде 200-ден аса әндерім бар. Сонымен қатар, «Замана» деп аталатын өлеңдер жинағы шықты. «Жүректен шыққан 100 өлең» деген топтамамен.

Жалпы, өзімді ақын деп есептеген емеспін. Қолына қалам алғандарды мынандай топтарға бөлемін: баяндаушы, суреттеуші, ой түюші. Оның ішінде мен өмірден көрген-білгендерімді, ойға түйгендерімді өлең жолдары арқылы өріп берушімін. Алдағы уақытта өмірден түйген ой үзіктерді қағазға түсіріп, кітап қылып шығаруды жоспарлап отырмын.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан  – Абылай ЕСІМБАЙ.

  

 
Көрілді: 1173
Жаңартылған: 18.01.2018 | 11:06
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет