Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

""ЭКСПО-2017" көрмесіне Оңтүстіктен құнды жәдігерлер жеткізіледі

10.08.2017 | 11:30

    Елбасы Н.Назарбаев жыл басында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында  өте маңызды әлемдік деңгейдегі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткізетінін атап өткен болатын. «Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтіп жатыр.  Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам  спортшы мен делегация мүшелері қатысуда. Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді», -деді Мемлекет басшысы Жолдауда.      Сондай-ақ, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру қажеттігін, мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал екенін атап көрсетті.

  Оңтүстік Қазақстан облысындағы мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына жаңа бір қырынан таныстырудың реті келіп отыр. Оған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өз септігін тигізбек.

    Халықаралық мамандандырылған көрме аясында Оңтүстік  Қазақстан облысының Астана қаласындағы мәдениет күндері ағымдағы жылдың 29 тамыз және 3 қыркүйек аралығында өткелі отыр.  Шежірелі де бай оңтүстік өлкесінің табиғаты мен тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді жинақтап, сақтап, зерттеп, Егемен еліміздің жетістіктерін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда Оңтүстіктің рөлі өте маңызды.  Осыған орай Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов БАҚ өкілдерін дайындық жұмыстарымен таныстырды. Оның сөзінше, халықаралық көрмеге ерекше болмысымен қазақ спортының дарабозы атанған Қажымұқан Мұғайтпасовтың өміріне, палуандығы мен патриоттығына куә болар фото суреттер мен тарихи қысқа метражды фильмдер, өзі пайдаланып тұтынған тұрмыстық заттар мен киген киімдер жеткізіледі. Сондай-ақ әлемдік сайыстардан ұтып алған 48 алтын-күміс орден-медальдары және спорттық бұйымдарды, 74 жасында Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойына киіп барған көйлегі мен шалбары, жаттығу кезінде пайдаланған гір тастары халықаралық көрме жұртшылығы назарына ұсынылмақ.

         Елорда төріндегі айтулы шараға күнгейден тарихи құндылығы мен ерекше мәдени келбетін дәріптейтін жәдігерлер орналастырылады.  ОҚО тарихи-өлкетану мұражайы  «Табиғат, палеонтология, археология», «Этнография», «Қазақ хандығы және жаңа заман», «Тәуелсіз Қазақстан», «Ассамблея» деп аталатын бес экспозиция залдарынан тұрады. Аталған эспозиция залдары ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынылады.  Табиғат, палеонтология, археология залында оңтүстік өңірінің табиғат ерекшеліктері, өсімдіктер әлемі, Кентау, Мырғалымсай, Ащысай кендерінен алынған пайдалы қазбалар, минералды тастар, оңтүстік жерінде тіршіліктің пайда болуы, Қазығұрт, Қарату тауларынан және Қосқорған кешенінен табылған палеонтологиялық жәдігерлер көрсетіліп отыр.Этнография залында оңтүстік өңірде өмір сүрген халқымыздың тұрмысы, өнері, діни нанымдары тұрмыста пайдаланған құрал-жабдықтары, қолөнері көрсетілген. Оның ішінде мал, егін шаруашылығында, аңшылықта пайдаланылатын құрал-жабдықтар, зергерлік әшекей заттар, қазақтың негізгі баспанасы болған киіз үй қойылып отыр. Қазақ хандығы залында 15 ғасырда Қазақ хандығының пайда болуы, нығаюы, әкімшілік саяси, мәдени өркендеуінен ақпарат беретін 15-18ғасырларға жататын жәдігерлер: көне кітаптар, қыш құмыралар, қару-жарақтың түрлері көрсетіліп отыр. ОҚО-ның экономикалық, мәдени, саяси жағдайын көрсететін жәдігерлер қойылған. Тәуелсіз Қазақстан залында 1991 Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланған Декларациядан бастап, ҚР Мемлекеттік рәміздері, Ұлттық валютасының шығарылуы, Қорғаныс күштері туралы мәліметтер беріледі. Соның ішінде ОҚО экономика, ауыл-шаруашылық, өндіріс, мәдениет, спорт салаларында жеткен жетістіктерімізді ұсынатын жәдігерлер қойылған. Ассамблея экспозиция залында өңірімізде өмір сүріп жатқан һзге ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы толыққанды мәлімет көрсетіледі.  Бұдан бөлек, жүз мыңнан аса құнды жәдігері бар

   Оңтүстік музейлері қазынасында өзіндік орын мен тарихы өзгеше дүние саналатын Кенесары Қасымұлының қылышы да Астана төрінен табылады. Бұл темір қылыштың сабы сүйектен және қынабы былғарыдан жасалған. Оның ұзындығы 70-сантиметр, сабы 15-сантиметр, жүзінің ені 3-4 сантиметірді құрайды. Шымкент шаһарындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылған Кенесары Қасымұлының құнды жәдігері де көрме көркін аша түседі деп күтілуде. Айта кетейік, қылышты мұражайға 1931 жылдың 8 маусымында Хан Кененің немересі Әзімхан Ахметұлы Кенесарин өз қолымен әкеліп тапсырған болатын.

    Дайындық жұмыстарымен танысу шарасы «САҚ» киностудиясында жалғасын тапты. Облыстық Оңтүстікфильм мекемесі аталған кино орталықпен бірлесе түсірген «Ерлік» көркем фильмі мен «Қазақ елі», «Толағай» анимациялық фильмдерін және «Майдангерлер», «Жастық шақ», «Өтелмес борыш» қысқаметражды фильмдері де Астнада көрермен назарына ұсынылады.

  «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Облысымыздың әкімі Жансейіт Қансейітұлы «САҚ» киностудиясына өзінің идеясын ұсынып, төрт фильмге тапсырыс берді. Бірінші, «Көне жетігеннің сыры» деп аталатын 13 сериядан тұратын фильм. Екінші, Қажымұқан атамызға арналған анимациялық фильм. Үшінші «Отырар» өлкесі туралы сыр шертеді. Төртінші, «Қазығұрттағы кеме қалған» туралы фильм көрерменге жақында жол тартады.»  дейді «САҚ» киностудиясының директоры Нуриддин Патеев.

  Сондай-ақ «Томирис» атты тарихи-театрландырылған қойылымға Оңтүстік цирк мекемесі де дайындық үстінде.  Сақтар заманындағы Тұмар(Томирис) ханшайымы мен Кир патшасының арасындағы байланыс, қақтығыс, қақтығыстың шешілуі жаңа  нөмірлер арқылы жол табады.

   Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормания ұжымының да даярлығы қарқынды. Сүгір атындағы қазақ  ұлт- аспаптар оркестрі «Оңтүстіктің 100 күйі» атты облыстан шыққан күйші, композиторлардың туындыларынан концерттік бағдарламасын беруге сақадай-сай. Сонымен қатар, қазақ вальсінің королі, ұлы композитор Ш.Қалдаяқов пен С.Бәйтерековтің әндерінен концерттік кеш ұйымдастырылуда. «ЭСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астанадағы Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндерінде 40-тан аса концерттік бағдарламалар мен түрлі іс-шаралар көрермендерін тәнті етеді. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры, облыстық опера және балет театры сынды мәдениет және өнер мекемелері айтулы күндерде жаңа нөмірлерін тарту етсе, от ауыз, орақ тілді ақындар айтысы да сөз сайысымен сусындатады.

   «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Оңтүстік өңірден 100 астам іс-шара өтіледі деп жоспарлануда. Ш.Қалдаяқов филормонияның атынан «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері өнер көрсетіледі деп жоспарлануда»  деп хабарлайды Облыстық филормонияның директоры Нұрсәт Бейсеқожаев.

   «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жсалынған жұмыстар да облыстың «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде көрініс табады. Атап айтқанда, «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткен халықаралық фотосуретшілер кездесуінде Оңтүстіктің киелі жерлеріне қатысты түсірілген фототуындылардан да арнайы көрме ұйымдастырылып, өңірдің тарихи, киелі жерлерінен де мағлұматтар беріледі деп жоспарланып отыр.

"Рейтинг" газеті

 

 
Көрілді: 382
Жаңартылған: 10.08.2017 | 11:38
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет