Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Рух» — ақын-жазушыларды рухтандыра алды ма? Әлде?

21.12.2017 | 12:12
«Рух» — ақын-жазушыларды рухтандыра алды ма? Әлде?

Шынын айту керек, биыл қазақ әдебиеті үшін ең табысты жыл болды. Бұған дейін қазақ әдебиетіне дәл мұндай қолдау көрсетілмеп еді. Әрине, мемлекет әдебиет саласын алтынмен аптап, күміспен қаптап тастаған жоқ. Ақын-жазушыға ат мінгізіп, шапан жапқан жоқ. Бар болғаны – байқау жариялады. Анау-мынау емес, бұрын-соңды болмаған аламан байқау. I «Рух» атты. Неге — рух? Өзімізше болжам жасап көрдік. Сөйтсек, солай екен. Байқау қағидасын оқып көріп едік, конкурс Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелерді жүзеге асыруға бағытталған екен. Бұл байқауды Мәдениент және спорт министрлігі ұйымдастырыпты. Мейлі ғой. Онда тұрған не бар дерсіз? Кезінде түйедей компаниялар бір әдеби байқауға демеушілік жасап, жүлдені қатырмай, түймедей тірлік жасаған болатын. Бұл да сондай тірлік шығар деп ойлай салар ма едік. Дегенмен, осы конкурсқа бөлінген қаржыға көзіміз түскенде, таң-тамаша қалдық. 61 млн. теңге! Қателескен жоқпыз ба деп көзімізді уқалап қайта қарап едік, сол сома. Өзгермеген күйі жұтынып тұр. «Мәссаған» деп ішегімізді тарттық, шыны керек. Мұндай қаржы айтыс ақындарының да түсіне кімеген шығар. Иә, жазба ақындарды ең қынжылтатын нәрсе – айтыс еді. Айтыста жеңімпаздарға миллиондаған теңге беріліп, жүлде алмағандарға шүлен таратылатын. Сол шүлені – көптеген әдеби байқауларда бас жүлдеге берілетін сомада. «Біз айлап, жылдап отырып, поэма жазамыз. Бірақ, содан шыққан мүйіз қане? Ал, айтыскерлер 3 сағат аузына келгенді айтып, уыс-уыс ақшаны арқалап (қалтасына сыймайды) қайтады» деп өкпелері қара қазандай болған жазба ақындарды талай көрдік, естідік те. Не деп жұбатарымызды білмедік.

Бәйге басталды

Хош, ақын-жазушылар және өздерін солай деп есептейтіндер жаппай рухтанып шыға келді. Дұрысы, рухтандырды. «Әдебиет» порталаның жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы: «конкурсқа бұрын жарияланған шығармалар қабылдана береді. Тек, кітапқа басылмаса және бұрын сыйлық алмаса болғаны» деп жазды. Сонымен қатар, ол байқау ережесін де түсіндіре кетті:

– Байқау «Әдебиет» порталында онлайн түрде өтуде. Бұл – еліміздегі осындай ауқымдағы алғашқы онлайн-байқау. Әдеби сайыстың жүлде қоры — 24 миллион. 8 аталым бойынша өтеді.  Байқауға тек Қазақстан емес, шетел жазушылары да қатысуда. Байқау барысында 16 жеңімпаз анықталады. Оның 8-і сегіз жанр бойынша Грин-при иегері атанады. Басты назарға алынғаны — балаларға арналған өлеңдер. Осы шараның нәтижесінде үлкен қор жинап отырмыз. Алға қойған мақсат — жеңімпаздардың кітаптарын басып шығару. Сондай-ақ, ол авторға қаламақы төленеді. Демек, байқаудағы жеңіспен қатар, қаламақысын алады. Жазушы үшін бұл — үлкен мүмкіндік.

Не керек, ақын-жазушылар және өздерін солай деп есептейтіндер аталған порталға жазған-сызғандарын төпеп кеп жіберді. Нәтижесінде 900-ға жуық шығарма келіп түсті. Оның жартысынан астамы – орыс тілінде екен. Бұл жайлы  қазылар алқасының төрағасы Төлен Әбдік:

– Басында халықаралық байқау дегенді түсінген жоқпын. Менің ұғымымда қай ұлттың тілінде жазсаң, сол ұлттың жазушысы боласың. Бірақ осы байқаудың нәтижесінде ол ойымнан қайттым. Себебі осы байқауға келіп түскен шығармалардың басым көпшілігі орыс тілінде болды, — деді.

Бәйге аяқталды

Хош, байқау мәресіне жетті. Қазылар алқасы жеңімпаздарды жариялады. Міне, дау осы тұста басталды. 8 аталым бойынша 16 жеңімпаз анықталды. Төлен Әбдік те бір сұхбатында бәйгеге ат қосқан «қарттар» мен жастар теңдей бағаланады деп еді. Солай болып шықты. Жүгі ауыр негізгі аталым бойынша Гран-При мен бірінші орынды екі буын өзара қылдай бөліскен. Сонымен, дау неден шықты? Ең бірінші, «Проза: әңгіме, эссе» аталымы бойынша Аягүл Мантай бірінші орынды алу керек еді деген пікірлер білдірілді. Осыған байланысты көптеген оқырмандар ашуын жасыра алмады. Жүлдеге «Дайағашшы» лайық па әлде «Соқыр сана» ма? Бұған дейін Ұларбек Нұрғалымұлын ақын ретінде танитын едік. Ол – үш байқауда қатар жүлде алды. «Ауылым – алтын тұғырым», «Алтын тобылғы» және осы Рухта. Осы тұста кей әлеуметтік желі қоланушалары шәк келтірді. «Таныс арқылы алды» деген. Дегенмен, бұл қаншалықты рас? Әлсіз қаламгер 3 бірдей жүлде ала алмасы белгілі. Ендеше, Ұ.Нұрғалымұлы — қаламы қуатсыз осал ақын-жазушы емес.

Мейлі, «Ауылым – алтын тұғырым» мен «Рух» Әдебиет порталында өтті. Әлдеқандай бір күш арқылы алды делік. Мысалы делік. Дегенмен, «Алтын тобылғы» басқа платформада өтті емес пе? Ол жерден қалай қара үзді? Әрине, бәлкім, біз көп нәрсені білмейтін болармыз… Перде артында не болып жатқанынан хабардар емеспіз. Нақты білетініміз, «Дайағашшы» — орта деңгейден сәл-пәл жоғары эссе. Дегенмен, тәп-тәуір жазылған. Бәлкім, жарыста «Дайағашшымен» тең түсер яки иық тірестірер дүние мүлдем болмады ма. Ол жағын барлық әңгіме-эсселерді оқымаған соң, сараптай алмадық.

Байқау – тәжірибе алаңы. Байқауға арналған шығарма бөлек болады. Мазмұны да, жазылу стилі де. Біздіңше, Ұ.Нұрғалымұлы мүшәйраларға қатыса-қатыса әбден ысылған секілді. Ол додаға қандай шығарма қосу керектігін біледі. Қазыларға қандай шығарма ұнайды, бәрін біледі. Байқау шартында конкурс мақсаты нақтыланыпты: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселені жүзеге асырудан бөлек,  ұлттық сананы жаңғырту және жас ұрпақ бойында төл әдебиетке деген қызығушылықты күшейту».

Байқау нәтижесі шықты

Яғни, басымдық осы мақсатты жүзеге асыруға ат салысқан шығармаларға беріледі екен. Ұларбек Нұрғалымұлыны «Дайағашшысы» аталған критерийлерге сай келіп тұр. Бұл эсседе ат десе ішкен асын жерге қоятын қария туралы айтылады. Эсседе өрілген негізгі — оқиға желісі бәйгеде бақ сынаған қос сәйгүлік.  Міне, осы тұста қос сәйгүлікпен бірге Ұ.Нұрғалымұлы да қатар шапқан. Осы бәр сәтті суреттеу үшін қоржынындағы бар қорын жұмсағандай. Жалпы, эссеге оның қаламынан кестелі сөздер төгіліп-төгіліп кеп берген. Қарны аш тамақ ішсе тойып, тілін жалақтатады емес пе? Ұ.Нұрғалымұлының эссесін оқып, көркем тілмен бір сусындап жан сарайыңыз жадырайды, тілдік қорыңыз молаяды. Дегенмен, «Дайағашшыны» оқып отырып, ойыңызға «Ақан сері» романы елестейді, Сәкен Жүнісов жазған. Соған ұқсайсындай ма, қалай дейсіз іштей. Сол дәуір көз алдыңызға көлбеңдейді. Яғни, Ұларбек ескі сүрлеумен жүрген. Жаңашылдық жоқ. Бәлкім, қажет те емес шығар. Мойындау керек, ақын Ұларбек эссені жетер жеріне жеткізе білген. Жазушыңыздан кем түспейді. Эссе кульминациясында бәйгеден озып келген сәйгүлік Зейнелқабден қария өмірден озғанда, оның қабірінің басына келіпті. Жарықтық, құр сүлдерін сүйретіп. Автор эссеге осы көріністі қосу арқылы – оқырмандарының сезім пернесімен ойнайды. Оқырмандарына мұң сыйлағысы келген. Қысқасы, «Дайағашшы» байқау шартын толықтай орындап, жүлдеге ие болды. Бұл эсседе өткен күндер суреттеліп, ұлттық құндылық дәріптелді. Міне, бұл ең бастысы. Және эссе оқырманды көркем тілімен баурап алады. Тілдік қорыңыз ұмылытып бара жатқан біраз сөздері оқып бір шала байып қалады. Ұ.Нұрғалым – оқырмандарға қарай тартылмайды, керісінше, оқырманға қарай сәл иіледі де, оларды өзіне тартып алып кетеді. Бұл — ақын-жазушының ең басты миссияларының бірі. Ақын-жазушы қоғамды тәрбиелеу керек. Яғни, жеңіл-желпі дүниеге құмар, тау етегінде жүрген оқырманды биікке, тау шыңына қарай тартады. Әрине, егер шыдамыңыз жетіп, эссені соңына дейін оқып шықсаңыз, бұл жерден аларыңыз көп болар еді. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортаға қойып кетіп бір жаңғырып қалар едіңіз.

Әрине, бұл «Дайағашшы» жайлы менің жеке оқырман ретіндегі пікірім. Және осы пікірде қалам.

Байқау ережесіне сай емес шығарма   

Ал, Аягүл Мантай «Соқыр санада» байқау шартына бағынбай, еркін көсілген. Біраз кемшілігі болғанына қарамастан «Соқыр сана» шып-шымыр дүние. Көркемдік қуаты егде жастағы қазылар алқасының көңілін көншітпеуі мүмкін. Әрі сюжеті де. Бірақ, қазіргі әдебиетте ең маңыздысы — айтар ой. Сол себепті де, Аягүл Мантайды өз оқырмандарын қалыптастырған жазушы десек болады. «Рухтан» орынға ілікпегенде Аягүлді қорғап шыға келген жанкүйерлері – осыған дәлел. Оның басты бағы және соры – шығарманы байқау жүлдесі үшін емес, оқырман үшін жазатындығында, жанын жеген мәселені қозғайтындығында… Әйтпесе, Аягүл «Рух оянғанда» деген тақырып қойып, алыс ауылдағы бір қазыналы кейіпкерді алып, оны патриот қылып сипаттап және оны әбден қинап, соңында аузына «ұлттық құндылық» деген бір тамшы суды тамыза және сол әңгімені тым көркем тілмен өрнектеп, бояп, сылап-сипап шыға алады. Оған шамасы бек жетеді. Егер Аягүл осылай жазғанда жүлдеге ілігіп кетер ме еді? Бірақ, өкінішке қарай (бәлкім, орай) ол бұлай істемеді.

Автор «Соқыр санада» қоғам жетістігіне емес, көлеңкелі тұстарына көбірек үңіледі. Қайыр сұраған бейшара кембағал жандар, ішінде тарақаны өрген қуықтай тамды жалдап тұрған үш қыз (бәрі бір-бір тағдыр иесі), ата-анасы ажырасып балалық шағы болмаған бойжеткен, өмір бойы бала сүй алмайтын бедеу әйел, Аягүлше айтсақ, тәні сау, жаны мүгедек жандар… Диалогтары да сондай. «Ұлт» деп кеуде ұру жоқ. Не ойлайды, соны айтады… Ойланыңызшы, бұл әңгіме қалайша жүлде алады? Мұнда ешқандай қоғам жетістігі жоқ? Ешқандай фильтр жоқ. Автор өмірді қалай көреді, солай жазған. Әңгімеге қызғылт көзілдірік тақпаған. Қысқасы, Аягүл «жүлде аламын» өз стилінен ауытқымаған. Әңгімеден оның шынайы болмысы аңғарылып тұрады. Оқырмандары Аягүлді осы шынайылығы үшін құрметтесе керек. Әрине, тілі жұтаң, ол жағын өзі де білетін шығар. Тағы жазу машығына қатысты біраз кемшін тұстары бар. Ал, идея тұрғысында ол аса ауыр «қателікке» жол берді – әңгімесіне рухани қаңғырып кеткен қоғамды арқау етті. Баяғы өтіп кеткен, тұла-бойынан ұлттық иіс аңқып тұратын қоғамды емес, күнделікті өзі көріп жүрген жалаңаш қоғамды жазғандығы өзіне қарсы соққы болып тұр…

Осы жерде айта кетелік, әр жазушының өз стилі бар. Мысалы, «Алтын тобылғыда» Проза аталымы бойынша бас жүлде алған Бейбіт Сарыбайда соншалықты кестелі тіл жоқ. Егер тілдік қорыңызды байытқыңыз келсе, оған жоламай-ақ қойыңыз. Бірақ, Бейбітте ешкім қайталай алмас стиль бар. Ойнақы тіліне сүйсінесіз. Жалықпай оқып шығасыз. Бейбіт – оқырман психологиясын тамаша меңгерген. Оқырманға не өтеді, не өтпейді, сезеді. Сосын, түйсігіне арқа сүйеп жазады. Нәтижесінде, парақшасындағы ну оқырмандарының ыстық ықыласына көміліп қалады. Қысқаша айтсақ, Бейбіт – оқырмандар тарапынан өз бағасын алған жазушы. Міне, енді Тұңғыш Президент – Елбасы қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғыда» жүлде алып, шын талант иесі екенін дәлелдеп шықты.

P.S. Әрине, байқауда кемшін болған тұстар бар шығар. Кей аталымдағы орындар дұрыс қойылмаған болар. Әрбір талант иесі – өзі жазған дүниені шедевр көріп, туған баласындай қарайды ғой. Бірақ, сәйгүлік көп, орын саны шектеулі. Ең қиыны – интеллектуалды еңбекті бағалау. Сондықтан да, мұнда мына шығарма мықты, мынау әлсіз деп айта алмайсыз.  Бірінен-бірі өтеді. Осыған орай, қазылар шешіміне түсіністікпен қарау керек секілді. 

Біздіңше, Бауыржан Қарағызұлы ерлік жасады. Мейлі, ол жайлы алуан сөздер айтыла берсін… Бірақ ол мұндай ауымды байқауды ұйымдастыруға зор еңбек сіңірді яки басы-қасында жүрді. Қаламгерлерге берілетін сыйақы көлемін айтыскерлердікімен теңестірді. Жеңімпаздарға кітаптарын шығарып береді және қаламақысын төлейді. Қаламақы! Осы бір ұмытылып бара жатқан сөзді «тірілтті». Және ең қуаныштысы «Рух» жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын болды. Осы арқылы қазақ әдебиеті аяқтан тұрады және ақын-жазушылар бұрынғыдай «бейшара» болмайды. Мойындау керек, қазір адам деңгейі оның талантымен емес, материалдық жағдайымен өлшенетін болды ғой.

…Қазақ әдебиеті аяғынан тұрды.

Абылай ЕСІМБАЙ,

журналист

 
Көрілді: 498
Жаңартылған: 22.12.2017 | 12:14
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет