Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Шымкенттің бас көшесіне Елбасының аты берілмек

10.01.2018 | 14:34
Шымкенттің бас көшесіне Елбасының аты берілмек фото: otyrar.kz

12415748765114654

Шымкенттегі Астана даңғылы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп аталмақ. Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының сессиясында депутаттар осы жөніндегі ұсынысты  бірауыздан қолдады.

Ұсынысты таныстырған депутат, мәслихаттағы тұрақты комиссияның төрағасы Өмірзақ Мелдеханов Назарбаевты Бірінші Петр, Вашингтон, Ататүрік сияқты қиын кезеңде ту көтерген тарихи тұлғалармен қатар қойып, Елбасының Қазақстанның символына айналғанын атап өтті. Депутат президенттің «Адамға өмір бірақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» деген сөзін еске салып, Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының дамуына ерекше үлес қосқанына да тоқталды.

Астана даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп қайта атау туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты.

Айта кетері, Астана даңғылы құрылысы қызу жүріп жатқан Шымкенттің жаңа әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан. Бұл даңғылдың бойында облыстық әкімдік, басқа да көптеген ірі ғимараттар, көпқабатты зәулім тұрғын үйлер орналасқан. Бұл даңғылды қаланың келешектегі бас көшесі деп атаса да болады. 

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыдағы Фурманов көшесі Нұрсұлтан Назарбаев болып өзгертілгені белгілі.

 
Көрілді: 1326
Жаңартылған: 10.01.2018 | 14:39
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет