Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Есен Елеукен, Қазақстан КВН одағының президенті: КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ «ЖАЙДАРМАНДА» ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС БОЛАДЫ

26.11.2015 | 12:36

Есен Елеукен, Қазақстан КВН одағының президенті:

КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ «ЖАЙДАРМАНДА» ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС БОЛАДЫ

«Жайдарман» ойындары осы күні қазақ көрермені үшін тұрақты көрініске айналды. Дегенмен қазақ тіліндегі КВН ойындарының өткізілуі, дамуы, лигасының қалыптасуы еш оңай болған жоқ. Осы жоба үшін барын салған азаматтар қазір еңбектерінің жемінісін молынан көріп жүр. Әдемі жүйеге негізделген әзілқойлар мен тапқырлар ойынына қатысушылар қазақ әзілінің жаңа табиғатын аша алған сыңайлы. «Жайдарманның» басшысы Есен Елеукенмен сұхбатымыз ойын төңірегінде өрбіді.

Рейтинг: Есен мырза, сіз қолға алғанға дейін де қазақ КВН-ының өз лигасы болды. Алматай Көздібаева құрған КВН лигасынан сіз бөлініп шықтыңыз ба, әлде бәрін жоқтан бар жасадыңыз ба?

Есен Елеукен: Мен бәрін басынан жасадым, қатырдым деуім өте ағаттық болар еді. Себебі, қазіргі ісіміздің бастауында сол Алматай Көздібаева апайымыз тұр. Сол кісінің салып кеткен жолын дамытып, әрмен қарай тұрақты түрде көрсететін телевизиялық лигалары бар, бірнеше сатыдан тұратын, еліміздегі барлық өлкені қамтитын үлкен ойын жүйесін құрдық. Қазіргі кезде облыстық филиалдармен бірге, бірқатар аудан орталықтарының өзінде филиалдар ашылды. Осындай дүниелерді жасай отырып, заман ағымымен барып, «Жайдарман» деген атау беріліп, қазақы дүниеге бетбұрыс жасалды.

Рейтинг: Алғашқы кезде қазақ КВН-ының көрерменге ресейлік ойынның көшірмесіндей көрінгені рас. Тыңнан жол таптық дей аласыз ба, әлде «трафареттен» бой тартуға біраз уақыт жұмсадыңыздар ма?

Есен Елеукен: Айтып өткендей, қазақылыққа, қазақы қалжыңға бет бұрдық. Жалпы көшірме деген дұрыс болмас. Дәл қазір қай бағдарламаны алып қарасаңыз да, белгілі бір елге тиесілі болып, басқалары соның ізімен өзінше жұмыс істейді. Яғни, идея ресейлік болғанмен, соны әрмен қарай дамытып, өзіміздің менталитетке, өзіміздің көзқарасымызға, болмысымызға қарай бұруға тырыстық. Әлі де сол жолдамыз. «Жайдарман» өз жолын тауып келеді. Әйтсе де өз бағытын табу үшін үлкен күш жұмсалды. Біраз уақыт кетті. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алғашқы бес жылда қиындық аз болмады. Содан кейін ғана қазіргі ойынның сұлбасын жасадық. Енді сан бар, сапаға жұмыс істеудеміз.

Рейтинг: Қазір қазақ КВН-ының лигасы аяғынан тік тұрды. Іріктеу қалай жүреді? Лигадағы командалар ойын нәтижесіне орай чемпиондықтан бастап, төменгі лигаға дейін түсіп қалатын бірыңғай жүйе бар ма?

Есен Елеукен: Іріктеу сайыстары алдымен аудандық-қалалық, сонан соң облыстық деңгейлерде өтеді. Ал республикалық деңгейге өту үшін облыстық филиал басшыларының рұқсатымен қаңтар айының соңында немесе ақпанның басында өтетін республикалық «Маусымашар» фестиваліне қатысады. Сол жерде республикалық статусы бар лигаларға және телевизиялық лигаларға жолдама алады. Атап айтқанда: 1. Аудандық-қалалық лига. 2. Облыстық лига. 3. Облыстық ашық лига. 4. Орталық лига. 5. Бірінші лига. 6. Премьер лига. 7. Жоғары лига. Жүйе бұрынғыдай емес. Он бес жыл бұрын құрыла салып, телевизиялық жобаға шығу оңайырақ болатын. Ал қазір басқаша. Кемі екі-үш жыл керек. Әрине, орталық лигадан – премьер лигаға, бірінші лигадан жоғары лигаға түсетіні кездеседі. Әйтсе де, дәл қазір жоғары лигада ойнап жүрген командалардың кемі бес жылдық тарихы бар. Әрқайсысы төменгі лигалардың дәмін татқан. Сол жүйемен жүріп келеді.

Рейтинг: Білуімізше, «Жайдарманға» қатысушыларға талапты күшейтіпсіздер. Мысалы, сахна этикасын сақтауға зор мән беріледі, белгілі бір аймаққа тән кемшіліктерді тізбелеуге, сол арқылы ұпай жинауға шек қойылады, қатысушылардың балағат сөзге , сондай-ақ, ішімдік пен шылымға үйір болмауы, анайы әзіл айтпауы да қадағаланады екен. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер? Қандай талап қойдыңыздар? Талап үдесінен шықпаған ұжымдарға шара қолданасыздар ма?

Есен Елеукен: Мұндай талаптар кез келген ұйымда болуы керек деген ойдамын. Этиканы сақтауда, жаңағыдай өзіңіз айтқан кемшіліктерді өткізіп алмас үшін, алдымен редакторлық жұмыстар жүргізіледі. Командалар ойын болардан бір апта бұрын келеді, дайындықтарын пысықтап, тексеріп аламыз. Олардың әзілдерінде аталған кемшіліктер болса, бірден алынып тасталынып отырады. Егер ол команда редакторлық жұмыстан өтпей қалған әзілді ойын барысында қолданар болса, ұпай саны шегеріледі. Жалпы, «Жайдарманның» мақсаты – тек көрермендерді күлдіру ғана емес, жастардың арасында мәдениет қалыптастыру, көпшілікпен араласуына, көпшілік алдында сөйлеуге дағдыландыру. Яғни, тұлғалық қабілетін дамыту. Сондықтан кемшіліктерге көз жұма қарамаймыз. Әлбетте, сайыс барысында түрлі қателіктер кетуі мүмкін. Бірақ олқылықтарды жоюға тырысып келеміз. Ең қатаң шарамыз команданы чемпионатқа қатыстырмай, алып тастауға дейін барады. Сондай-ақ, «Жайдарманда» тілді шұбарламау мәселесі де қатты ескеріледі. Ойын кезінде өзге тілдің сөздері араласып кетсе, командалардың ұпайы кемітіледі.

maxresdefaultРейтинг: Қалай ойлайсыз, «Жайдарман» қазақ әзілін тым жеңілдетіп жіберген жоқ па? Кей әзіл-сықақ театрлары КВН ауқымындағы шағын интермедиялардан аса алмай қалады. Оның үстіне, сол театрларда сіздердің лиганың түлектері де актер болып ойнап жүр...

Есен Елеукен: Жалпы барлық мәселені бір ғана «Жайдарманға» теліп қою өте үлкен қателік. Қазақ әзілін жеңілдетіп жіберетіндей, барлығы тек «Жайдарман» қарап отырған жоқ қой. Әзіл-сықақ театрлары әлгіндей әрекеттерге барса, ол үшін біздің кінәміз не? Оларға сценарийді біз жазып бермейміз. Оның үстіне, «Жайдарман» мен әзіл-сықақ театрларын салыстыру да дұрыс емес. Олар кәдімгідей қалыптасқан, кәсіби әртістермен қамтылған, ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп келген ұжым. Ал бізде сайыс қана. «Жайдарманшылар», әрі кетсе, бес-алты жыл ғана ойнап, кейін өмірдің ағысымен сан-салаға кетіп қалады. Келесі толқынды басынан бастап кері үйретуге тура келеді. Бәрі әуесқой жастар. Сондықтан қазақ әзілінің проблемасына «Жайдарманды» кінәлі етіп шығару жала деуге толықтай негіз бар.

Рейтинг: «Жайдарманды» орталық телеарнаға шығару ісіне де үлкен еңбек сіңірдіңіз. Көрермен пікірі қандай? «Қазақстан» арнасының эфирі көрсету арқылы «Жайдарманның» деңгейі өсті дей аласыз ба?

Есен Елеукен: Әрине, қанша адам болса, сонша пікір бар. Көрермендердің де пікірі біркелкі деп айта алмаспыз. Асыра мақтау да, қаралап жамандау да аз емес. Десе де, ілгерілеушіліктің бар екенін көпшілік мойындайды. Айталық, «Жайдарман» өте төмен деңгейде болса, сіз екеуміздің сұхбатымыз да болмас еді ғой. Бұл, әрине, қалжың. Десе де әр әзілдің артында бір шындық болады ғой. Ал эфирге келер болсақ, әлбетте, «Жайдарманның» деңгейіне әсер етеді. Ұлттық арна – қазақ телевизиясының локомотиві екені талас тудырмаса керек. Бүкіл елімізді қамтып отыр. Сондықтан бұл арнадан ойынды көрсету барлық көрермендерімізге өз еңбегімізді емін-еркін жеткізуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, аудиториямыз да кеңейе түсуде. Бұл «Жайдарманның» деңгейінің көтерілуіне бірден-бір дәлел.

Рейтинг: Әзілге бай, өмірге юмормен қарай алатын халықпыз дейміз. «Жайдарман» осы заңдылықты дәлелдей алды ма?

Есен Елеукен: Егер «Жайдарманды» үнемі қарап жүрсеңіз, өмірдегі түрлі мәселелерге, кедергілерге байланысты айтылған небір фразаларды естір едіңіз. Небары 25 жастағы «жайдарманшылардың» өмірдегі түрлі түйткілдерді бір-ақ ауыз астарлы қалжыңмен түйреп тастайтыны сіздің сұрағыңызға жауап болар. Әрине, «Жайдарман» бәрін дәлелдейді дей алмаймын, бірақ нақты мысал бола алады.

Рейтинг: Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Есен Елеукен: Жоспар өте көп. Жаңа айтып өткендей, «Жайдарман» даму үстінде, жыл сайын өзгерістер енгізіледі. Эксперименттер жасаудан қорықпаймыз. Айтпақшы, келесі жылы «Жайдарманда» үлкен өзгеріс болғалы тұр. Оны алдын ала айтпай-ақ қояйын, құпия боп қала берсін. Уақытында біле жатарсыздар!

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ,

"Рейтинг" газеті, №46, 26 қараша 2015 жыл

 
Көрілді: 2542
Жаңартылған: 26.11.2015 | 12:42
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет, Мәдениеттегі басты жаңалықтар